Бас тақырыпОблыс әкімі

Әлеуметтік жобалар – әлеумет тірегі

Аймақ алдағы уақытта инвест-климатын одан әрі жақсартып, құйылатын инвестицияның көлемін ұлғайтады. Көпбалалы отбасыларды баспанамен толық қамтуды екі жыл мұғдарында шешу міндетін мойнына алады. Сондай-ақ, келер жылы облыста жаңа әлеуметтік һәм өндірістік нысандар іске қосылып, құрылысы басталады. Олардың қатарында, облыстық онкология диспансерінің жанынан салынатын жансақтау және ота жасайтын блок құрылысы да бар. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті ХХХІ сессиясында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Сонымен қатар, сессияда «Нұрлы жол» бағдарламасының барысы мен 2019-2025 жылдары туризмді дамыту мәселесі де талқыланды. Соған сәйкес шешімдер қабылданды. Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасарлары, департамент, басқарма басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері, онлайн режимде өңірлер және БАҚ өкілдері қатысты.

ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛЫП, ЖАҢА ЗАУЫТТАР АШЫЛАДЫ

Сессияда сөз алған аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек бүгінде облысқа салынған инвестицияның көлемі 650 млрд. теңгеден астам екенін, бірақ мұнымен шектелмеу қажеттігін жеткізді. Сондықтан, бұл бағытта жұмыс жандана түспек.

  • Ең алдымен, маған көрсеткен сенімдеріңіз үшін шынайы алғысымды айтқым келеді. Елбасы мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қойған міндеттерді шешуге бар күш-жігерімді жұмсайтын боламын. Сіздер Ерлан Жақанұлымен көптеген ауқымды жұмыстар атқардыңыздар. Бұл бағыттағы жұмыстар мен бастамалар жалғаса береді.

Қарағанды облысы – Қазақстан үшін ерекше өңір, Елбасының еңбек отаны. Сол себепті, бізге айрықша жауапкершілік жүктеледі. Тұрғындардың өмір сапасын арттыруды өзімнің басты міндетім деп білемін, – дей келе, Жеңіс Махмұдұлы басымдықтарды айқындады. Атап айтқанда, аймақ басшысы облыста инвестиция тарту басты бағыт екенін айтты. Облыс сол арқылы жұмыс орындарын көбейтіп, әлеуметтік бағдарламаларды табысты орындауға мүдделі.

«Сол себепті инвесторлармен жұмыс жүргізу, кәсіпкерлерді қолдау әкімдік үшін бірінші кезектегі міндет болып табылады. Биылғы жылы инвестиция көлемі 650 млрд. теңгеден асты. Біздің облыс үшін бұл – рекордтық көрсеткіш. Алдағы жұмыс барысында осы қарқынды сақтауға тиіспіз. Келесі жылы Жәйрем кен байыту фабрикасын, жарылғыш заттар зауытын, «Алтын Алмас»» алтын шығаратын фабрикасын, Казкарбон ферробалқыма зауытын, мыс концентраттарын қайта өңдеу жөніндегі гидрометаллургия зауыты секілді жобаларды аяқтауды жоспарлап отырмыз. Полиметалл рудаларын қайта өңдеу зауыты, жоғары сапалы әк, кабель өнімдерін шығаратын зауыттар құрылысын салу жобалары іске асады. Біздің облысымыз – инвестиция тарту бойынша алдыңғы қатарда болса да, оңтайлы бизнес климат жасау үшін жұмысты күшейту қажет» – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, өнімдерді тереңдетіп қайта өңдеу, экспорт және қарапайым заттар экономикасын дамытуға баса көңіл бөлінбек.

ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ АРТАДЫ

Тұрғындар үшін өмір сапасының маңызы – тұрғын үй екеніне, ал оның қазіргі уақытта өзектілігіне тоқталған облыс әкімі баспана алуға мүмкіндігі жоқ азаматтарды үймен қамту мәселесін де назарда ұстайтынын атап отыр.

Екі жылдан бері барлық қаржы көздерінен 420 мың шаршы метр шамасындағы тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл шамамен 4300 пәтер. Әкім облыстың әлеуеті бұдан да жоғары деп санайды. Екі жылда көпбалалы отбасылардың мәселелерін шешу көзделуде. Алдағы жылы тұрғын үй құрылысы көлемін еселеуді мақсат қоюда. Ал, тұрғын үй құрылысына қажетті жылу магистралін салу жөнінде тиісті министрлікпен келісім де бар көрінеді.

ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР КӨПТЕП ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Әлеуметтік саладағы инвестициялар да ауқымды. Мәселен, біршама үзілістен кейін балалар клиникалық ауруханасы құрылысын аяқтау мен пайдалануға беру жолдары анықталды. Облыс әкімі бұған 2,5 млрд. теңге бөлінгенін жеткізді. Денсаулық сақтау министрлігі мен «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының қолдауымен онкологиялық орталықтың операциялық-реанимациялық блогының құрылысын жүргізу шешімін тауып отырса керек. Оның құрылысына республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлінетін болды. Блоктың құрылысы 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында басталады деп күтілуде.

Жыл соңына дейін екі жаңа емхана пайдалануға беріледі. Елбасының тапсырмасымен Теміртауда жаңа емхана ашылады. Сонымен қатар, Майқұдықта да емхана есігін айқара ашпақ. Ал, келесі жылы Балқашта типтік емхана құрылысы басталады деп жоспарлануда.

Бұдан бөлек, Тұңғыш Президент қорының бастамасымен Қарағандыда «Қамқорлық» бағдарламасы аясында қараша айында балаларды оңалту орталығы іске қосылады. Дәл осындай орталық келесі жылы Теміртауда жұмысын бастамақшы. Гемодиализ орталықтарының желісін дамыту көзделуде. Мысалы, осындай 4 орталық биыл және алдағы жылы жұмысын бастайды.

2020 жылы Қарағанды, Жезқазған қаласында және Қарқаралы, Шет аудандарында мектептердің құрылысы басталмақшы. Сөйтіп, апатты жағдайдағы және үш ауысымдағы мектептердің мәселесі шешілетіндігін атайды.

ЖОЛ ЖӨНДЕУГЕ БӨЛІНЕТІН ҚАРЖЫДА – РЕКОРДТТЫҚ КӨРСЕТКІШ

«Нұрлы жол» бағдарламасының бірінші кезеңі биыл мәреге жетеді. Бұл бағдарламаның тиімділігін ескерген Елбасы аталмыш жобаны 2025 жылға дейін ұзартқаны белгілі. Аймақ басшысының айтуынша, республикалық жолдарға келесі жылға рекордтық көлемдегі қаражат бөлінеді.

  • Келесі жылға Қарағанды аймағынан өтетін республикалық жолдарға 100 млрд. теңге бөлінеді. Айталық, биыл Қарағанды-Балқаш жолын қайта жөндеуге 50 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Оның 35 млрд. теңгесі игеріледі. Келесі жылы қаржы 100 млрд. теңге болмақ.

Бірінші рет жергілікті жолдарды жөндеуге 20 млрд. теңге бөлеміз. Бұл да рекордттық көрсеткіш. Оның 13 млрд. теңгесі – республикалық бюджеттен.

Нұра, Осакаров аудандарында болдым. Жолдың сапасы көңіл көншітпейді. Біз жергілікті жолдарды қайта жөндеуге қаржыны екі есеге ұлғайттық. Аталған қаржыға 1000 шақырым жол жөндеу көреді, – деді аймақ басшысы. Қызылорда -Жезқазған, Қарағанды-Жезқазған бағытындағы тасжолдарды қайта жөндеу мәселесі де назарда. Үкімет және министрлік тарапынан жол құрылысына қатысты мәселелер қолдау тауып отырғанын атады әкім. Сондай-ақ, облыс әкімі «Нұрлы жол» бағдарламасының іске асуын көзімен көріп, ондағы проблемаларды жетік білетін халық қалаулыларына өз пікірлерін білдіруді, ұсыныстарын айтуды өтінді. Ол айтылған ұсыныстар желтоқсанда қабылданатын бағдарламада көрініс таппақшы.

«Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы 2015-2019 жылдарда атқарылған жұмыстар туралы облыстың экономика басқармасы басшысы міндетін атқарушы Гүлмира Әбішова мәлімдеді.

Бағдарлама жүзеге асырылған 20152018 жылдарда облыста 4 бағыт бойынша 30,6 млрд. теңгеге 61 жоба жүзеге асты. Бұл бағыттар көліктік, тұрғын үй, білім және агрөнеркәсіп инфрақұрылымын қамтыды. Нәтижесінде 4 көпір жөнделіп, орташа жөндеу арқылы 350 шақырымдық көлік жолы қалпына келтірілді. Жылу беру желісінің 17,6 шақырымы, сумен қамту желісінің 4,3 шақырымы, 15 шақырым болатын су жіберу желілері жөнделген. Модульді қазандықтар салынды. Үш қалада және үш ауданда инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым 10 үйге тартылған. Сондай-ақ, Абай қаласындағы 32 жер теліміне жеткізілген.

