ҚарқаралыАймақБас тақырып

«BaiQymyz-2026» аймақаралық гастрофестиваліне 30 мыңнан астам адам келуі мүмкін

Қастерлі Қарқаралының баурайында ұлттық дәм мен ұлы дәстүрді ұлықтайтын айрықша думанға дайындық қызу. Ертең Қарқаралыда алғаш рет «Байқымыз» аймақаралық гастрофестивалі өтеді. Ата кәсіпті арқау етіп, қазақтың қасиетті ырысы, саумалдың шипасы, ауыл тіршілігінің берекесі деп білетін жұрт үшін бұл фестивальдің жосығы бөлек.

Суреттерді түсірген Нұрасыл Аманжол

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Саят Мусиннің сөзінше, Қарқаралы ауданының экономикалық әлеуетінде ауыл шаруашылығының үлесі басым. Аудан экономикасының шамамен 80 пайызы осы салаға тиесілі. Бүгінде өңірде 900-ге жуық шаруа қожалығы жұмыс істесе, соның тең жартысына жуығы бие сүтін өндіріп, қымыз дайындаумен айналысады.

Алғаш рет ұйымдастырылып отырған фестивальге 40-қа жуық өнім өндіруші қатысады. Олардың қатарында Қарағанды облысынан бөлек, Ұлытау, Павлодар өңірлерінен келген қымыз өндірушілер де бар. Байқау барысында қазылар алқасы қымыздың дәмін, құнарын, табиғилығын, дайындалу ерекшелігін саралап, үздіктерді анықтайды.

Фестиваль тек гастрономиялық байқаумен шектелмейді. Бұл – Қарқаралының туристік әлеуетін танытатын, ауыл шаруашылығы мен туризмді өзара ұштастыратын маңызды алаң. Шараға келетін қонақтардың арасында ірі инвесторлардың болуы да өңір үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Себебі, Қарқаралы табиғаты, ұлттық тағамы, этномәдени мазмұны және жол бойындағы сервистік әлеуеті арқылы ішкі туризмнің іргелі орталығына айналуға толық негіз бар.

– Былтыр облыс әкімдігінің қолдауымен «Қарағанды – Қарқаралы» бағытындағы күрежол орташа жөндеуден өтіп, ауданға келушілердің қатары көбейе түсті. Былтырдың өзінде Қарқаралыға 20 мыңнан астам турист келген. Ал биылғы маусымда, соның ішінде «Байқымыз» фестивалі аясында туристер легі арта түседі деп жоспарланып отыр. Алдын ала болжам бойынша, жазғы маусымда Қарқаралыға 30 мыңнан астам адам келуі мүмкін, – деді Саят Қабиденұлы.

Бүгінде ауданда 40-қа жуық демалыс аймағы бар. Олар бір мезгілде 5 мыңға жуық адамды қабылдауға қауқарлы. Соған қарамастан, рекреациялық аймақтарды жаңарту, туристік инфрақұрылымды кеңейту жұмыстары жалғасуда. Әсіресе, аумағы 75 гектарды құрайтын Бұғылы рекреациялық аймағының болашағы зор. Ұлттық табиғи парк аумағында ішкі туризмді дамыту мақсатында конкурстар өткізіліп, жаңа жобаларға жол ашылмақ. Алдағы уақытта үш жұлдыздан кем емес қонақүйлер салу да жоспарда бар.

Фестиваль өтетін аумақта ұлттық нақыш айрықша сезіледі. Қатысушыларға арналып бірнеше қос пен шатыр тігілген. Қадірменді қонақтар үшін 8 және 16 қанатты киіз үйлер құрылып, алаң этноауыл кейпіне енген. Алтыбақан орнатылып, жиналмалы сахна жасақталған. Барлық безендіру жұмыстары салт-дәстүрге сай, табиғи өнімдермен, ұлттық өрнекпен үйлестірілген. Сонымен қатар, іс-шара барысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының маңызы да кеңінен насихатталуда.

Ұлттық рухты асқақтататын шаралар бүгіннен бастау алды. Фестиваль қарсаңында көкпар, асық ату, жамбы ату сынды ұлттық ойындар ұйымдастырылып, қонақтарға дала мәдениетінің думанды көрінісі ұсынылуда.

Фестивальдің өтуіне «Qarqaraly go» этнолагерінің де үлесі зор. Оның басшылары – кәсіпкерлер Бақтияр Құсайынов пен Ермек Төлеубаев – ұлттық құндылықтарды заманауи форматта дәріптеуді мақсат еткен азаматтар. Екі дос бірлесіп ашқан этнолагерь негізінен балаларға арналған. Биыл аудан әкімдігі тарапынан осындай фестиваль өткізу туралы ұсыныс түскенде, олар бұл бастаманы қуана қолдаған.

– Көптен бері ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын, балаларға дәстүрді табиғи ортада танытатын орталық ашу ойымызда жүрген еді. Сәті түсіп, осындай игі жобаға атсалысып жатырмыз. Алдағы уақытта, 19 маусымнан бастап лагерь өз жұмысын толық бастайды. Мұнда 9 бен 14 жас аралығындағы жасөспірімдер қабылданады. Бір маусымда 30-дан 100-ге дейін баланы қамтуға мүмкіндік бар. Біздің мақсатымыз – балаларға жай демалыс ұсыну ғана емес, олардың бойына ұлттық тәрбие, табиғатқа құрмет, салт-дәстүрге сүйіспеншілік қалыптастыру, – деді этнолагерь басшысы Ермек Төлеубаев.

Тау баурайында орналасқан этнолагерьдің табиғи көрінісі де фестивальдің мазмұнын аша түседі. Қарқаралының қарағайлы белі, самал желі, саф ауасы мен сары қымызы бір арнада тоғысып, ұлттық дәм мерекесіне ерекше реңк беріп тұр.

Қасиетті Қарқаралы төрінде қымыздың қадірі артып, ауыл еңбегі дәріптеліп, ұлттық рух жаңғыратын күн жақын. Алғашқы фестивальдің өзі алдағы уақытта өңірдің дәстүрлі туристік брендіне айналса, бұл Қарқаралының ғана емес, тұтас Сарыарқаның мерейін өсірері анық.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
Нұрасыл АМАНЖОЛ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button