Құлаққағыс жерде қалмаc

   Ауылды өркендету, ауыл шаруашылығын дамыту туралы өткен бір үлкен жиында Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Ауылымызды ұмытпайық, қолымыздан келгенше көмектесейік» дегені есімнен кетпейді. Оған қоса, биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиіс» дегенін қалай ұмытайық?! Барлығымыз ауылдың перзенттеріміз. Сондықтан, шама-шарқымыз жеткенше ауылды қолдайық, әсіресе, тарихта орны бар, қазақтың біртуар тұлғалары тәрбиеленген Успен (Нілді) сияқты жерлерді жүдетпейік деген мақсатта қолға қалам алдық.

«Орталық Қазақстан» газетінің 29 маусым күнгі санында өлкетанушы Файзолла Шәкімов­тің «Ұлықтайтын кез келді» атты мақаласында Успен кенішінің 170 жылдығы туралы жазылды. Содан бергі уақытта мемлекет және қоғам қайраткері, дауылпаз ақын, жазушы Сәкен Сейфуллиннің, заманымыздың заңғар жазушысы Ғабиден Мұстафиннің шығармаларындағы, Медеу Сәрсекеевтің Қаныш Сәтбаев туралы еңбектеріндегі, Жаңаарқа аудандық газетінде әр жылдарда жарияланған мақалалардағы, кейбір ресми құжаттардағы деректерді саралап және көнекөз қариялардың әнгімелерін еске алып, зерделеп, Успен кеніші туралы көрген-білгендерімді, аз-кем мәселелерді келешек жеткіншектерге жеткізуді жөн болар деп шештім.

Успен кенішінің тарихы 1847 жылдан басталады. Осы жылы Ресей көпесі Никон Ушаков Нілді тауының бауырындағы “Әулиетас” атты төбенің маңында кен қазу құқығын Боздақтың Қарабақсысынан 86 күміс теңгеге сатып алып, 50 жылдай кен өндіріп, 1903 жылы француз елінің белгілі өкілі Жан Карноға 766 сомға сатады. Жан Карно өз кезегінде кенішті 1905 жылы ағылшын Нельсон Фелльге өткізеді. Сол кезден бастап Успен кеніші, Спасск мыс қорыту зауыты, Қарағанды көмір қазбалары Н.Фелльдің компаниясының қарамағында болыпты.

Осы төбенің “Әулиетас” аталуы туралы қызықты бір әңгімені ұлағатты ұстаз, қазіргі кезде Жаңаарқа ауданы орталығынан бір мектеп атын алған Бименде Амалбековтен естіген едім. Биекең бірде Успеннен Қарағандыға бару үшін пойызға мінеді. Сөйтсе, вагонда сақал-мұрты аппақ, ұлты еуропалық бір қарт отырады. Сол кісі Биекең жайғасқан соң «сіз білесіз бе, осы жерде «Святая сопка» деген төбешік бар ма?» деп сұрайды. Биекең алғашқыда «білмеймін» деп қалады да, соңынан ойланып, «Святая сопканың» «Әулиетас» екенін түсініп, “иә, бар” депті. Әлгі қария: “онда сен неге олай аталғанын білесің бе?” дейді. Биекең білмейтіндігін мойындапты. Сонда қарт өзінің ертеректе осы кеніште қызмет істегенін және осы төбенің айлы түндерде ай сәулесімен шағылысып, жалт-жұлт етіп жататынына, етегіндегі бұлақ суының тері ауруларына ем болғанына және бұлақ басында бір бәйтерек өсіп тұрғанына байланысты жергілікті халық “Әулиетас” деп атап кеткендігін айтып береді. Шындығында, осы төбеде әлі күнге дейін мыс және басқа да металл жұқпалары бар жылтырақ тастар көптеп кездеседі, ал, бұрынғы карьерге толған суға шомылғандар денедегі бөріткен, жаралардың жазылып кететінін айтады.

