Рухани жаңғыру

Латын әліпбиіне көшу – өркениет биігіне көтерілу

    Дамыған елдерде жақсы дәстүр бар. Ол – әлемдік құндылықтарды тез игеру. Жаңалықтармен  жарыса отырып, жылдамырақ сол әрекеттерді іске асыру. Өркениет дегеніміздің өзі – заманауи құбылыстарды заңды түрде ортаға бейімдеу екені мәлім. Біздің қазақ қоғамы, жасыратыны жоқ, әр нәрседен кешеуілдеп «ештен кеш жақсы» деп ұзын арқан, кең тұсауға салып келді. Даламыз қандай кең болса, пейіл-ниетіміз де сондай. Ал іске келгенде жайбарақаттық танытып, іске тез кірісуден аулақ қашамыз. Қазіргі заман «сен тұра тұр, мен атып алайын» деп кезек күтетін уақыт емес. Әлемдік кеңістік жанталаста, қарбаласта. Кешегі өгіз арба мен отарбаның кезі өткен. Кеңестік кезеңнің баяу тірлігі де көзден бұлбұл ұшты. Бүгінгі ақпарат ағымына ілесу үшін аса шапшаңдық, зуылдаған жылдамдық қажет. Осы орайда туған халқын, қазақ елін дамыған 30 елдің  қатарына қосам деп ұлы бастама көтерген  Елбасы Нұрсұлтан

    Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ тілін  кириллицадан  латын графикасына көшіру туралы  мәселе көтерілді.

Бұл үрдіс алғаш рет 1993 жылы басталған. Сол жылы Түркия  елінде Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Әзірбайжан және түрік ғалымдары бас қосып, бүкіл түркі халықтарына ортақ 34 әріптен тұратын үлгіні ортаға салған. Одан кейін Ұлттық Ғылым академиясының академигі Әбдуәли Қайдаров 24 әрпі бар қазақ нұсқасын дайындаған. Ал, содан бері  2013 жылға дейін жүзден аса жобалар қарастырылыпты.

Екінші бір адым – 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының XII сессиясында Елбасымыз латын графикасына көшу туралы зерттеуді тапсырды. Осыған орай Білім және ғылым министрлігінде арнайы комиссия құрылды.Оның жұмысына республиканың танымал тіл ғалымдарымен  бірге қоғамдық институттардың мамандары тартылды.  XX ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы латын әліпбиіне көшу тарихы зерттелді.

Үшінші кезең – 2013 жылы жасалды. Ол – Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитеті республикалық ғылыми конференция өткізгендігі еді.

Міне, ширек ғасырға созылған бұл бастаманың осынау үш кезеңінен кейінгі қорытынды сөзді Елбасы Н.Назарбаев өзінің ағымдағы жылдың сәуір айындағы мақаласында нақтылап айтты. Сәл үзінді келтірсек: «2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз.

2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет. Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және  әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс. Әрине, жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде белгілі бір уақыт кириллица алфавиті де қолданыла тұрады. Екіншіден, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға аламыз», – деген Елбасының жоспарлы ойын халық қызу қолдады. Сан алуан ой-пікірлер ортаға түсті. Көпшіліктің жан-жақты талқысынан кейін Жарлыққа қол қойылды. Күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе өмірлік күшіне енді. Ендігі жерде бұл үрдісті халық болып қолдап, аяғынан тік тұрғызу керек.

Латын әліпбиіне көшер алдында, жалпы осы «Латын» деген сөз қайдан шықты? Латын деген ел бар ма? Тарихта болған ба? Осындай сауалдар алдымыздан шығары да сөзсіз ғой. Сондықтан да, латын атауына, оның шығу тарихына да аздап тоқтала кетсек, артығы бола қоймас.

