"Білгенге маржан"

Лениндік сыйлық иегерлері

    Кеңес Одағы тұсында Лениндік сыйлық елімізде ең мәртебелі марапат болып есептелді. Сыйлық 1957 жылдан беріле бастады. Қаулы 22 сәуір – В.Лениннің туған күні жарияланатын.

1958 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті, ғұ­лама ғалым Қаныш Сәтбаев бас­таған бір топ ғалымдар Орталық Қазақстанның металлогениялық және болжамдық карталарын жасағаны үшін Лениндік сыйлықтың лауреаттары атанды. Шығарма­шылық топ құрамында ҚазКСР ҒА Геологиялық ғылымдар институты директорының орынбасары Рамазан Борукаев және Қанекеңнің сенімді серіктері, ірі геолог-ғалым­дар – И.Бок, Г.Жилинский, Д.Казанли, Г.Медоев, И.Новохатский, Г.Щербаланың болғанын атап өткен ләзім. Келесі жылы ос­ын­­дай мәр­тебеге жазушы Мұхтар Әуезов ие болды.

1961 жылы Лениногор полиметалл комбинатының рудниктерінде мәжбүрлеп блоктық құлату жүйесін жасап, игергені үшін академиялық тау-кен институтының директоры, жерлесіміз Әлихан Мусин мен сол институттың бөлімше жетекшісі Ақай Жақыпбаев комбинаттың бір топ қызметкерлерімен бірге Лениндік сыйлық алды. Ащысай полиметалл комбинатының комбинаттың бір топ инженер-техник қызметкерлері (араларында казақ инженері Абсан Құлманов бар) мен проходкашы бригадирлері де 1965 жылы аталмыш сыйлық иегерлері атанды. 1966 жылы геология министрі Шахмардан Есенов бастаған қазақ геологтары – Жолдасғали Досмұхамбетов, Нарен Имашев, Халил Махамбетов, Халел Өзбекғалиев басқа да әріптестерімен бірге кеуделеріне лауреат белгісін тақты.

Қазақтар арасындағы Лениндік сыйлықтың соңғы лауреаты – аяулы ғалым-биолог Мұрат Айтқожин. Мұрат Әбенұлы мұнан кейін ҚазКСР ҒА Ботаника институты директоры, Ғылым академиясының президенті де болды. Алайда, 1987 жылы мезгілсіз қайтыс болды.

(Деректер «Академия наук Казахской ССР» (1987 жыл) кітабынан және ғаламтордан алынды).

Маржан терген

Аман ЖАНҒОЖИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button