Успен мысы Кеңес үкіметі заманында темір жол салынғанша ашық әдіспен (карьер) қазылып, ат, өгіз арбалармен Қызылжарға (Петропавловск) дейін, одан әрі темір жолмен, теңіз кемелерімен Англияға тасылыпты. Кенді байыту, қорыту үшін Успеннен 12 шақырым жердегі Сарысу өзенінің бойында кен байыту фабрикасы, 110 шақырым жерде Спасск мыс қорыту зауыты салыныпты. В.Магильницкийдің айтуынша, Қарағандының Саран қаласының маңындағы алғашқы көмір қазбалары ашылып, Спасскіге көмір тасылыпты. Кейін Балқаш мыс қорыту зауыты салынған соң Успен кені сонда қорытылатын. Совет үкіметі орнаған 1917-1918 жылдары ағылшындар Сарысудағы кен байыту фабрикасында жарылыс жасап, өртеп кетіпті. Сол фабриканың орны (қираған қабырғалары) әлі сақталған.

Геолог В.Пуховтың 1936 жылғы жазбаларында Успен кенішінде 1916-1917 жылдарға дейін кен ашық әдіспен тереңдігі 15 сажынға (37,2 м) дейінгі карьерден алынғаны және тек құрамы орташа есеппен 18% болатын, бірінші сұрыпты (сорт) мыс кенін өндіргендігі келтіріледі. Осы орайда Медеу Сәрсекеевтің «Қаныш Сәтбаев» атты кітабында айтқан «Қаныш ағаның Лондон көрмесінде (музей) «Қазақ даласының кені» деп жазбай таныған салмағы 272 кг сап мысы осы кеніштен алынбады ма екен?» деген ойы да жиі мазалайды.

Жалпы Успен кенішінен кен 1847 жылдан 1964 жылға дейін қазылған, арасында 1918 жылдан 1931 жылдың мамыр айына дейін консервацияда болған. Геолог С.Филиповтың 1942 жылдың 1 қаңтарындағы жазбаларында Успен кенішінің кен қоры 2 млн. 405,5 мың тонна екендігі және оның құрамында 77 мың 700 тоннадан астам мыс барлығы, ал, 1958 жылдың қаңтар айындағы жазбада кен қоры 1 млн. 104,5 мың тонна (мыс 26198 тонна) екендігі жазылса,  осы жылғы бір құжатта кеніштен барлығы 315 мың тонна кен өндіріліп, 40 мың тонна мыс қорытылғандығы туралы айтылады. Салыстырмалы түрде, әр жылдардағы кен қоры мөлшері мен өндіріліп қорытылған мыс көлемі аса алшақтамайды. Өкінішке орай, 1960 жылдардағы деректер әзірше қолымызға түспеді. Келешекте бұл кұжаттар да табылар деп үміттенеміз.

Успен кенішінің еліміздің экономикасының нығаюындағы, рухани, әлеуметтік дамуындағы, тұлғалардың қалыптасуындағы рөлі ерекше екендігі өтірік емес. Республикадағы түсті металлургия саласының алғашқы қарлығашы ретінде, жұмысшы табының пайда болуына және олардың рухани жетілуіне, белсенділігінің артуына ықпалы мол болғандығы шындық. Жұмысшылардың 1905 жылы өздерінің құқығын қорғап, петиция жазып, ереуілге шығуы – осының анық дәлелі.

Кеніш азаматтардың білім алып, тәжірибе жинақтап, мемлекеттік деңгейдегі үлкен тұлғаларға айналуына, олардан кейінгі буынның облыс деңгейіндегі басшыларға, ғалымдар болуына тұғыр болғандығы ақиқат. Атап айт­сақ, бұған осы жерде Сәкен Сейфуллиннің білім алуы, Дін-Мұхаммед Қонаевтың өндірістік тәжірибеден өтуі, Қаныш Сәтбаевтың, Әбілқас Сағыновтың еңбек етуі және ірі басшыларға, көрнекті ғалымдарға айналуы бұлтартпас айғақ. Бұлардан кейінгі буын, облыстық деңгейдегі басшылар Әңгелбай Әлиханов, Әкім Серіков, Кемелхан Дакеевтер осы жердің тумалары. Бұл лек бұнымен тоқтаған жоқ, осы жерден төрт парламент депутаты, оннан аса ғылым докторы, облыстық мекемелердің, ірі кәсіпорындардың басшылары шықты.

