Жаңалықтар

«Әлемнің тілін таппайсың, әйелдің тілін таппасаң!»

            Бала күнімізде 8-наурызды асыға күтетінбіз. Әже, әпке, анамызды құттықтау үшін тақпақ шығарып, ашық хат жасап, ана туралы әндерден кеш ұйымдастыратынбыз. Мектептегі наурыз – «қыздар күні» болатын. Сондықтан, бұл мерекеде ешбір нәзік жанды сыйлықсыз қалмайтын. Қазіргі таңда аталмыш мерекенің ауқымы кеңейді. Мысалы, мен үшін есте қалар ерекше тосынсый – мереке басталар түні басқа қалада тұратын досым жіберген құшақ толы гүл болатын.
Жалпы, нәзік жандар мерекеде қандай сыйлықтар алғанды ұнатады? Сол мақсатта сауалнама жасадық. Әсіресе, жігіттер, мұқият болайық…
Панар ҚАСЫМЖАНОВА, №4 емхана дәрігері:
– Алдымен, мерекенің бейсенбі, сенбі, жексенбі күндерімен сәйкес келіп, демалыс болғаны ұнайды. Осы демалыста үй тірлігінен алыстағым келеді. Отбасыммен мейрамханада демалып, әрбіріне жүрекжарды тілектер арнаймын. Бұл мереке адамның жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы, аяулы аналарға арналған ғой. Әйтеуір, әрбір ананың қошеметке, құрметке бөленгенін қалаймын. Ол үшін сыйлық беру міндетті емес.
Аяулым ӘЗІМБАЕВА, «Ақтоғай-су» бақылаушысы:
– Мен үшін әрбір сыйлық қымбат. Өйткені, сол сыйлықты сыйлаған адам таңдау үшін, мені қуанту үшін уақытын бөледі. Ең бастысы – шын көңілден берілсе болды. Бағасына, түріне, сапасына қарап талғамаймын, кез келген сыйлыққа ризамын.
Аида БІЛӘЛОВА, Нұрқазған байыту фабрикасының кадр ісі жөніндегі маманы:
– 8 наурызды гүлсіз елестете алмаймын. Мерекеде құшақ толы гүл алғым келеді. Әдемі әрі хош иісті қызыл раушан – әркез жағымды. Барлық сыйлықтың арасынан жақындарымнан гүл алғанымды ерекше бағалаймын. “Әйел бақыты”, “Жасмин”, Гардения” секілді шоқ гүлдері болса деймін.
Жангүл ИБРАЕВА, дизайнер:
– Мерекенің мен үшін маңызы жоқ. Өйткені, 8 наурыздың тарихына үңілсек, алдымен, «Әйелдер мерекесінің» негізі – 1857 жылы 8-наурыз күні Нью-Йорк фабрикаларының тігіншілері өткізген шерудің негізінде пайда болған дейді. Олар – он сағаттық жұмыс күнін және де еркектермен бірдей жалақы беруді талап еткен. Бірақ бір деректер шеруді ұйымдастырған тігіншілер емес, жеңіл жүрісті әйелдер дейді. Олар өздеріне қарыз болып қалған теңізшілерге жалақыларын беруді сұраған. Содан шерушілер осы күнді, яғни, 8-наурызды «Әйелдер күні» деп атай бастайды. Сыйлық алу үшін мереке болуы міндетті емес. Құдайдың берген әр күнінде себепсіз гүл алған күшті ғой.
Айнагүл КӘРІМҚЫЗЫ, Қарағанды экономикалық университетінің оқытушысы:
– Ұлттық нақыштағы әшекейлер сәнге айналды. Сары алтыннан гөрі ақ алтынды әшекейлер де әдемі. Оған қоса інжу әшекей немесе қолдан жасалған бұйымдар, табиғи тастар, күміс және крис­талды сырғалар таққанды ұнатамын. Сол сияқты ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдар көмкерген сөмке алғым келеді.
Күнсұлу ҚАБДИЕВА, «Іңкәр» би ансамблінің жетекшісі:
– Қыз жаны – нәзік, шынайылықты қалайды. Сондықтан, ең бағалы сыйлық – қолдан және шын жүрегіңнен жасалған дүние ғой. Жақында достарым суреттерім жинақталған портрет сыйлады. Өзіме қатты ұнады. Осыған ұқсас тосыннан келген сый болса, шіркін.
Бұлбұл ҚҰСАЙЫНОВА, №36 мектептің информатика пәні мұғалімі:
– Наурызда сүйіктім мейрамханаға шақырып, құттықтағанын қалаймын. Серенада айтып, сосын гүл шоқтарын сыйласа деймін. Романтикалық кеш өмір бойына әдемі естелік болып қалар еді. Бұл – әрбір қыздың қалауы деп ойлаймын.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button