Жаңалықтар

«Өлі разы болмай…»

    Қарқаралы ауданына қарасты Калинин (Қарынши) ауылдық кеңесінде кіндік қаны тамған аптал азаматтың бірі әкеміз – Ақан СІРГЕБАЕВ еді. Енді, міне, небәрі 19 жасында-ақ майдан кешкен асқар тауымыздың өмір жолы, ғұмыр дастаны өскелең ұрпаққа үлгі, артта қалған туған-туысына аңыз болып қала бермек.

Әкеміз 1942 жылы 6 қыркүйекте соғысқа шақырылып, Орлов қаласындағы пехота училищесіне курсант болып қабылданады. Әскери дайындықтан өткен соң, ефрейтор шенін алып, 77 миллиметрлік пушка көздеушісі ретінде 6882 артиллериялық полкке жолданды. Жан алып, жан беріскен қанды-қасап жылдарды бастан кешіп жүргенде, 1945 жылдың көктемінде сол жақ иығынан ауыр жарақат алып, Белоруссияның Витебск қаласының дала госпиталына жеткізіледі. Сол тұста соғыс та аяқталған болатын. Сөйтіп, 1946 жылы 2 қаңтарда әкеміз аман-есен елге оралады.

Әкеміз – соғыс және еңбек ардагері, милиция капитаны. Еңбек жолын Калинин совхозының Күлболды ауыл кеңесінде есепші болып бастады. 1947 жылы мамырда Қарқаралы аудандық  ішкі істер бөліміне қызметке алынып, кейінгі саналы ғұмыры милиция қызметімен өзектес өтті. Көп жылдары аудан көлеміндегі совхоздарда учаскелік инспектор қызметін атқарды.

Ауыл халқы сенім білдіріп, бірнеше рет ауылдық кеңестік депутаттығына сайланды. 1974 жылы Қарағайлы кентінің арнайы комендатура басшысы лауазымына тағайындалады. Бұл қызметті 1977 жылға дейін атқарады. 1977 жылы 17 қазанда денсаулығына байланысты еңбек демалысына шықты. Ішкі істер саласында үзбей 30 жылға жуық қызмет атқарып, өзіне тиесілі қызметтік міндеттерді абыроймен атқарып, адал еңбек етті. Отты жылдардағы ерлігі елеусіз қалмай, «Отан соғысы» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталды.

Кейіпкеріміз қылмысқа қарсы күресте ғана емес, табиғи келеңсіздікке тап болған адамдарға көмек беру кезінде де қарап қалмады. Мәселен, 1972 жылғы ақтүтек боранда Көктас ауылының тұсынан өтетін жолда жүзден астам адам (арасында балалар да бар) далада қалғанын естіп, совхоз басшыларымен келісе отырып, ауыл механизаторлары техникасымен қарға қамалған көліктерге барып, жолаушыларды түнделетіп Көктасқа жеткізіп, үй-үйге жайғастырған. Бұл бір ауыр түн еді. Осы боранда беті-қолы, аяғы үсік шалғанына қарамай, көмек көрсетуден тайынбаған Егор Бетгольдт, Иван Бахтель, Болат Орманбетов, фельдшер Рымтай Байжұманова және аспазшы Ирма Гергерт сынды азаматтардың еңбегін атаусыз қалдыруға болмас. Әкеміз осындай ерлігі үшін жеке атына жазылған ҚазақССР Ішкі істер министрінің бұйрығымен бағалы қол сағатыпен марапатталды.

Әкеміздің халық пен қоғам алдындағы сіңірген еңбегі лайықты бағаланды. Қоғамдық тәртіпті сақтау қызметі жылдарында сіңірген еңбегі үшін 1968 жылы «Совет милициясына – 50 жыл», «Еңбек ардагері» медальдарымен, бірнеше Құрмет грамоталарымен наградталды. Ал, 1973 жылы «Милиция үздігі» төсбелгісінің иегері атанды.

