Бас тақырып

Әлеуметтік кәсіпкерліктің әлеуеті зор

Қарағанды облысы бизнесте іскерлік белсенділікті дамытып, оны өндіріске айналдыруда үлкен әлеуетке ие. Биыл бизнес-жоспар құру мен идеядан бастап, кәсіпті дөңгелетуге дейінгі барлық қолдау шаралары шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі кешенді бағдарлама шеңберінде іске асырылуда.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Әлеуметтік кәсіпкерлік

Биыл бизнесті қолдаудың жаңа форматы әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау қолға алынды. Әлеуметтік кәсіпкерлік қазіргі экономиканың маңызды бөлігі болғандықтан, бизнестің дамуына ықпал етіп, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыруға үлкен сеп. Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау және қоғамдық пайдалы жобаларды дамыту сияқты маңызды әлеуметтік мәселелерді де шешеді.

Осы орайда облыс бойынша арнайы комиссия құрылып, он үш компанияға білім беру, денсаулық сақтау, тігін өндірісі секілді салаларда әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері мәртебесі берілген. Бұл орайда Қарағандыда 11, сондай-ақ, Балқаш қаласында және Бұқар жырау ауданындағы әлеуметтік жобалар қолдауға алынды.

Жобаны дамытып, кәсіпкерлік әлеуметтік қызметті кеңейтіп, несиеге кепілдік беру құралдарын ұсыну біраз жобаның даму бағытын алға жылжытты. Аймақта әлеуметтік кәсіпкерлік жобаларына мемлекеттік гранттар алып, жұмысын жандандырып отырған жастар бар.

Wonder kid – мектепалды дамудың заманауи жүйесі

Мәселен, қарағандылық Дарья Зайцеваның Wonder kid түзету және дамыту орталығы инклюзиядағы ерте және мектепалды дамудың заманауи жүйесіне негізделген.

Жоба бала өмірінің алғашқы кезеңдеріндегі физикалық даму бұзылыстарын анықтап, оларды сенсорлық интеграция мен Монтессори әдісімен түзетуге негізделген. Сондай-ақ, нейропсихологиялық тәсілді қолдана отырып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды мектепке бейімдеу мен дайындаудың кезеңі де Дарьяның жобасында көрініс табады.

Жоба авторының айтуынша, Монтессори – педагогиканың негізгі ұстанымдарының бірі болғандықтан, баланың еркіндігі мен өзіндік ойлау дағдысының дамуына қысым көрсетпейтін тәсіл. Балаға бостандық беріп, өзін-өзі тәрбиелеуге жағдай жасайды, шабыттандырады.

– Ерекше балаларды қолдау орталығына грантты биыл алдық. Әлеуметтік жоба грантын алуға баламда болған аутизм диагнозы себеп болды. Баламды өзімнің білімім, тәжірибем арқылы емдеп алдым. Кейін басқа да балаларға көмектесу жайлы ой келді. Әлеуметтік кәсіпкерлік реестрінде тұрғандықтан, ақпан айында жоба жұмысын бастаймыз деп жоспарлап отырмыз. Бүгінде орталықта 10 маман жұмыс істейді. Мамандар қосымша білім алып, тәжірибе арттырып тұрады. Әлі де қосымша құрал-жабдықтар алынады, – деді жоба үйлестірушісі Дарья Зайцева

Өмір сыйлайтын оттегі кабинеті

Әлеуметтік қолдауға ие болған тағы бір жоба Дана Әшімованың «BALA oksimer» – балаларға арналған оттегі кабинеті. Жоба аясында «oksimer_kz» франшизасы бойынша балаларды сауықтыру түзету оттегі орталығын ашу жоспарлануда. Орталықта дамуында ерекшеліктері бар балаларға арналған гипербарикалық оттегімен қанықтыру (оттегі барокамерасы) және нормобариялық гипокситерапия бойынша қызметтер көрсетіледі.

Мамандардың айтуынша, гипербарикалық оттегі терапиясы – науқасқа қысым камерасында теңіз деңгейіндегі атмосфералық қысымнан 2-3 есе жоғары қысымды әсер ету арқылы 100% оттегімен ингаляцияға негізделген емдеу түрі. Осылайша қандағы және тіндердегі оттегінің мөлшерін 20 есеге дейін арттыруға болады. Ем-шара кезінде жоғары қысым әсерінен оттегі қанның ішінде ериді және осылайша органдар мен тіндерге түседі. Адам ағзасында жоғары қысымдағы таза оттегі жасушаларды қалпына келтірді.

– Балам 1 жарым жасқа келгенде, өз атын атағанда адамға қарамайтынын байқадық. Сыртқа өзімен-өзі шығып кететін. Содан бір өзгешеліктер барын байқай бастадық. Невропотолог бізге «гипоксия» диагнозын қойды. Оны емдеудің жолы далада ұзақ серуендеу екенін айтты. Алайда, тек серуендеумен мәселелер шешілмейтінін сездім. Кейін әртүрлі емшара нәтижелерінде баламның жағдайы жеңілдеді.

Бұл мәселе маған таныс болғандықтан, оның үстіне Қазақстанда «oksimer_kz» франшизасы сатылатынын естіп, оны сатып алдық. Бізде облыстағы 700 ата-ана қосылған ортақ әлеуметтік чат бар. Онда ерекше балалардың денсаулығы жайлы айтылады. Алдағы уақытта медициналық орталықтармен келісім-шартқа отырып бірге жұмыс істеу ойда бар, – деп атап өтті «oksimer_kz» жобасының иесі Дана Әшімова.

Орталыққа бүгінде әртүрлі диагнозбен балалар келеді.

– Менің балам Никита Ваншейттің жасы 8-ден асты. Орталыққа келіп жүргенімізге 2 жылға жуық уақыт өтті. Диагнозы аутизм, психо-сөйлеу дамуының кешігуі. Орталықта АВ терапиясы және дене шынықтыру, нейрокоррекция бойынша көптеген маңызды емнің бәрі бар. Оң нәтижелер байқалады. Орталықта балалардың тамақтануына әрі ұйықтауына жағдай жасалған, – деп атап өтті Никитаның анасы.

Әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау аясында ашылған орталықтарда жоғары дәрежелі логопедтер, психологтар, дефектологтар, кәсіби терапевтер және жаттығу терапиясы мамандары жұмыс істейді.

Айта кеткен жөн, бүгінгі таңда Қарағанды облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 18 мыңнан астам бала тұрады. Олар үшін 30 арнайы ұйым жұмыс істейді. Қазір балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен және ерте түзетумен қамту 85%-ды құрайды.

Биыл алғаш рет Қарағанды өңірінде мүмкіндігі шектеулі балаларды психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысы іске асырылуда.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button