Руханият

Әлем – балалар шығармасында

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейі мен №1 балалар өнер мектебі – ЮНЕСКО клубы арасында біраз уақыттан бері шығармашылық әріптестік орнаған. 29 наурызда қалалық білім бөлімінің қолдауымен аталған музейде өнер мектебі оқушылардың шығармашылық есеп беру көрмесін ашты. Экспозицияға 400-ге жуық композиция, пленэрлік жұмыс, эскиз, картина, сурет, мүсін, сәндік қолданбалы бұйымдар қойылды. Көрмеге қойылған туындылардан шынайылық пен тазалық, мейірім мен жылылық лебі еседі. «Әлем балалар көзімен» деп аталған көрме 9 сәуірге дейін жалғасады.

Көрменің ашылу салтанатында №1 балалар өнер мектебі – ЮНЕСКО клубының вокал, қазақ және орыс халық аспаптары, оркестр және хореография бөлімдерінің оқушылары өнер көрсетті.

Басты мақсат – оқушылардың рухани-адамгершілік әлеуетін дамытып, шығармашылықты кеңінен насихаттау, оқушылардың ынтасын оятып, бейнелеу өнері саласындағы дарынды балаларды анықтау әрі оқушының қоғамда танылуына жағдай жасау.

– Бұл – біздің он алтыншы көрмеміз. 47 жылдық тарихы бар №1 балалар өнер мектебі талай шәкірттердің шығармашылығын шыңдап келеді. Қаладағы 7 мектеппен келісімшартқа отырып, филиалдар аштық. Мектепте әртүрлі бағыт бойынша 3 жастан 17 жасқа дейінгі балалар оқиды. Бейнелеу өнері бөлімінде оқитын 386 оқушының бүгінгі көрмеде өз қолымен салған суреттері, мүсін, қолөнер бұйымдары қойылды. Арасында дипломдық жұмыстар да бар. Балалар қоршаған ортаны қалай қабылдайды, нені көреді, нені түйсініп, сезінеді? Міне, осыны оқушылар өнер туындысына арқау етті, – деді №1 балалар өнер мектебі – ЮНЕСКО клубының директоры Салтанат Елешова.

Өнер мектебінің оқушылары талай дүбірлі додада оза шауып келеді. Жуық арада Ташкентте өткен халықаралық байқауға 5 номинация бойынша қатысқан оқушылардың баршасы Гранпри иеленіпті.

Көрмеге №2 оқушылар сарайының директоры Шариза Алтынбекова келді.

– №2 оқушылар сарайында өнер мектебі оқушыларының салған суреттері ілініп тұр. Қосымша білім беру саласында осы мектептің алатын орны өте үлкен. Өйткені, оқушылары қашан да биіктерден көрінеді, жетістіктері де орасан. Туындылары әлемнің сұлулығын паш етеді. Мектеп ұжымына өнерлеріңіз үстей берсін дегім келеді, – деп тілек білдірді.

Жас суретшілер қатарында 8 жастағы Манап Асылай да бар. Ол гуашпен дельфиннің суретін салыпты. Өнер мектебіне 2-сыныптан бастап қатысады екен. Анасы Кәмшат Шотыбасова қызының қабілетін байқап, осы өнер мектебіне беріпті.

– Бейнелеу өнері көрмесіне келген ата-аналар, баршамыз балаларымыздың салған суретін көріп, тамсанып жатырмыз. Барлық балада өнер бар деп ойлаймын. Оны шыңдауда ұстаздардың еңбегі ерен. Қызым сурет салғанды жақсы көреді. Әлі кішкентай болғанымен, қазір суреттерді жақсы салып жүр. Бұл әрине, жетекшілерінің арқасы, – деді ата- ана Кәмшат Шотыбасова.

Өнер қиял мен шабыттан туады. Көрмеге қойылған туындыларда түрлі тақырыптар қамтылған: туған жер, табиғат, отбасы, салт-дәстүр, тарих, ертегі кейіпкерлері, бұйымдар, натюрморт, портреттер, т.б. Тіпті, мүсін де табылды.

№1 балалар өнер мектебінің оқушысы Нұрасыл Мұхамеджан көрмеге өзі жасаған Абай Құнанбайұлының мүсінін әкеліпті.

– Мүсінді жасауға 2 ай уақыт кетті. Осындай көлемді мүсінді алғаш жасауым. Бұған дейінгі көрмелерде салған суреттерім қойылды. Биыл мектеп бітіремін, болашақта мүсінші болғым келеді, – деді Нұрасыл Мұхамеджан.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button