Әкемізді әріптестері мен ауыл тұрғындары «көріпкел», «көреген», «сайыпқыран» деп атапты. Қылмыстың ізін суытпай ашатындығы жөнінде белгілі қаламгеріміз Әбікен Бақтыбаевтың «Тергеу аяқталды» және Ішкі істер министрі Ш.Қабылбаевтың «Бессонный патруль» кітаптарында жазылған.

Әкеміздің осындай дәрежеге жетуіне анамыз Сапура Уәлибекқызының еңбегі зор екені айтпаса да белгілі. «Тыл ардагері» атанған анамыз, соғыс басталғанда бар болғаны он екі жасар бала болыпты. Десе де, күн шықпастан оянып, қасқарайғанша үлкендермен бірге еңбек еткен екен. «Ересектер шөп шауып, жер жыртқанда, қырманда бидай бастырғанда, тайға мініп, айдаушы қызметін атқардық», – деп еске алатын анамыз. 2005 жылы анамыз «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

Алайда, жазмышқа не шара? Әкеміз өмірден ерте озды. 1977 жылы 14 тамызда 54 жасында мәңгілік сапарға аттанды. Бүгін ортамызда жүргенде торқалы 94 жасын, анамыздың 85 жасын жарқырап тойлаған болар едік.

Әкеміздің құрдастары, жолдастары, әріптестері көп болды. Атап айтсақ, Қатпа Сәрсекеев, Рымхан Әбілқасов, Елеусіз Ысқақов,  Төлеген Қажқаримов. Бүгінде марқұм болған Федор Медведев, Бораш Дагаров, Мерғазы Ералин, Қуан Аманжолов, Қабди Смағұлов, Жақсыберген Толымбеков, Мұқан Қыпшақбаев, Айып Айтқұлов, Армия Рахымберлин, Қапан Әбеуов,  Мекежан Нілдібаев, Қалиясқар Өрікбаев, Әзімбек Қасымбеков, Әбікен Майпасов, Қалиясқар Әбеуов, Айтмақ Ибраев, Қаби Жылқыбаев  және тағы басқалары.

Үлкен атамыз Нәсіпке және ұлы әжеміз Рыстыға, соғысқа кетіп оралмаған нағашы аталарымыз Уәлибек Қалиұлына, соғыс ардагері Уәли Қалиұлы атаға, ұлы нағашы әжелеріміз Бәтен, Сапура рухтарына, осыдан 40 жыл бұрын өмірден озған асқар тау әкеміз Ақан Нәсіпұлы рухына, 8 жыл бұрын бақиға аттанған асыл анамыз Сапура Уәлибекқызы рухына, соғысқа кетіп оралмаған Қасен Нәсіпұлына, кейін әкеміз ағасын іздеп, Украинада жерленген жеріне елінен бір уыс топырақ апарып басына барып қайтқан Несапа апамыздың рухына, көз жұмған қадірлі атамыз, соғыс ардагері Құсайын Нәсіпұлына, Айтбану анамызға, Нұрғайша анамыздың рухына, қайтпасқа сапар шеккен апамыз Жақия Нәсіпқызына, жалғанмен қоштасқан жақсы көретін ағатайымыз Ақпанбай Нәсіпұлына, бақиға аттанған ағамыз Зәрухан Ібрайұлына, апамыз Үміт Қожақызына, көз жұмған қадірлі Рымтай апамызға, Қайша Құсайынқызы апамызға, қимастықпен жер қойнына берген Ақберген Ақпанбайұлына, Сағындық Қасенұлына, жеңгеміз Бибісара рухына, қадірлі апамыз Майра Қасенқызына, жездеміз Қаржау Оспанұлына, бауырларымыз Қаржауұлдары Сұнғатқа, Рахатқа, нағашы ағамыз Серік Уәлиұлына, баурымыз Қанағатқа, Береке жездеміздің рухына, өмір дәмін сезінбестен ерте шетінеген балаларымыз Жанайдар Ақтайұлына, Арман Жүнісұлына, орны бөлек баламыз, бауырымыз, мәңгілікке кеткен Қанат Жанабергенұлының рухына арнап биыл 26 тамызда сағат 13.00-де Қарағанды қаласындағы жаңа мешітте ас беріп, Құран бағыштаймыз.

Сіргебаевтар әулеті.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button