Құлаққағыс
Мақаланың негізгі тақырыбы: Әуезов театры – Арқа сахнасында
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театры Қарағандыға келе жатыр. «Ақтастағы Ахико» дарамасымен.
Бұл – өнер ұжымының 91 маусымындағы алғашқы премьерасы. Рухани дүниенің біздің облыста сахналануы бекер емес. Қуғын-сүргінге ұшырап, ҚарЛагқа жазықсыз қамалған тағдыр иесі – Ахиконың өмірі туындыға өзек болған. ХХ ғасырдағы ең ауыр кезеңде, азап лагерьлерінде отырып, өзінің адами бейнесін сақтап қалған рухы мықты, жасампаз жандардың жиынтық бейнесі жасалған.
Қойылымның желісі ҚарЛагты зерттеуші, заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков пен ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләлдің идеясы бойынша жазылған.
Бозбала шағында-ақ қамауға алынған Ахико Тецуро азаптан босап шыққан соң Қарағанды маңындағы Ақтас елді мекенінде тұрақтап қалғаны бар. Кейін әкесімен және бауырларымен қауышқан Ахико Тецуро өзінің тарихи Отанына барады, бірақ, Қазақстанға қайта оралады.
Қазір Ахико ақсақал 85 жаста. 11 немере, 5 шөбере сүйіп, үлкен әулеттің басы болып отыр.
Және де бұл – Қазақстанның театр кеңістігіндегі ерекше жаңалық. Тұңғыш рет көзі тірі саяси қуғын-сүргін құрбанының тағдыры деректі драмаға арқау болып, сахналанады.
Р.S. Спектакль 25 қараша күні К.Станиславский атындағы Қарағанды мемлекеттік орыс драма театрында көрсетіледі.
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