Әлеуметтік инфрақұрылым салу барысында 4 білім ошағы пайдалануға тапсырылған. Тағы үш мектептің құрылысы жүргізілуде. Агроөнеркәсіп кешенінде 203 тауар өндірушіге 1,7 млрд. теңге көлемінде асыл тұқымды мал өсіруге субсидия берілген. 2015-2018 жылдар аралығында бағдарлама барысында 466 тұрақты жұмыс орны құрылып, 799 жалдамалы жұмыс орны ашылды. Көлік жолының жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 74 пайыздан 76 пайызға көтерілді. Жылу беру жүйесінің тозығы жетуі 61 пайыздан 59 пайызға кеміді. Сумен жабдықтауда желінің тозуы 71 пайыздан 68,8 пайызға төмендеді. Биылғы жылы бағдарлама бойынша 26 жобаға 15,2 млрд. теңге бөлінген.

ҚАРҚАРАЛЫ, ҰЛЫТАУҒА ҰШАҚПЕН ЖЕТЕР КҮН ЖАҚЫН

Қарағанды аймағы – туризм тұрғысынан алғанда географиялық орналасуы, туристік кластері бола тұра, өзінің әлеуетін толық пайдаланып отырған жоқ. Туризмді дамыту үшін инфрақұрылым саласында іргелі жұмыстар атқарылуы тиіс.

Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек осы орайда әуе жолдарын дамытуға қатысты жобалардың іске асатынын атап өтті. Нақтыласақ, Балқаш қаласы әуежайының ұшу жолағын күрделі жөндеу аяқталады. Сөйтіп, әуежай күндіз ғана емес, түнде де қызмет көрсете алмақшы. Бұдан бөлек, Қарқаралы, Ұлытау аудандарына әуежай салу – жоспарда. Сонымен қатар, келесі жылдан бастап жаңа әуе рейстері ашылады.

Кәсіпкер басқармасының басшысы Татьяна Аблаева облыстың туристік әлеуеті туризмнің барлық түрін дамытуға қолайлы екенін атайды.

Облыста тұрғын жаймен қамтып, туристік қызмет көрсететін 253 нысан бар. Жыл сайын туристерге қызмет көрсету көлемі ұлғаюда. Басқарма басшысының хабарлауынша, облысқа келетін туристердің легі – 280 мың адам. Туристерге қызмет көрсетуден түскен табыс 4,3 млрд. теңге шамасында. Бірінші жартыжылдық көрсеткіші өсімнің 50 пайыз көлемінде артқанын айғақтайды.

  • Мамыр айында 2019-2025 жылдарға туризмді дамыту туралы бағдарлама қабылданды. Сол бағдарламаға сәйкес облыста туризмді дамытудың 3 нүктесі нақтыланды. Ол – Балқаш көлі, тарихи мекен Ұлытау және курорттық аймақ Қарқаралы. Балқаш көлі Қазақстанның туристік алғашқы 10 тобының қатарында. Балқаш курорт аймағы – Балқаш қаласын, Тораңғалық, Шұбартүбек, Приозерскіні қамтиды, – дейді Татьяна Аблаева.

Балқашқа туристерді жеткізетін көлік құралдары да жолға қойылуда. Тас жол, теміржолды айтпағанның өзінде, Алматы-Балқаш әуе жолы былтырдан бері туристерді тасымалдауда. Сондай-ақ, НұрСұлтан-Балқаш әуе жолы да бес күн бойы туристерге қызмет етеді. Жалпы, алдын ала есептеулер бойынша Балқаш аймағының туристік әлеуеті 2030 жылға қарай туристердің санын 4 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Туристік аймақ құрамындағы Шұбартүбек, Тораңғалықты Балқашқа беру де қарастырылуда.

Тарихи Ұлытау – Қазақстанның 50 туристік тобының қатарында. Бүгінде Ұлытауда визит-орталықтың құрылысы басталған. Оның құны – 540 млн. теңге. Мұндай орталықтың ашылуы туристерге кешенді қызмет көрсетуге мүмкіндік береді деп болжануда. Сарыарқаның алтын тәжі – Қарқаралы да елуліктің құрамында. Алдағы жылы Қарқаралыда туристік форум өткізу көзделіп отыр. Бұл болса, туризмге жаңа тыныс бермекші.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button