Әлихан әлемі 2. «Жер, жер және жер»

Әлихан әлеміне үңілген сайын, санамның саңылауы ұлғайып, маңдайымнан үшінші жанар пайда болғандай әсерге бөлене түстім. Бұрында оқығанбыз. Яки қабылдай алмадық, яки байыбына бойламадық. Әйтеуір, мен үшін Әлекең әлемінің тылсымына тіл бітіп, құпиясының құлпы ашыла түсуде…

Апыр-ай, ғасырларға жүк болып, асылдарға арман болған Азаттық идеясын бар болғаны бес ұстанымға сыйғызған неткен құдірет?! Әлихан БӨКЕЙХАННЫҢ бес ұстанымы жайында белгілі алаштанушы Тұрсын ЖҰРТБАЙДЫҢ еңбектерінен оқығанымыз болғанымен, Алаш көгіндегі күнге айналған ұлы тұлғаның емеурінін толық тоқымаған екенмін. Бәлкім, көңіл қоймай, жай ғана көз жүгірттім бе?

Сонау ХХ ғасырдың басында Алаш көсемдері үшін өткір болған мәселе әлі күнге өзектілігін жоймаған екен. Баламалы түрде байыптауға болатын параллелизм формасындағы себептері болған соң ба, осы жолы Әлекеңнің бес ұстанымына сергек үңілдім. Мәселен, бүгінгі қоғамның «бас ауруына» айналған жер мәселесі – Әлекең ұстанымының біріншісі һәм бастысы. Өйткені, жер – Тәуелсіздіктің басты нышаны!

Әлқисса… Бүгінгі әңгіме Әлекеңнің бірінші ұстанымы төңірегінде өрбімек.

«Жер, жер және жер». Ұлт көсемінің бірінші ұстанымы осылай әдіптеледі. «Жерсіз Отан жоқ», – дейді Әлекең. Яғни, шекарасы шегенделмеген, жерінің әр аршыны ұрпақ игілігіне жарамаған мемлекеттің Тәуелсіздігі – күмәнді.

 

Жер дауы, жесір дауы – қазақпен бірге жасап, тұрмысына тұрақтанып алған әлеуметтік мәселе. Әсіресе, жер дауы. Бұрын рулық деңгейде еді. Қазір мемлекеттік деңгейге көтеріліп алған. Дауға түскен жер де, саудаға іліккен жер де өздігінен үлкейіп, өздігінен кеңімейді. Сол бір сүйем жер үшін қан да төгілген, жан да қиылған. Сондықтан да, кез келген мемлекет үшін қоғамдық мәселе ретінде алып қарайтын жердің бөлшектенуі емес, тұтастығы – маңызды.

Алаш көсемдерінің де көксегені – осы. Әйтпесе, Әлихан Бөкейхан өзінің 1916 жылы «Қазақ» газетінің №180 санында жарияланған «Астрахан қазағының жері» атты мақаласында «Жүзден астам жыл бұл жерге қазақтың кірі, қызметі сіңген. Бұл жерде Астрахан қазақтары 114 жыл кір жуып, кіндік кескен. Ол алынатын жерде неше мың салулы үй, қорақопсысы бар. Жұрт қадірлеген бейіт бар. Қанша мың адам шаруасын істеп күн көрген, пішендік, егінжай, мал өрісі осы жерде.

Жұртты сыртынан малша бағып дағдыланған үкімет оюды өзі пішіп, өзі ойып отыр. Ол дағдысына тартқанмен, біз осы күні, Құдайға шүкір, құрдастың хұқығы бар мемлекет ішінде, әділ ақ патшаның қоластындамыз. Бұл Думада 315 депутат күрмеліп-байланып бөлек болып, жұртты жарық жолға шығарамыз деп отыр», – деп толғанбас еді. Әлекеңнің біз мысалға келтіріп отырған осы бір оймақтай пікірінде үміт те, күдік те бар. Ақ патшаның «асына көпшік қойып» отырғанын да аңғарасыз. Бұл жағымпаздық емес, қазақ жері үшін амалдың жоқтығынан барып отырған айласы еді. Мен солай қабылдадым. Ұлтының азаттығы үшін, елінің еркіндігі үшін жанын пида еткен ұлы тұлғаның мұндай ұсақтыққа барып, ақ патшаның алдында дәрменсіздік танытуы мүмкін емес. Өйткені, «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға игермейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмесін!», – дегенді айтқан да осы Әлекең еді ғой.

Ең маңыздысы сол, біздің бүгінгі биліктің де принципі Әлекеңнің дәл осы ұстанымымен сабақтасып жатыр. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны әр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет», – дегені естеріңізде болар. Ендеше, жалған ақпарат, жалаң ұранның жетегіне ермей, бабаның қанымен, Алаш арыстарының арымен қорғалған жерімізді ұрпақ игілігіне жарату қамын жасағанымыз абзал. Ол үшін не істеу керек? Ол үшін жер қадірін жете ұғыну ғана қажет.

Әлекеңнің сонау ХХ ғасырдың аласапыран сәттеріндегі күдігі бүгінгі күні де күн тәртібінен ығыспай тұр. Ол қандай күдік еді? Айтайын. Айтайын емес, Қыр Баласының өз сөзімен түйсіктейін. «Біздің қазақ жақсы жерін алты бөліп, 4-іне егін салып, 2-інде пішен шауып, мал бақса, осыны көтерер. Жылда басқа-көзге төпелеп, жаңа келген хохолша жыртса жылдан жылға астықтың шығымы кем болып, жер иесі қазақ, жерін тоздырып, қаңғып қалар», – деді Әлихан. Біздің де күніміз осы Әлекең күдігінің қазығына маталғалы тұр. Мысал керек пе? Дәлелдеп берейін.

