Жаңалықтар

Ұлағат иесі

     «Мен ұстаздықты жаныммен қалап алған адаммын!», – дейді Мәлике ЖҮНІСБАЙ. Жетпістің желкенін керсе де, ойы сергек ұлағат иесі.

Ғұмырының жарты ғасырға жуығын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Мәлике Әлиқұлқызы – Білім беру ісінің үздігі. Еңбек жолын бұрынғы Егіндібұлақ ауданында бастаған ұстаз кеңестік кезеңде де ел алдында жүрді. Селолық советтің депутаты, аудандық партия комитетінің мүшесі болып сайланды және бірнеше рет партия конференцияларының делегаты болды.

Мәлике Әлиқұлқызы білім беру ісі мен өндірістік тәжірибені ұштастыруға, мектеп пен ата-ана арасындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселесіне ерекше мән берген.

Мерейлі маманның мәңгілік ізі – Қарағанды қаласы Ә.Бөкейхан атындағы №76 мектепте де сайрап жатыр. Жоғары санатты ұстаз ұзақ жылдар бойы осы білім ордасында оқу ісінің меңгерушісі болды.

«Мәлике Әлиқұлқызы жас мамандарға ақыл-кеңес беріп, жол сілтеуден шаршаған емес. Өз тәжірибесімен бөлісіп, үнемі қамқорлық таныта білді», – дейді Ә.Бөкейхан атындағы №76 мектептің жаратылыстану бірлестігінің ұжымы.

Мәлике Әлиқұлқызы Тәуелсіздік жылдарында да шәкірттерінің шыңға шығуына демеу болып, химия пәнінің әлеміне терең бойлатты. Адал еңбек – нәтижесіз қалмайды. Ұстамы мықты ұл-қыздар облыс, республика көлеміндегі білім сайыстарында биіктерді бағындырды.

Ұстаздың алдын көрген шәкірттері бұл күнде түрлі салада еңбек етіп, еліміздің гүлденуіне үлес қосып келеді. Әрқайсысы да Мәлике Әлиқұлқызының ерен еңбегін еш ұмытпақ емес. Мәселен, менің қолыма әріптесіміз, «Қазақстан» ұлттық арнасының меншікті тілшісі Руслан Тұрсынғалиевтің қолжазбасы түсті. Ұстазға деген құрметін өлеңмен өріпті. Руслан да – Мәлике ұстазының мейірімін сезінген жастың бірі.

Иә, «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» (Абай). Осы қасиеттерді бойына жинап қана қоймай, өзгеге – жас буынға сіңіру – ұстаздың басты арманы, шынайы бақыты болса керек. Мәлике Әлиқұлқызы да – өмірден өз бақытын тапқан Ұстаз!

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button