Кеніште 1950-1960 жылдары үлкен мәдениет, спорт ошақтары жұмыс істеп тұрды. Мәдениет үйі халыққа үзбей қызмет ететін. Бұл саланың дамуына халық ақыны Майасар Жапақов, Қазақстанға белгілі әнші Ләззат Сүйіндікова, Қазақ  радиосының «алтын дауысы» аталған Сауық Жақанова, иллюзианист Аманбай Төлеу­баев, композитор Жағыпар Әлімханов, күйші Тұңғышбай Игенбековтер атсалысты.

Кеніштің әдемі өрнектермен көмкерілген, биіктігі 2,5-3 метрдей қоршаумен қоршалған, ішінде жанкүйерлер отыратын, үсті жабылған трибуналары және үрмелі аспаптар оркестрі отыратын орыны (ратонда) бар стадионы, арнайы спорттық снарядтармен жабдықталған бірнеше залды спорт кешені болатын.  Стадионда жылда төртінші мамыр күні футбол ойынының ашылу рәсімі өтіп, жергілікті футбол командасы Ақадырдың, Қайрақтының командаларымен кездесу өткізетін. Ойын басталарда және гол соғылған сайын оркестр спорт маршын ойнайтын. Стадионда жазда футбол, волейбол ойналса, қыста мұз айдыны (каток) құйылып, ортасына айналатын шырша тұрғызылып, азаматтар демалатын, спортпен шұғылданатын орынға айналатын. Осы жерде сол уақыттың өзінде коньки, шаңғылар тебуге (прокатқа) берілетін. Осы алақандай ауылдан спорттың әр түрінен екі әлем чемпионы, бірнеше республика чемпиондары шығуы және осы күнге дейін бұл табыстардың жалғасуы сол кездегі жасалған еңбектің жемісі деп білеміз. Жуырда Чехияда өткен  халықаралық жарыста осы кеніш тұрғындарының төртінші буыны Қожанәсіп Асылханның түрік ойыны мангаладан чемпион, тоғызқұмалақтан күміс жүлдегер болуы жерлестерді қуантып тастады.

Кеніштің тағы бір мәдениет ошағы, өте келесті саябағы (парк)  болатын.  Саябақ ауылдың шетіндегі Нілді тауының бір сайына үлкен талғаммен орналастырылған, бұл жерде үш қабатты профилакторий ғимараты, қыста жұмысшылар демалатын орын, жазда балалар (пионерлер) лагері болып жұмыс атқарды. Саябақтың билейтін, городки, волейбол ойнайтын алаңдары, концерттік сахнасы, келушілер демалатын арнайы беседкалары, сауда дүңгіршіктері болатын. Кейінгі жылдарға дейін осы саябақ ресми жиындар, атаулы даталар тойланатын орын болды. Саябақ осы уақытқа дейін сақталған.

Файзолла Шәкімовтің мақаласында ке­ніштің 170 жылдығын атап өту туралы орынды жазылған деп есептеймін. Ауыл азаматтарының бастауымен 2007 жылы кеніштің 160 жылдығы аталып өтті. Мәдениет үйінде конференция болып, оған Оралбай Әбдікәрімов бастаған бірнеше Парламент депутаттары, Елбасымыз­дың Қазақстан тарихы бойынша кеңесшісі Қойшығара Салғара, белгілі ғалым, этнограф, жазушы Ақселеу Сейдімбек, тарих ғылымдарының докторлары Хангелді Абжанов, Тілеген Садықов, техника ғылымдарының докторы Жамбыл Ақылбаев, қоғам қайраткері, белгілі әнші Бекболат Тілеухандар қатысып, пікір бөлісті.