Ежелгі тілдер туралы сөз қозғалғанда, ең алдымен еске латын мен грек тілдері келеді. Әрине, грек тілінде және оның әртүрлі диалектілерінде гректер сөйлейтіні түсінікті, ал латын тілі римдіктердің тілі болды. Мұнда енді: «неге римдіктер латын тілінде сөйледі?» деген  сұрақ пайда болады. Латын тілі (Linqua Latina) – бұл ежелгі Лация (Latium) тұрғындарының тілі. Лация – сабиняндар жерімен, Этрурия және Кампаниямен шектескен Италияның ортасындағы кішігірім аймақ. Лацияның тұрғындары латындар (Latini), ал олардың тілі латын тілі (Linqua Latina) деп аталды. Латын тілі Еуропаның ежелгі мәдениетті халықтарының тілдері қатарына жатқызылады. Жалпы тараған лингвистикалық классификация бойынша латын тілі өлі (яғни, қазіргі кезде қолданылмайтын) италилік тілдерге жатады.Италилік тілдер қатарына  Италияда б.з.д І ғ. екінші  ширегінен б.з І ғ. аралығында  мекендеген ежелгі италилік тайпа тілдері жатады (тарихқа мәлім оск, умбр, сикул, және т.б). Италилік тіл үндіеуропалық  тіл тобына жатады, сонымен қатар, бұл топқа грек тілі, үнді тілдері, ирандық, славяндық, балтық, германдық тілдер жатады. Латын тілінің атауы Тибр өзенінің төменгі ағысында орналасқан Лациум (Latium) тарихи аймағында мекендеген ежелгі италилік латын тайпасымен тығыз байланысты. Лациумның орталығы б.з.д VIII ғ. латын тайпасы негізін қалаған Рим қаласы болды. Оның негізін латындар мен сабиндік ауылдардан тұрған, ал саяси және мәдени жағынан гректер мен этрускілер үстемдік етті. Б.з.д 753 жылы Римнің  қалыптасқан уақытында мемлекеттің басты құрамын италиктер құрап, екі диалектикалық топ – латын-фалилік және оск-умбрилік топтарды қалыптастырылған-ды.

Латындар алғашында ежелгі Лация территориясында өмір сүрген, оның шекаралары – Тибр және Аниен өзендері,  Апенин, Вольск таулары мен Тиренн теңіз аралығы. Римдік жаулап алу соғыстары кезінде олардың тілі бүкіл Италияға, кейін бүкіл антик әлеміне тараған. Латын хаты ежелгі римдіктермен пайдаланылып, Батыс Еуропа халықтарының  көптеген хаттарының негізі болған. Латын алфавиті алғашқы уақытта көп түрлі алфавиттердің  бір түрі еді, ал  финикилік алфавитті гректер мен басқа халықтармен  қабылданып алудың нәтижесінде қалыптастырды. Латын жазуын батыс гректік жазуға жақын және шығыс гректік ионилік алфавиттен ерекшеленетін Этруск алфавиттерінің бірі де қолданылған. Көптеген әріптердің жазылуы аталып кеткен алфавиттерде өзгеріссіз сақталса, осы әріптердің дыбыстық мағынасы өзгеріске ұшыраған. Латын алфавиті ежелгі грек алфавитіне ұқсас келеді. Антикалық тарихи әдепке сәйкес жазу өнері Лациумге гректермен Пелопоннестен әкелінген, олар Рим орталығында  орналасқан Паланиге көшіп қоныстанған. Латын алфавиті мен жазуы пайда болуының әртүрлі нұсқалары бар.Ең кең таралған нұсқаларына  сәйкес латын жазуы б.з.д IX ғ. қалыптасқан грек алфавит жазуының негізінде  жасалған. Себебі, Италияның оңтүстік бөлігінде бұрыннан көптеген грек қалалары мен тұрғылықты аймақтары орналасқан және гректер мен латындар арасында мәдени байланыс ерте орнатылып, тұрақты болған. Мысалы, Рим қаласының маңында орналасқан Габий қаласында да грек мәдениеті үстемдік етіп, онда антикалық аңыздарға сәйкес келешек Римнің негізін қалаушылар – Ромул мен Рем сауат алған.

Әрине, латын жазбасы тез пайда болды деп айтуға болмайды, тіл қалыптасу жолында  барлық процестер ұзаққа созылады, кейде көптеген мыңжылдықтар аралығында  қалыптасады, латын тілі мен латын алфавиті де баяу және өз ретімен дамыды. Латын алфавитінің қазіргі бізге үйреншікті аяқталған түрі б.з.д VI-III ғ.ғ. қалыптасқан. Латын  жазбасының алғашқы ескерткіштері (тастағы және әртүрлі нәрселердегі жазбалар) ежелгі грек жазуымен туыстығын көрсететін архаикалық әріп жазбасымен ерекшеленеді. Көптеген ежелгі латын жазбалары  жазуды оңнан солға қарай жазған, тек б.з.д IV ғ. жазу сол жағынан оңға қарай бағытталып тұрақты орнатылды.

