Жаңалықтар

Әлеуметтік маңызы зор бастама

Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасының» өзектілігі өткен жұмада бұқара арасында тағы бір талқыға түсті. Нақтырақ айтқанда, Октябрь ауданының жастарымен кездесуде облыстық мәслихаттың хатшысы Серік ӨТЕШОВ бастаманың мән-маңызына тоқталды. Хатшының айтуынша, бес бастаманың іске асуы ел экономикасының өсіп, ұлттың әл-ауқатының артуына түрткі болмақ.

– Мемлекет басшысының бастамасындағы негізгі аспектілердің басым бөлігі жастарды қамтиды. Мәселен, тұрғын үй құрылысының «7-20-25» бағдарламасы. Расында, қазір көптеген отбасылардың баспанаға зәру екендігі ешкімге құпия емес. Ал, ипотекалық несие шарттары әркімнің мүмкіндігін ескере бермейді. Оның үстіне, аймақта мемлекеттік қордан үй алу кезегінде 36 мың адам тұр. Оның 17-і мыңы облыс орталығынан баспаналы болуға үмітті. Бірінші кезекте тұрғандар – мүгедектер мен Ұлы Отан соғысының қатысушылары, жетім балалар, тұрғындардың әлжуаз топтары, сондай-ақ, бюджет қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер.
«7-20-25» бағдарламасы аясында 2020 жылға дейін Қарағанды облысында 17 жоба жүзеге асырылып, жалпы 255 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтереді. Бағдарламаның аты айтып тұрғандай, несие көлемі 7 пайыз, алғашқы жарна – 20 пайыз, несиені төлеу 25 жылды құрайтын болады. Яғни, бұрынғы несиелеу бойынша 65 шаршы метрлі екі бөлмелі пәтер үшін айына 90 мың төленсе, жаңа несиеде ол – 50 мың теңгеден аспайды. Шарттар қолайлы, – дейді Серік Өтешов.
Екінші бастама төмен жалақы алатын азаматтардың салықтық жүктемесін төмендетуге бағытталған. Елбасы ұсынған бастама аз жалақы алатын азаматтардың салықтық жүктемесін 2019 жылдың қаңтарынан 10 есеге төмендетуді, 1 пайызға дейін жеткізуді көздейді. Бірінші кезекте, бұл 63 мың теңгеден аспайтын жалақы алушыларға әсер етпек.
Сонымен қатар, мемлекеттің алдында көлеңкелі экономикадағы қаражаттарды шығару міндеті және бар. Тағы бір ауыз толтырып айтар жағымды жаңалық абитуренттер мен студенттерге қатысты. Атап айтқанда, гранттар саны молайып, білім сапасы жақсарады.
Хатшының айтуынша, осы күні Қарағанды облысының тоғыз жоғары оқу орнында 25 мың студент дәріс алады, шамамен, оның жартысы – бюджет есебінен білім алуда. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш 30-40 пайызға өседі деп болжануда. Ал, колледждерде оқушы студенттердің саны 84 мың шамасында. Сондықтан, жатақханалармен қамту да өз өзектілігін жоймай отыр. Осыған байланысты облыстық басшылық жаңа жатақханалардың құрылысына арналған жобалық-сметалық құжаттарды дайындауға, ескілерін жаңғыртуға кіріскен.
Тағы бір әлеуметтік бастама – облыстың миллиондаған тұрғындарын қамтиды. Ол – «Сарыарқа» газқұбыры. Бұл – аймақ үшін де, бүтін ел үшін де өте ауқымды жоба.

Қызғалдақ Айтжанова

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button