Сол жолы тек той тойлау емес, бірталай игі шаралар жасалды. Успен азаматтарының қаржыларына Сәкен оқыған мектептің ескі ғимараты реконструкцияланып, мұражай ашылып, кеніш тарихы туралы кітап шығарылды. Мұражай мен кітапта Успен өлкесінің табиғаты, климаты, жануарлар дүниесі, өсімдіктері туралы, осы өлкенің тарихы, белгілі тұлғалары, кеніш өмірінен деректер беріліп, экспонаттар қойылды. Сәкеннің тағдырына байланысты бір бөлме жасақталды. Онда Сәкеннің өмірінен, қызметінен, көрген қиыншылықтарынан мағлұмат беретін құжаттар жинақталып,  көріністер жасалды. 1905 жылы Әлі Байшағыров, Петр Топорниндер бастап ереуіл ұйымдастырған жерге «Ереуіл төбе» деген ат беріліп, белгітас қойылып, арнайы алаң жасалды.

Жергілікті мәдениет үйі жөнделіп, алдындағы алаңға жайма тас төселіп, Сәкен ескерткіші абаттандырылды. Бұл үрдіс кейінгі жылдары да жалғасып, мектептің әр жылғы түлектері күшімен стадион абаттандырылып, мектеп  алаңына көшеттер отырғызылып, соғыс ардагерлеріне арналған мемориалдық тақталар  орнатылуда.

Биыл да ауыл тұрғындары, осы жерден шыққан азаматтар Әулиетасқа алаң ашып, белгітас орнатуға, соғыс ардагерлеріне мемориалдық кешен ашуға, жастарға шағын спорт алаңын және мешіт үйін  салуға талпынуда.

Айта кету керек, кейінгі жылдары облыстық, аудандық, жергілікті әкімшіліктер тарапынан да бірталай игі істер атқарылып, ауылдық емхана салынып, көшелер абаттандырылды. Биыл да облыс әкімінің қолдауымен, бір көше асфальтталып, мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өткізілуде.

Дегенмен, ауылда шешуін күтіп тұрған мәселелер баршылық. Мәселен, демалу саябағының қоршауы ескіріп, жылдан жылға тозып барады. Жастарға спортпен шұғылданатын спорттық-айықтыру ғимараты да қажет-ақ. Ауылдың темір жол вокзалына апаратын орталық көшесі асфальт төселуін күтіп тұрғалы қашан? Карьерде пайда болған көлшік суының емдік қасиетін тексеріп, емге жарайтын болса, шипахана ашып, жергілікті тұрғындарға қосымша жұмыс орындары ашылса, нұр үстіне нұр болар еді… Бұл істер қомақты қаржыны  талап етеді және бір жылда жасалмайды, қанша тырысқанмен ауыл азаматтарының қолынан келер ме екен?..

Сондықтан, 2019 жылы мемлекет, қоғам қайраткері, ақын-жазушы Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығы, бұл – мемлекеттік деңгейде тойлануы тиіс дата. Бұл шараға Сәкен білім алған Өспен ауылы да қатысатын болғандықтан, аталған мәселелерге бюджеттен қаржы қарас­тырылса, бір ғанибет болар еді?!

 

Әулиетас, атыңа затың сай, тұрқың бөлек,

Бастауы түсті металлургия, орның  ерек.

Қойнауы мыс, алабы ырыс, құтты мекен

Тарихым боп сыр шерткен, беріп дерек.

 

Қайнап еңбек, маңдай тер мен

мыс құйылған,

Әр ұлттың басы қосылып, жұрт  жиылған.

Сәкен, Димаш, Қаныш, Әбілқас

кемеңгерлер

Білім алып, тұлға болып, тәжірибе жиған.

 

Соғыста мыс, оқ боп, жеңісті жеделдеткен,

Мысың тұр Лондонда, атағың көкке жеткен.

Туған жерім, екінші Отан, қайран өлкем

Мақтанышсың өркендерге өзіңде өскен.

 

Тұрар АЛТЫНБЕКОВ,

зейнеткер.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.