Міне, көне заманнан сыр шертетін тарихи деректер осылай дейді. Бір ғажабы, осы ең көне тіл – иесі жоғалғанымен өзі өшпей уақытпен жарысып, көгере-көктеп бүгінгі заманға жетті. Қазір Жер шарын мекендеген қаншама мемлекеттердің жартысынан көбі, әлем халықтарының  70% – нан астамы латын графикасын қолданады екен.

Елбасы  өзінің мақаласында: «Біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек. Латыншаға көшірудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның,коммуникацияның,сондай-ақ, XXI ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес», – деп атап көрсеткені, біздің келешегіміз – жас ұрпақтан көп үміт күтетіндігі екендігі даусыз. Елбасы айтқандай, бүгінгі жас буын бұл тарихи үрдіске тез икемделеді, тіпті дайын тұр деуге де негіз бар. Ал орта буын мен біздің аға буынның дайындығы қалай? Енді осыған сәл аялдайық.

Менің мамандығым – биолог, эколог. Осы жаратылыстану саласымен айналысқаныма 50 жылдан асыпты. Өмірдегі жарты ғасырдан астам тәжірибеме қарап отырсам, Кеңестік кезеңнің де, Тәуелсіздік тұсының да біраз дүниелерін көріппін. Екі қоғамға да еңбек еттім. Сол ұзын-сонар еңбек жолымда, әсіресе, біздің салада латын қарпіне қатысты сөздер жиі қолданылады екен. Мәселен, географияда – жер-су, орман-тоғай, тау-тас атаулары, биологияда – өсімдіктер аттары, зоологияда – барлық систематика, аң-құстар мен жан-жануарлар атаулары, анатомияда – адам ағзалары, медицинада – бүкіл ауру аттары мен дәрі-дәрмектердің бәрі латыншасымен бірге айтылып, латын қарпімен қоса таңбаланады. Бұған математика түрлері мен химия, физиканы қосыңыз. Олар да латыншаға жақын жүреді. Бұл – біздің аға буынның басынан өткен өмірлік тәжірибеден алынды. Ал қазіргі компьютер, ұялы телефондар, жаңа инновациялар, әлемдегі озық технологиялардың барлығы латыншаға икемделген. Бүгінгі таңда  Жер жүзіне үстемдік құрып тұрған ағылшын тілі де осы латыншаның бір ағайыны. Бұған дәлел ретінде, Елбасымыздың тағы бір пайымды пікіріне құлақ түрейік. «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек». Шындығында, бүгінгі жаһандану дәуірінде бәсекелестікке қабілетті елдер ғана алға озып, халқының тұрмыс-тіршілігін түзей алады. Кез келген мемлекеттің саясаты да, мәдениеті де, экономикасы да тілге тәуелді. «Тілің дұрыс болса, өмірің де, көңілің де дұрыс болар»  дейтін қарапайым қағида бар. Дәл қазіргі әлемде болып жатқан өзгерістер мен құбылыстарға төтеп беру үшін қазақ ұлты және барлық қазақстандықтар осынау тарихи жолды таңдап, кириллицадан – латыншаға жедел көшкені абзал. Бұрынғы заманғы көшуден гөрі бұл жолғы көшіс тез әрі жылдам іске асатын сияқты. Себебі, қазіргі технологиялардың ыңғайы мен адамдардың бейімделу үрдісі бұрынғыға қарағанда тез әрі жылдам.

Түйіндеп айтқанда, төрткүл дүние қолданып отырған латын қарпіне қадам басып, көшіп, өмірімізге орнықтыру – бүгінгі замана талабы, уақыттың сұранысы. Бәсекеге қабілетті әлем алпауыттарымен деңгейлес болу үшін «Тәуекел. Алға, Қазақстан!» деп тіке тарта берсек, Тәуелсіз еліміздің көк байрағы онан сайын биіктей берері сөзсіз.

Қайыржан БЕКІШЕВ,

Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың профессоры,

«Құрмет» орденінің иегері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button