Саран

Латын қарпі: жеңілдік пен жетістік

  Абай атындағы Саран гуманитарлы-техникалық колледжінде Елбасы Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған қазақ әліпбиін біртіндеп латын қарпіне көшіру мәселесі бойынша семинар өтті. Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен Саран қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған семинарға аталған колледж оқытушылары мен студенттері қатысты.

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бас маманы Сәуле Нелдібаева жүргізген семинарда алғашқы баяндаманы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұл жасады. Осы жолғы мақаласында Президент латын қарпіне көшу туралы, оған қазірден қам қылу керектігін айтты. Бұл мәселені Елбасы 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясында айтқан болатын. Одан бері он жыл өтті. Түрлі зерттеулер, жобалар жасалды. Қазір мәселе қызу талқыда. Ғалымдардың көпшілігі бүгінгі әліпбиімізге қарағанда, латын графикасының тиімділігі мен оңтайлылығын дәлелдеп жатыр. Салыстыру барысында ұтылмай, керісінше, ұтатынымызды мәлімдеп отыр. Латын графикасына көшу арқылы кезінде комунистік партияның ықпалымен жазылған шығармаларды кейін ысырып, әдеби мұраларымызды да екшеп аламыз. Сондықтан, сіз бен біз болып, қаріптің осы түрін қабылдауымызды қолдауымыз – заман талабы», – дейді Жандос Қожахметұлы.

Келесі кезекте сөз алған «Болашақ» академиясының профессоры Құрманғазы Сембиев ойын былай өрбітті. «Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – тек мақала ғана емес, қазақ халқы үшін нағыз керекті, өзекті бағдарламалық құжат. Әсіресе, латын графикасына қатысты тарауы. Елбасының осы құжаттық дүниесі шыққаннан кейін «Орталық Қазақстан» газетінің редакторы Мағауия Сембай «Латынның өзі жоқ, қарпі қалған» деп үн қосты. Сол сияқты, біз қазір уақыт талабымен көштен қалмай, Елбасы өзі айтқан «Ұлттық кодымызды» сақтау үшін және Түркі халықтарымен етене қарым-қатынас жасау жолында өте маңызды шешім. Мәселен, қазір Президенттің тапсырмасымен жұмысшы топ құрылып, әр сала бойынша ғалымдар, тіл мамандары, тіпті, Айти (ІТ) мамандары жабылып, қазақ тілін латын қарпімен таңбалаудың ең тиімді нұсқаларын қарастырып жатыр. Латын алфавитінің он түрлі нұсқасы бар екен. Солардың ішінен өзімізге оңтайлы таңбаларды іріктеп шығуымыз керек.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру орталығының аға оқытушысы Серік Мұстафин да өз ойымен бөлісіп, латын қарпінің тиімділіктеріне тоқталып өтті. Семинарда баяндама оқыған ҚарМУ-дың қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Бектұрсын Қалиев латын әліпбиінің мынадай тиімділіктерін тізіп берді:

«Өткен ғасырларда түрлі тарихи, саяси жағдайларға байланысты дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылып кеткен қазақ баласының басын қосушы фактордың біріне айналар еді. Өйткені, бәріміз бір тілде сөйлегенімізбен, әртүрлі әліпбиді пайдаланамыз. Яғни, латын әліпбиі – әлем қазақтарының рухани бірлігінің негізі деп айта аламыз.

Біздің мұрағаттарда шаң басып жатқан көптеген мұрамыздың дені латын әліпбиінде жазылған. Латын әліпбиіне өту арқылы баға жетпес інжу-маржан, бай мұраларымызды кеңінен зерттеуге мүмкіндік алар едік. Мәселен, алаш арыстарының еңбектері.

ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры десек, бүгінгі компьютер заманында әлемдік ғаламтор жүйесіндегі ақпарат кімнің қолында болса, сол өз билігін емін-еркін жүргізе алады. Ал ақпараттың басты құралы – жазу. Яғни, ғаламтор жүйесінде үстемдік жасаушы – ол латын графикасы. Білім, ғылым, өндіріс саласына еніп жатқан жаңа технологияларға латын әліпбиі арқылы қол жеткізудеміз. Сондықтан, латын әліпбиіне көшумен халықаралық ақпараттық кеңістікке шығу жеңілдейді, яғни ғаламтор жүйесін халқымызға ана тілінде меңгеруге жол ашылады.

Қазақстанның кириллицаны тастап латынға көшуі – көршіміз Ресеймен достық байланыстарынан бас тартуы деген сөз емес. Бұл – тәуелсіз елдің ішкі ұлттық мәдени мәселесі. Ол мәселенің көрші елдермен қатынастарға қатысы жоқ. Ресей мен Қазақстанның достық негіздегі байланыстары екі ел үшін де пайдалы екені анық. Сондықтан, Қазақстанның латын әліпбиіне өтуі Ресеймен достық байланыстарды жалғастыруға еш кедергі келтірмейді», – дейді Бектұрсын Аманқұлұлы.

Жәнібек ӘЛИМАН

САРАН қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button