Руханият

Құлагерше құлашын кеңге сермеп

Қарағанды қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен №8 орта мектепте «Ілияс Жансүгіров оқулары» қалалық байқауы өтті. Оған қала мектептерінің 7-11 сыныбында білім алатын 40-қа жуық үміткер қатысып, бақ сынасты. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің қамқоршысы, қалалық білім бөлімінің әдіскері Айгүл Еркінқызы шараның басы-қасында жүрді.

Қатысушылар үш бағытта өнер көрсетті. «Ілияс эпик ақын» бағытында олар поэзия құлагерінің поэмалары, ал, «Сұлу сөздің сүлейі» бағытында түрлі тақырыптағы жырлары жатқа оқылды.

Үш бағыт бойынша Қарағанды облысында білім беруді дамытудың әдістемелік орталығының әдіскері Ғазиза Смағұлова, ақын, Шәкәрім атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Асылбек Сүлеймен бастаған бірқатар тәжірибелі ұстаздар төрелік етті. Іс-шараны тізгіндеп, ұйымдастыруда қырағылық танытқан ақын, №8 мектептің ұстазы Қайрат Иманбектің еңбегін атап өткен жөн.

Нәтижесінде, ақынның поэмаларын жатқа айту бойынша III орынға Ә.Ермек атындағы мектеп-лицейдің оқушысы Гүлжан Серікжанқызы, Б.Момышұлы атындағы орта мектептің оқушысы Айзере Маралова, №51 орта мектептің оқушысы Гүлдана Алиасқар ие болды. Ал, II орын №22 орта мектептен келген Мұхтар Әлиге, I орын №61 орта мектептің намысын қорғаған Нұргүл Сырымбетке бұйырды.

Ақынның өлеңдерін жатқа айтудан III орын №87 мектептен Ақниет Айтбайға, М.Жұмабаев атындағы гимназиядан Бағдат Бақытқа, №65 мектептен Бекарыс Қоңыртайға, №25 орта мектептен Элина Вайнерге, №27 мектептен Гүлдәурен Серікке нәсіп болды. II орын биігінен Ә.Ермек атындағы мектеп-лицейден Әлішер Ермекбаев пен Ж.Ақбаев мектебінен Ділназ Даниярқызы көрінсе, I орынды №61 орта мектептің оқушысы Ақшархат Эшкулова жеңіп алды.

«Ағынды менің – Ақсуым» аталымында өлеңге талаптанып жүрген оқушылар алдымен Ілияс ақынға арнап жазған өлеңін және еркін тақырыпта бір өлең оқыды. Екінші кезеңінде оларға 30 минут ішінде «Қамшы» тақырыбында екі шумақтан кем емес өлең жазу міндеті жүктелді. «Құлагер» сынды поэма жазған Ілияс ақынның мүшәйрасына бұл тақырып дөп түскендей. Шын жүйрік мұндайда тосылсын ба? Бұл сында шашасына шаң жұқпай, 12 талапкердің арасынан қара үзіп, №25 орта мектептің оқушысы Нұрасыл Аманжол келді мәреге.

Шынында, Нұрасылдың жаны ақын екен. Ағып тұр. Бағыт-бағдар көрсетіп, баптап жіберсе бауырын жазайын деп-ақ тұр. Ата- әжесінің қолында тәрбиеленіпті. Қасиетті Қарқаралының Ақтерек ауылынан екен. Ауыздығымен алысып тұр жас ақынның аяқ алысына қуанған қазылар алқасы «бір ақын таптық» деп сүйінші сұрады.

Марапаттау кезінде бас жүлде алған Нұрасыл ақын қамшы туралы жырын оқып, жиналғандар тік тұрып шапалақ соқты. Өлең оқуы да ерек. Бұл жеңісте ұстазы, жетекшісі Гүлнұр Көшкінбаеваның да еңбегі зор екенін атап өткен жөн. Осылайша, Нұрасыл ақын алдыңғы екі аталымда оза шапқан қос замандасымен бірге «Ілияс Жансүгіров оқуларының» облыстық кезеңінде бақ сынайды.

Құлагерше құлашын кеңге сермеп, құлдыраңдаған жас ақынға ақ жол тіледік.

Жәлел ШАЛҚАР.

Ortalyq.кz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button