Жаңалықтар

Өлең мен өмір

    Әдеби кеште тек әдебиет жырлана ма, өмір ме? Мүмкін мықты ақын мәңгілікті жырлау керек шығар? Тек әдебиет іш пыстырса, бүгінгі күннің жалаң образы жалықтырып алуы мүмкін. Ал, мәңгілік деген не өзі? Оны түсіну?.. Жадыраның жырларында осының бәрі болуы мүмкін. Оған дәлел? Дәлел: өлеңдері, иін тірескен оқырмандары.

 

Сонымен басталды. Сіз «ақынның кеші ме, жиналыс па?» дерсіз. Мен «өмір ме, өлең бе?» деймін. Негізі белгісіз ғой. Әрине, өмірге келген соң, ондағы қайшылықтармен поэзия қоса туады. Кеш, жиын дегендер оның сыртындағы қосалқылар ғана. «Қайшылық?». Иә, Жадыраның қайшылығы бәріне тән. Өлеңдеріндегі қайшылық өз іштерінен табылған соң, кісі қаптап тұрды. «Қайда? Кешінде ме?» дерсіз сіз. Мен «ақынның ішінде» деп әдебиетке алып кете берер ем, бірақ… Бұл газет болған соң, қиялдан реалға көшеміз.

Иә, Жадыра Байбұланованың оқырмандармен кездесу кеші, «Қағазжүрек» кітабының тұсаукесері. Біраз жайды байқатты. Шын өлең болса, оқырман келмей қоймайтынын. Жырға сусаған ел иін тіресіп тұрды. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультетінің кеңейтілген залында. Сезімі асып-төгіліп жататын Жадыраның жырларының өзіндей тура. «Мен сені сүйем, өмір!» депті өзі де. Расымен де солай. Өмірді сүйген күні күйеді адам… Осы жерден өмір басталады, өлең туады. Қалғаны – жанамалар…

«Кешті айтсайшы?» дейсіз сіз. «Кеш пе, кеш – Жадыраның оқылған өлеңдері. Оңды-солды шашылған жыр-қазынасы. Оның әрбір өлеңін оқығанда, әсерінен ішіңде бір кеш туып отырғаны». «Ал, кеш қонақтары?». «Кештің ең бірінші қонағы – Жадыраның өзі». Өлең жарыққа шыққан соң, өз алдына жеке өмір сүреді. Оны оқып, ләззат алған әрбір жүрек – қонағы оның. Жадыра-жыр әлі қаншама қонақ күтеді?! Бір күндері сарғайған парақтардан өзін де күтіп алуы мүмкін.

Ақынның алтын басын сыйлап келген тілектестері туралы басқа әңгіме. Сонау Алматыдан әнші Роза Әлқожа келіп, Жадыраның «Мен сені сүйем, өмір!» өлеңіне жазылған өз әнін орындап берді. Ақиық ақын Серік Ақсұңқарұлы, филология факультетінің деканы, профессор Мұхамедқали Әбдуов, филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асан, тағы басқа ағаларының жөні бөлек. Жадыраның жыр сапарына ақ жол тіледі бәрі. Сері-ағаң өлең оқыды.

«Сосын, сосын не болды?». Жадыра өлең оқыды. Тағы, тағы да оқыды. Өмір айдынында да бір жүзген жарасымды жұп Мирас пен Жадыра болып, сахнаға бірге шығып оқыды. Поэзиялық дуэль немесе керісінше сыр-сұхбат. Орын жетпеген оқырмандары кетіп қалмай, тік тұрып тыңдады. Түйсігі үнемі ояу жүретін тап бір Жадыраның өзіндей. Сана-сезімі ылғи ашық ақынның. Оған нұр да, шаң да құлауы бек мүмкін. Бірақ, өлеңге айналып кете береді. Қағазжүрек!

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Back to top button