Облыс әкімі

Әлеуметтік сала әлжуаздықтан арылады

Облыстық мәслихат депутаттары кезектен тыс ХХ сессияда облыстың нақтыланған бюджетін қабылдады. Бюджеттің түсімі мен шығысы бойынша өзгерістер әлеуметтік саланы қамтуды көздейді. Сессияға облыс әкімі Жеңіс Қасымбек қатысты.

Облыстық мәслихат хатшысы Серік Өтешовтің төрағалығымен өткен кезектен тыс XX сессияда өзгерістер туралы қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина мәлімдеді.

Облыстық бюджет бұған дейін нормативтік-құқықтық актілердің веб-порталында талқыланып, облыстық бюджеттік комиссиялардың, Қоғамдық кеңестің отырыстарында және облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының бірлескен отырыстарында қаралған. Нәтижесінде, әлеуметтік саланы дамытуға, жалақы төлеуге, тарифтердің көтерілуіне байланысты коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге, мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыруға, бастауыш сынып оқушыларын және мектеп-интернат тәрбиеленушілерін тамақтандыруға бағытталған.

– Шығыстар құрамында 1-4 сынып оқушыларының тамақтануына, облыстың білім беру ұйымдарының коммуналдық қызметтеріне ақы төлеуге және жалақы төлеуге; әлеуметтік маңызы бар облысішілік автокөлік маршруттары бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялауға, Саран қаласындағы тұрғын үйді қайта жаңартуды аяқтауға қаражат ескерілді. Одан бөлек, патронаттық тәрбиеге берілген балалардың тәрбиелеушілері мен қамқоршыларына бір реттік жәрдемақы төлеу, ұйымдар үшін отын мен көмір алуға, сондай-ақ, іссапар шығындары да қарастырылған. Бұл қатарға Балқаш қаласындағы балабақшаны жөндеу жұмысы да кіреді, – дейді Людмила Башарина.

Нақтыланған бюджет бойынша қаражат облыс ішінде әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалын субсидиялауға, «Қарағанды-Үштөбе-Құрылыс» облыстық маңызы бар автожол бойында жарықтандыру шамдарын орнатуға бағытталғанын да айту керек. Сондай-ақ, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров және Шет аудандарын шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау үшін жерасты суларына іздеу-барлау жұмыстарын жүргізу жұмыстарының төлемі де қарастырылған.

Өз кезегінде Серік Өтешов азаматтардың жайлы өмір сүруі үшін қажетті жағдай жасаудың түпкі мақсаты туралы айтып, бюджетті тиімді атқару қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ, кезектен тыс ХХ сессияда депутаттық корпус тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін, оның ішінде дәрілік заттарды, мамандандырылған емдеу өнімдерін, медициналық бұйымдарды, қазақстандықтардың жекелеген санаттарына амбулаториялық емдеу кезінде тегін қосымша ұсыну бағдарламасына енгізілетін өзгерістер бойынша денсаулық сақтау басқармасының ұсыныстарын қолдады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Төлегенованың айтуынша, жергілікті бюджеттен жыл сайын орфандық ауруларды қамтамасыз ету үшін дәрі-дәрмектер сатып алу үшін, одан бөлек, 28 ауру түрі бойынша 25 дәрілік препаратты, мамандандырылған емдік тағамдық өнімді, медициналық құралдарды алуға қаражат бөлінеді.

– Бүгінде 3 ауру бойынша 6 препаратты алып тастау қажет. Себебі, аталған дәрілік заттар бұдан былай «СК-Фармация» ЖШС арқылы республика есебінен қаржыландырылатын болды, – деген Бибігүл Райханқызы мамандандырылған емдік азық-түлікпен бұдан былай амбулаториялық жағдайда алғашқы медициналық-санитарлық көмек және мамандандырылған медициналық көмек көрсету шеңберінде тіркелген жері қамтамасыз ететінін де жеткізді.

Сессия жұмысына бастан-аяқ қатысқан өңір басшысы облыстық бюджетке енгізілетін өзгерістер негізінен әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталғанын атап өтті.

Салтанат ІЛИЯШ 

Ortalyq.kz 

Басқа материалдар

Back to top button