КРИМИНАЛИСТ
Бүгінгі таңда ішкі істер органдарында 12 мыңнан астам әйел адам жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш саны жыл санап артып келеді. Олар ер адаммен бірге Отан алдында еліміздің тыныштығын қорғауға ант беріп, ерлермен бірдей қызмет атқарады. Солардың бірі Қарағанды қаласының Ішкі істер басқармасы Орталық полиция бөлімінің жедел-криминалистикалық бөлімшесінің аға криминалисі, полиция аға лейтенанты Асылай Қасымова.
Асылай Зәружанқызы 1992 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. 1999-2010 жыл аралығында Қарағанды қаласының №6 мектебінде білім алған. Мектепте оқып жүрген кезінде полиция қызметкері болуды армандаған Асылай 11 сыныпты бітірген соң, өз арманын орындау мақсатында ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясына оқуға түседі. Оқуын 2014 жылы үздік аяқтайды. Еңбек жолын қазір қызмет атқарып отырған Орталық полиция бөлімінің жедел-криминалистикалық бөлімшесінің криминалисі қызметінен бастайды. ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясында алған білімін тереңдету мақсатында 2015 жылы Орталық Қазақстан Академиясының «заңтану» мамандығы бойынша магистратурасына түсіп, оны 2017 жылы үздік аяқтаған. Айтулы оқу ордаларынан алған білімін тәжірибемен сәтті ұштастыра білген Асылай өзі таңдаған мамандыққа адалдық танытып, қоғам тыныштығы жолында қызметінің ауырлығына қарамастан, ерлермен қатар бір деңгейде қызмет атқарып келеді. «Жас келсе іске» демекші, еңбекқорлығының арқасында Асылай екі жылдан соң, 2016 жылдың қыркүйегінде аға криминалист лауазымына көтерілді.
Қылмыс ашуда криминалистердің атқаратын жұмысы өте жауапты. Осы орайда, аға криминалист Асылай Зәружанқызы өз мамандығы жайлы аз-кем сыр бөлісті.
«Криминалист мамандығы сырт көзге қарапайым мамандық болып көрінгенімен, оны толық игеріп, білікті маман болу үшін әр адамнан тынымсыз ізденісті талап етеді. Өйткені, күнделікті орын алып жатқан қылмыстардың ізін суытпай, тез арада ашылуына криминалистиканың тигізер септігі мол. Тіпті, ішкі істер органдарын криминалистикасыз елестету мүмкін емес. Еліміздегі криминалистика саласы жыл өткен сайын жетіліп, заманауи техникалармен жабдықталуда. Криминалистік есептер автоматтандырылған. Атап айтқанда, «Папилон» және «Образ++» ақпараттық-іздеу жүйелері, «EVOFINDER» баллистикалық идентификаиялық кешен, «Портреттік идентификация» бағдарламалық қамту жүйесі, «Трасология» автоматтандырылған ақпараттық іздеу жүйелері қолданылады. Біз, криминалистер, қылмыс орын алған жерлерді, соның ішінде өлген адамдардың мәйіттерін фотосуретке түсіріп, түрлі ізге түсеміз. Алынған іздерді базаға енгізіп, базадағы мәліметтермен салыстырмалы тексеріс жүргіземіз. Ол іздерді табудың түрлі әдіс-тәсілдері бар. Мысалға, саусақ, аяқ іздері, шаш және тағы басқа да іздер арқылы қылмыскерлерді іздеумен қатар, қылмыскерлерді, тіпті, иіс арқылы табу тәсілі де қолданылады».
Асылай Заружанқызы өз қызметінде Қазақстан Республикасының заңнамасын, ІІМ, ІІД, ІІБ, ПБ бұйрықтарын, нұсқауларын басшылыққа алады. Қызмет атқарып отырған Орталық полиция бөлімінің жедел-криминалистикалық бөлімшесінде 8 қызметкер жұмыс істейді. Әріптестерінің арасында абыройлы полиция аға лейтенанты өзінің жоғары біліктілігі мен еңбекқорлығының арқасында бөлімшенің бастығы болмаған кездері міндетін атқарушы болып та қызмет атқарады. Сонымен қатар, бөлімшеге келген жас криминалистерге, практиканттарға тәлімгер болып бекітілуде. Олармен қызмет атқару барысында алған тәжірибесімен бөлісіп, мамандығының қыр-сырын үйретуде.
«Қызмет атқарып отырған криминалистика саласына алдымызда келе жатқан көктемнің алғашқы күні 1-наурызда 99 жыл толады. Тамыры сонау 1919 жылдың 1 наурызынан бастау алады. Осыған байланысты мен барлық криминалист әріптестерімді кәсіби мерекесімен құттықтаймын. Сондай-ақ, ақ жаулықты әжелерімізді, аналарымыз бен барша әйелдер қауымын әйелдердің Халықаралық күнімен шын жүректен құттықтаймын!», – дейді Асылай Қасымова.
Айман ИСАБЕК,
Орталық ПБ МТАТ
жетекші маманы.