Қазақстанда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің көлемі – 220 млн. гектар. Оның 187 млн. гектары – жайылым. Қазіргі статистика осынша көлемдегі жайылымның тек 80 млн. гектары ғана (жалпы жайылым көлемінің 43%-ы ғана) игерілгенін растайды. Ол аз десеңіз, ауыл маңындағы құнарлы жер 15-20 шақырымға дейін шегінген. Яғни, елдімекендер іргесіндегі 15-20 шақырым қашықтықтағы жерлер қу тақырға айналған. Осынша жерді қоса есептегенде, 27 млн. гектар жер деградацияға ұшыраған екен.

Егістік алқаптары да жетісіп тұрған жоқ. Үмітіңді ұрлап, үрейіңді ұшыратын статистикаға кез боласыз. Ел аумағындағы 24,4 млн. гектар (2012 жылғы мәлімет) егістік алқабының тыңайтылған көлемі 2 млн. гектарды ғана құрайды. Бұл дегеніңіз – жалпы егістік алқабының 8%-ы ғана. Міне, Әлекең күдігінің ақиқатқа айналған көрінісі…

Мұның сыртында өндірістік аумақтардың айналасында қу тақырға айналған жер қаншама…

Осы орайда, Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық Сенім кеңесінің отырысында сөйлеген сөзіндегі жер мәселесіне қатысты қатаң талабы мен жергілікті атқарушы билік һәм Бас прокуратураға берген тапсырмасына үміт артып отырмыз. «Жерді игере алатын адам ғана оның иесі болуға лайық. Тиімсіз пайдаланылып жатқан жерді іс жүзінде анықтау қиын. Сондықтан, жер пайдалану құқығы сияқты нәзік мәселеде біз асығыс шешім қабылдай алмадық. Сонымен бірге, мемлекеттік бақылау саласында ауыл шаруашылық мақсатындағы жердің қолданылуын жаңа технологиялар негізінде бақылаудың тәсілдерін енгізу қажет», – деген болатын Қасым-Жомарт Кемелұлы. Иә, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану мәселесін ғарыштан мониторингілеу арқылы жүзеге асырмайынша, бұл түйткілдің түйіні тарқамайды.

Бүгінгідей озық технологияның өзі тұрмақ, елесі жоқ кезде қазақ жерінің әр сүйемін ұлт кәдесіне жаратамыз деген ұстанымнан айнымаған Алаш көсемі Әлиханның арманы да осы еді ғой. Ендеше, бізге технологияның мүмкіндігінен бұрын Әлихандардың жүрегіне жөргектелген адал ниет пен шынайы пейіл керек! Сонда ғана көш түзеліп, керуен жолдан жаңылмас.

Бір ғана мысал… Ауыл шаруашылығы саласының бір алыбы өз иелігіндегі 20 мың гектар алқаптың 50%-ын толық игеріп отырса да, ресми есепке 1000 гектарды ғана көрсетіп, содан түскен өнімге ғана салық төлеп отыр. Салықтан жалтарған әлгі латифундист халықтың игілігін кемітіп отырғанын біле ме? Жоқ, әрине. Ал, Алаш қайраткерлері ұлт мүддесін бірінші кезекке шығарып, Петербордағы патша сарайында шаруа игеріп, егіншілікті енді меңгере бастаған дала қазағына ақырып теңдік сұрады. Әлекең бастап, Алаш қайраткерлері Омар Алмасұлы мен Міржақып Дулатов қол қойған «7-ші тамыз кеңесінің қаулысы» атты тарихи құжат осы сөзімізге дәлел болса керек-ті. Ол құжаттағы «Кеңшілік һәм льгота керектігіне қазақ өкілдерінің көрсеткен дәлелдері мынадай: соғыс керегіне һәм жалпы мемлекет халқына мал, ет, астық жеткізіп тұрған қазақ жұртының шаруасы күйзелмеуін өте ескеру керек», – деген талаптың астарында ұшан-теңіз ұлттық мүдде жатқан жоқ па?!

…Әлекеңнің жер мәселесін ұлтқа қызмет етудегі бірінші ұстанымы етіп алуының сыры тым тереңде жатыр. Бұл мәселеге қатысты алаштанудың жаңа парақтары да ашыла жатар. Өйткені, әңгімеміздің әлқиссасына айдарланған Президентіміз ҚасымЖомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласындағы Алаш қайраткерлеріне қатысты парасатты пайымы дәл сол жаңа парақтарды ашады деген үміттеміз. Алаш идеясынан тамырланған Тәуелсіздік тұғыры қасиетті жер киесімен асқақ екенін біздің қоғам түйсінді. Жер мәселесіне қатысты жарияланған мораторийдің астарында тарихи сабыр бар. Қайта айналып күн тәртібіне көтерілер «Жер Кодексінің» әр бабы ұлтқа қызмет ететін болса… Олай болмасқа лаж да жоқ. Өйткені, жер – бабалар аманаты, Әлекең бастаған ұлт зиялыларының арманы.

Ерсін МҰСАБЕК