Жаңалықтар

Ұлағатты жинақ – ұрпақ игілігіне

    Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы ел тарихының өнегелі тұстары мен халық мүддесі жолында тер төккен тұлғалардың тағылымын дәріптеу, оларды бүгінгі және болашақ ұрпаққа үлгі ете білу мақсатын меже тұтатыны белгілі. Өткен бейсенбіде Гоголь атындағы облыстық кітапханада өткен Астанадағы «Кәусар» баспасынан жарық көрген  «Нар тұлға» кітабының тұсаукесері осынау ұстаным аясында іске асырылды.

Жинақтың  таныстырылымы  Қарағанды қаласында өтуінің өзіндік себебі бар. Өйткені, кітап кейіпкері, жарты ғасырға жетер-жетпес қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында соңына өшпес із қалдырған арда азамат, Еңбек Қызыл Ту орденінің екі мәрте иегері Тұрсын Жәкешовтің туып-өсіп, еңбек еткен өңірі – осы аймақ.

Тұсаукесер рәсіміне өңір тарихында өзіндік қолтаңбалары бар Кәрібай Шушиков, Мылтықбай Ғазалиев, Аманкелді Туғанбаев, Тұрар Алтынбеков, Өкен Аманбектегі, Бақыт Торғаев, Болат Ақымбеков, Ержан Көшербаев секілді есімі елге танымал азаматтар, республикалық «Қасым» журналының  бас редакторы Серік Сағынтай, «Кәусар» баспасының директоры Қуат Құрмансейіт, Тұрсын Мұқашұлының ұрпақтары және тағы да басқа кітапқұмар қауым қатысты. Мағыналы жиында сөз алған Тұрсын Мұқашұлының замандастары оның өнегелі өмір жолы хақында тереңнен толғай сыр шертіп, естеліктерімен бөлісті.

Шара соңында кітап кейіпкерінің ұрпақтары атынан қорытынды сөз сөйлеген Қуаныш Тұрсынұлы жиналған жұртшылық пен кітапхана ұжымына алғыс айтып, кітапхана қорына «Нартұлға» жинағының бірнеше данасын тарту етті.

Оқырманға берері мол кітап Шет ауданы, Өспен ауылдық округіне қарасты Еркіндік ауылында өз ұрпақтарының күшімен бой көтеріп, бүгінде тұтас елді имандылыққа үндеп тұрған Тұрсын Мұқашұлының атындағы мешітте арнайы берілген ас барысында да жергілікті жұртшылық пен сырттан ат сабылтып келген ағайынға таныстырылып, көпшілік қауымға таратылды.

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Back to top button