Жаңалықтар

Әлеуметтің әлеуетін арттырған

Дана халқымыз «Әйел бір қолымен бесік тербесе, бір қолымен әлемді тербетеді», деген. Сондықтан да, қоғамда әйелдердің алар орны ерекше. Олар отбасы, ошақ қасында ұрпақ тәрбиесімен, қоғамда ер азаматтармен қатар тұрып, білек сыбана еңбек етіп жүр. Сондай еңбек көрігін қыздырып жүрген әйел-аналар, қыз-келіншектер біздің ауданымыздың да қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, әлеуметтік-экономикалық жағдайымызды жақсартуға зор үлес қосып келеді. Әйелдердің әр істе белсенділігін, еңбекті ерлерше ұйымдастыра алатындығын біз жақсы білеміз.
Аудан мектептеріндегі мұғалімдердің, дәрігер мейірбикелердің, мәдениет, кәсіпкерлік және сауда саласын

 

да, қаржы, салық, еңбекпен қамту және әлеуметтік қорғау саласында, тіпті, телекоммуникация, байланыс саласында жұмыс істейтіндердің басым көпшілігі нәзік жандар десек болады. Олардың ішінде біразы басшылық қызметте ер азаматтармен иық тірестіре, белсене еңбек етіп, ауданымыздың дамуына үлес қосуда.
8 наурыз мерекесіне орай біз ауданымыздағы сондай мекемелердің бірі – Әлеуметтік төлемдерді ведомство аралық есептеу орталығы департаментінің Шет аудандық бөлімшесі жайлы сөз етпекпіз. Бөлімше жетекшісі Самал Қалдыбаева. Ұжымда кілең нәзік жандар еңбек етеді десек болады.
«Ұжым қызметкерлері ішінде Гүлжаһан Серікқызы Әбдуованы ерекше атап өтсем болады. Бұл апамыз осы мекеме құрылғаннан бастап жемісті еңбек етіп келеді. Яғни, осы саланың ардагері» дейді Самал қарындасымыз ұжым жайлы әңгімелеп.
– Біздің жұмыс – зейнетке шығушы азаматтардың, арнайы мемлекеттік және тағы басқа да түрлі жәрдемақы алушылардың құжаттарын тексеріп, түгендеп, халыққа қызмет көрсету орталығына жібереміз. Сонымен қатар, оларға кеңес те береміз. Сапалы қызмет көрсету міндетіміз.
Әрине, жұмыс болған соң кейде кеш қайтатын да уақыт болады. Үйдегі шаруа жайында «мынау ер адамның, мынау әйелдің шаруасы» деп бөліп жатпаймыз. Қайсымыз бұрын келсек, кірісіп кетеміз. Менің көбіне жұмыстан қолым босамайды. Жолдасым Қайыркен бұған түсіністікпен қарайды. Өзі Қарағандымен екі ортада жолаушылар тасымалдайды.
Бүгінде басшы болу әйелге қиын деген түсінік қалыптасқан. Бұл ер азаматқа да оңай емес. Сондықтан, ер азаматқа да, әйел басшыға да жұмыстағы ісі алға басуы үшін ең бірінші отбасында береке болуы керек. Жолдасым Қайыркен қашан да мені қолдап отырады. Бірақ, әйел жұмыста басшы болса да, үйге келгенде өз орнын біліп, міндетін атқаруы тиіс, – дейді Самал.
Жолдасы Қайыркен екеуі 5 бала тәрбиелеп, өсіруде. Қоғамдық жұмыстарда да Самалды байқап қаламыз. Әсіресе, мекемелер бірігіп өткізетін Наурыз сияқты түрлі іс-шараларда Самал ер азамат басшылармен қатар өзінің ұсыныс-пікірлерін айтудан жалыққан емес, әрдайым белсенділік танытып жүреді.
Халқымыз әрқашан әйел затын қастерлеген, шаңырақтың ұйытқысына, ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегіне балаған. Ұлт басына күн туған кей замандарда ер азаматтардың жігеріне қуат, жүрегіне от берген де, тіпті, елі мен жерін қорғау үшін кеудесін оққа тосып, шыбын жанын шүберекке түйіп, ұрандап, шайқасқа да шыққан, аттары аңызға айналған әйелдер болғанын біз тарихтан жақсы білеміз.
Ер азаматтарының жүрегіне қаяу түсірмей, қандай жағдайда болсын көңіл кілтін таба біліп жүрген Самал сияқты басшылық қызмет атқарып жүрген апа-қарындастарымыз үшін қуанамыз.

Мейрам ДӘУЛЕТБЕКҰЛЫ.

Суретте бөлімше жетекшісі Самал Қалдыбаева.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button