Рухани жаңғыру

Латын қарпі – қолдауға ие

   «Латын қарпіне көшу – ғалымдар зерделеуінің нәтижесінде жүзеге асты. Алдағы уақытта оның қолданыс аясын кеңейту – ХІХ ғасырдағы ғалым-жазушыларымыздың шығармаларын тереңнен тануға жол ашады», – дейді Қарағандыдағы №23 жалпы білім беретін орта мектеп ұжымының ұстаздары. Осы мақсатта қалалық білім бөлімімен бірлесіп өткізген форум – педагогикалық кеңестің талқылауына ұласып, оң пікірлер айтылды.

Жиынға қатысқан көпшілік «Латын қарпі – дамудың жаңа сатысы» тақырыбындағы пікірталасқа қатысып, ой қозғады. Латын әліпбиіне көшудегі мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп қоймай, болашағына қолдау көрсету мақсатын көздеді.

Іс-шараға филология ғылымдарының докторы, академик Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің профессоры Алмагүл Әділова,  Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың қазақ тілі кафедрасының доценті Бектұрсын Қалиев, «Өрлеу» БАҰО АҚ аға оқытушысы.

Ғазиза Смағұлова, Мұхтар Әуезов атындағы орталықтандырылған №29 кітапхана филиалының меңгерушісі Жанар Мусина және мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысты.

Білім ошағының басшысы Нүркен Ашықбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрініс тапқан латын әліпбиіне біртіндеп көшу үрдісін  іске асырудың маңыздылығын атап өтті.

Нүркен АШЫҚБАЕВ, №23 мектептің директоры:

– Қайта жаңғыру заманында латын әліпбиіне көшу – жалпы ел үшін, мәдениетіміз үшін үлкен рухани құбылыс. Халқымыздың бірлік пен мәдениетінің дамуына тағы бір себеп әкелетін дара жолы. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары көптеген сарапшылар латын әліпбиіне көшу мәселесін көтеріп келеді. Алғашқы пікірлер 1926 жылдан бастау алғаны белгілі. Қазақ тіл білімі тарихында 1929 жылы қазақ жазуы ресми түрде латын әліпбиіне  көшкен. Сонымен қатар, 1929-1940 жылдар аралығында латын әліпбиі қолданыста болған еді. Осы ғылыми тұжырымдарға сүйене отырып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың латын әліпбиіне көшу саясатын жеке тұлға ретінде қолдаймын. Себебі, латын әліпбиіне көшудегі негізгі құндылық – тіл ауыспай, таңбаның ауысуы. Екіншіден, сөзді негізгі дыбыста қалай естісек, солай жазамыз. Сондықтан, өзгерістердің тиімді тұстары көп.

Мектеп басшысының айтуынша, көптеген отандық ғалымдарымыздың сөзіне сүйенсек, графикаға ауысуда ешқандай қиындық тумайды. Реформа болғандықтан, әртүрлі сұрақтар болуы мүмкін. Осыған орай, №23 мектепте қазақ тілі алфавитін латын әліпбиіне көшіру, тіл болашағына қатысты ой тастау мақсатында қалалық әкімдік тарапынан құрылған жоспар негізінде бірнеше шаралар ұйымдастырылған.

Мектеп жиындарына жиі қатысатын Бектұрсын Аманқұлұлы өз сөзінде қазақ тілінің латын қарпіне көшуіндегі басымдықтарын атап өтті. Форумның практикалық бөлігінде педагогикалық ұжым ұсынылған жаңа әліпбидің нұсқасымен таныстыру, латын әліпбиіне көшуде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, болашағына қолдау көрсету мақсатында сынып сағаттарын өткізді. Сөз алған Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің профессоры Алмагүл Әділова латын әліпбиіне көшудегі оңтайлы әдістерге тоқталды. Әлеуметтік желіде орын алған қызу талқылауларды атады.

– Латын графикасымен көптеген классик жазушыларымыздың туындалары, кітаптары жарияланғаны белгілі. Ең алғаш латын графикасына көшу туралы 1993 жылы академик Әбдуәли Қайдарұлы «Латын алфавитінің болашағы зор» деген «Ана тілі» газетінде мақала жариялаған болатын. Содан бері кейінгі жиырма бес жылдың көлемінде латынға көшу туралы мемлекеттік деңгейде Елбасының сөзімен 2006, 2012, 2017 жылдары айтылды. Кейінде латын графикасына негізделген қазақ алфавиті көпшілікке ұсынылып бекітілді, – деді.

Профессордың айтуынша, латын графикасына көшу – ұзақ процесс. Оған қоса, бір жағынан ел үшін алаң туғызатын мәселе. Соған қарамастан халқымыздың білімділігі, таным-қабілеті латынға еш кедергісіз көшуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда саяси шешім қабылданғанымен, латын графикасына негізделген қазақ жазуының емле, ережесінде өзгерістер болуы мүмкін.

Сондықтан, жастар үшін латын графикасына үйренудің еш қиындығы болмауы тиіс.

Жалпы жиынға қатысқан мамандардың пікірінше, кез келген тілдің өзгеруінің өзіндік себептері бар. Олардың арасында педагогикалық, ақпараттық, әлеуметтік секілді түрлері болады. Латын графикасына көшудің негізі – педагогикалық себеп. Қазақ тілін басқа тілді аудиторияда үйрету үшін біз – көп жағдайда кирилл әріптерінің образынан айырыла алмай жүрміз. Сондықтан, педагогикалық түрі негізгі себеп болып табылады.

Десек те, жас қазақстандықтар үшін басты мақсаттың бірі – ғаламдану үдерісіне қосылу. Осыны ескерсек, болашақ үшін латын графикасына көшкен дұрыс дейді ғалымдар.

Осы тақырыпта оқушылармен бірлесіп тарих пәнінің мұғалімдері Э.Басибекова, Ж.Нашарбек дебат өткізді. Сондай-ақ, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері А.Мухсинова және  И.Есекеева «Латын әліпбиі – болашақтың бағдары» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Аталған тақырыптар бойынша мектеп қонақтары, педагогикалық ұжым, оқушылар өз пікірлерін ортаға салды. Қала бойынша мектептің дебат ойындарының үздік командасы қазақ тілінің тарихы  мен латын әліпбиіне көшудің қажеттілігі жөнінде қойылған сұрақтарға сәтті жауап берді.

Сөйтіп, латынға арналған форум өз мәресіне жетіп, мектептің үздік оқушылары өздерінің алғырлықтарын таныта білді. Латын әліпбиінің өміршеңдігіне бағыттайтын, тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік беретін ұсыныстар айтылды.

Айта кеткен жөн, алдағы уақытта №23 мектепте Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай еліміздің киелі жерлерінің географиясынан хабар беретін «Туған ел», «Мәңгілік Ел» бойынша заманауи қазақстандық этно-мәдени мұражай ашылады. Бұл ұстаздар қауымына мұражайға барып, сабақ өткізуге көп мүмкіндік бермек. Аталмыш мектептің ұжымы туған елге, жерге деген құрметін солай білдірмек ниетте.

    Аяулым СОВЕТ

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button