Ұланбасы сайланды

    Жақында Саран қаласындағы балалар мен жастар орталығында орта мектептердің президенті және қалалық «Жас Ұлан» ұйымының ұланбасы сайланды.

Президенттікке 8 үміткер өтініш білдіріп тіркелді. Олардың арасында №1 мектептен – Р.Латыпов, №2 мектептен – Н.Малеев, №4 мектептен – О.Айдын, №6 мектептен – А.Литвиненко, №7 мектеп-интернаттан – А.Сарлыбаева, №13 мектептен – Т.Булаткина, №16 мектептен – А.Сатова, №17 мектептен – М.Ульянов сияқты білім озаттары бағын сынады. Үміткерлер өздерінің дайындаған сайлауалды бағдарламаларымен таныстырып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Сайлау рәсімі жабық түрде өрбіп, мектеп оқушылары мен қала жастары қатысты.

Ұланбасын сайлаудағы мақсат өскелең жас ұрпақтың бойында патриоттық, білім мен өзін-өзі жетілдіруге деген құштарлық, Отанға деген сүйіспеншілікті арттырып, Тәуелсіз Қазақстанның бүгіні мен болашағына деген жауапкершілікке тәрбиелеу болып табылды. Оның ішінде қазақ халқының тілін, мәдениетін, тарихын білу негізінде өскелең жас ұрпақтың бойында рухани-адамгершілікті қалыптастыру, танымдық жұмыстарды ынталандыру, балалар мен жасөспірімдердің зияткерлік, шығармашылық және әлеуметтік дамуы үшін жағдай жасау, жауапкершілік пен еңбексүйгіштікті қалыптастыруға, көшбасшылық және ұйымдастырушылық қабілеттерін дамытуға бағытталған баланың жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту міндеттелді. Осы мақсатта жұмыс жоспары бекітіліп, қаланың ұланбасын сайлау комиссиясы құрылды. Комиссия төрағалығына Саран қалалық білім беру бөлімінің әдіскері – Е.Коробова, комиссия мүшелігіне қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы – Г.Сычева, жастар ресурстық орталығының басшысы – Ә.Рахымжанов, қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы – Е.Гусева, А.Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлы-техникалық колледжі «Жігер» студент жастар қозғалысының төрағасы – Г.Сәтиева, Саран техникалық колледжі «Жігер» студент жастар қозғалысының төрағасы – А.Шарапатова тағайындалды.

Бір айта кетері, кандидат өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, алдағы жылы жасайтын жұмыс жоспарын көрсетті.

Сайлау қорытындысы бойынша үміткерлердің ішінен ең көп дауыс жинаған, жалпы білім беретін №4 мектеп оқушысы – Олжас Айдын ұланбасы атанып, барлық жиналғандардың алдында ант қабылдады. Салтанатты жиын барысында қала әкімінің орынбасары Е.Оспанов құттықтау сөз сөйлеп, қала мектептерінің президенті және «Жас Ұлан» ұйымының ұланбасы атанған Айдын Олжасқа арнайы белгі тақты. Ералы Серікұлы Олжасқа өзінің көшбасшылық қасиетін ұштай отырып, алдыңғы қатарлы оқушылардың бірі болуға тілектестігін білдірді.

Нұрбану БАЙМҰХАМБЕТОВА.

САРАН қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.