Руханият

Әлемдік музыка – Арқа төрінде

Қарағанды шаһарындағы Кеншілер мәдениет сарайында «Бар байлығым – достарым» фестивалі дүркіреп өтті. Аталған өнер мерекесі 20 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл жолғысы, алдыңғылардан өзгерек. Өйткені, биылғы фестиваль аталған ауқымды шараның негізін қалаушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен Қасейіновтің 75 жылдық мерейтойына арналды.

Мерейтой иесін құттықтауға Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Әзірбайжан, Италия, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстан сынды елдерден классикалық әннің шебер орындаушылары мен музыка білгірлері келді. Фестивальді Еркеғали Рахмадиев атындағы Академиялық симфониялық оркестрі музыкамен сүйемелдеді.

Дүйсен Қасейінов – Тәттімбет атындағы Қарағанды музыкалық училищесін, Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын және Петр Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясын бітірген. 2008 жылдан бастап, ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы болды. ҚР мәдениет министрі лауазымын абыроймен атқарған Дүйсен Қасейінов көптеген шет елдермен мәдени байланыстарды нығайтқаны үшін бірқатар марапаттарға ие болған.

Салтанатты жиынды облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов құттықтау сөзімен ашты. Кеш иесіне зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеп, естелік сыйлық табыстады.

– Өмірде достықтың маңызы зор. Әсіресе, ортақ іске идеялас жандарды біріктіретін де – ұлы достық. Ал, бізді осы игі шарада басымызды қосқан – музыка, өнер және мәдениет. Бұл фестивальға тоғыз елден дүлдүл әртістер қатысып отыр. Олардың арасында майталман әншілер һәм түрлі музыкалық аспапта шебер ойнайтын қонақтар бар, – деді Дүйсен Құрабайұлы.

Е.Рахмадиевтің «Таң самалы» туындысын «Астана опера» театрының әншісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұпар Ғабдуллина, Х.Сетековтің «Честь» туындысын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Ыдырысов, Р.Алаяровтың «Два туркменских танца» туындысын оркестрдің сүйемелдеуімен Түрікменстанның еңбек сіңірген қайраткері Равшан Непесов шебер орындады.

Қырғызстанның Халық ақыны Қожагелді Қулуев кеш иесіне арналған арнау жырын оқыса, Абай атындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары Ғалым Жайлыбай, Серік Ақсұңқарұлы арнау жырын оқып берді.

Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шахимардан Әбілов, К.Дүйсекеевтің «Қарағым-ай» әні мен Атай Оғонбаевтың «Жаштарға» туындысын Қырғызстанның халық әртісі Роза Аманова шырқады.

С.Еркімбековтің «Утро Родины» туындысын скрипкашылар ансамблі, Корей әні «Пимокты» Оңтүстік кореялық Ли Ён Сон, Н.Тілендиевтің «Сағындым ғой» әнін Алданыш Адамбеков орындады.

К.Пендерецкий флейта және шекті аспаптарға арналған концерттің IV бөлімі мен С.Бахтың «Шутка» туындысын оркестрдің сүйемелдеуімен флейтада италиялық Массимо Мерчелли, Леонковалоның «Тосска» операсынан Каварадоси ариясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Чотабаев, Г.Мовсесянның «Мои года – мое богатство» әнін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Абдрахманов әуелетті.

Ели Кыныктың «Скрипач» және Рауф Мамедовтың «Жаса менің халқым» туындысын әзірбайжандық Роза Зергерли, Клод Франсуа «Мой путь» әні мен Д.Тухмановтың «Ташкентін» Өзбекстанның халық әртісі Мансур Ташматов орындаса, Н.Тілендиевтің «Куә бол» әні мен Е.Ынтықбаевтың «Ертеңіне сенемін» туындысын Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева нақышын келтіре шырқады.

– Біз осындай достық атты қасиетті сезімді қастерлеп, концерттік бағдарламада бірге өнер көрсетіп, сахнаға сүйіспеншілікпен шығып, ұлы мәртебелі тыңдаушыларымызға көтеріңкі көңіл күй сыйлағанымызға қуаныштымыз. Бұл – мен үшін үлкен мереке. Себебі, бір сахнада түрлі елдердің өнер қайраткерлерімен бірігіп, әр халықтың өз ұлттық үнін паш етіп, достық пен сүйіспеншілікті жырлаймыз, – деді ҚР Халық әртісі Роза Рымбаева.

Кештің жоғары деңгейде өтуіне дирижерлар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Петр Грибанов, Қанат Ахметов, Италиядан келген қонақ Массимо Мерчелли, Түрікменстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Ровшен Непесов үлес қосты.

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button