«КРЕАТИВТІ ЕМЕС» десеңіз, өкпелейді

Елдегі туризм ахуалы айтылудан кенде емес. Оны дамытудағы ондық, елулік бар Үкіметтің есебінде. Демек, Үкімет сол ондық пен елуліктің жоғын түгендеп, жыртығын жамайды алдағы уақытта. Ал, білсек, туризм қырық рулы ел секілді. Тарау-тарау тармақты. Бұған дейін медициналық, іскерлік туризмді сөз еткенбіз. Бүгін экотуризм жөнінде ой қозғаймыз. Өйткені, шындап келгенде, әр ауылда экотуризмдік әлеует бар. Ол іске аспай, әжетке жарамай жатқан мыңдаған гектар шұрайлы жер секілді әлеует. Ауылдың өзін туризмге айналдыратын менеджментті меңгерген менеджер-әкімдер бұйырмай-ақ қойды. Тарихқа айналған отыз жыл ауылды басқарудың жаңа форматын талап етіп кетті. «Креатив тек қалаға ғана керек емес. Ауылға да қажет» деді. Әсіресе, бүгінгі ішкі туризмді түлетеміз деген тұста. Айтуға оңай дерсіз. Әйткенмен, интернетте әр елдің осы жөніндегі бейнесюжеттері қаптап жүр. Соны көргенде ойлайсыз. Олардан неміз кем? Қазақ секілді олардың да бір басы, екі қолы, екі аяғы бар. Басы артық емес….

Экотуризм, жалпақ тілмен айтқанда, қаланың ығы-жығы тірлігінен жалыққан жұрттың жанына дауа, табиғаттың тыныштығын іздеп баратын жері. Оны біреулер аң, балық ауламен, жай ғана табиғат аясына серуендеумен байланыстырады. Қарақат, бүлдірген терумен, тағысын-тағы осындайлармен жалғайды. Ал, урбанизацияның кемелденген шағында бұл аса бір ауадай қажетті туризмге айналарына күмән жоқ. 15 миллион халқы бар Мәскеудің ауқаттылары, я шама-шарқы жеткендері алып мегополисті тастады. Мәскеудің шетіне «подмосковьеге» шыққаны не үшін дейсіз? Мәскеуге сыймай кетпегені анық енді. Дәл сол сияқты урбанизацияға барынша өңеш созған қазақтың да келе-келе тамырына, ауылға аңсары ауатын күн алыс емес. Қаланың қарбалас тұрмысы қажытқанда, лас ауасы қолқаны қапқанда, қолын төбесіне қойып қашып баратыны – анау Түркия, Дубай, Мальдивы емес. Түптің-түбі – ауыл екеніне қылаудай да күдік жоқ. Сол кез – экотуризмнің қарыштаған тұсы болуы керек.

Орталық Қазақстанның туризмі дегенде, Қарқаралы, Балқаш, Қызыларай аталады. Кейінде бұған Ұлытау қосылды. Бұл төрттік – республикалық мәнге ие. Мұның сыртында экотуризмді этнотуризмен байланыстыра дамытуға көліктік инфрақұрылымы мұрсат беретін әр ауылдың таласы бар. Сол себепті, іргесінде тоғай-суы орналасқан әр ауылдың экотуризмге там-тұмдап ден қоюын уақыттың өзі талап етіп отыр. Аудан әкімдері миларына салмақ салса, бұл да іске асатын дүние.

 – Орталық Қазақстандағы белгілі табиғи орындармен қатар, ондағы дәстүрлі өмір салттың өзі туристер үшін қызықты. Тіпті, көшпенділердің дәстүрлі тұрғын үйі – киіз үй. Қазақтың бірегейлігін паш етеді. Білсеңіздер, киіз үй туристердің назарын қатты аударады. Бұған қоса, қазақтың дәстүрлі тағамдары мен сусындары да туристік демалыстың қызықты элементі. Бұл элементтерден басқа, әр түрлі спорт түрлері, үйдің ішкі безендірілуі, бұрын-соңды олар көрмегенбілмеген музыка мен би, туристер үшін ойын-сауықтық, шоу, фестивальдер бола алады. Көптеген табиғи аумақтарға тән тағы бір элемент – балық аулау және аң аулау мүмкіндігі. Мықты менеджмент арқылы оны айтарлықтай табысқа айналдыруға әбден болады, – дейді туризм маманы Айгүл Ықыласова.

Зерттеулерге сүйенсек, экологиялық туризм – қазіргі уақытта басым сала. Ол экономиканың тұрақты дамуына ықпал етеді. Қазақстан туристік қауымдастығы сарапшыларының Қазақстанның туристік нарығын талдауы адам табаны тимеген табиғаттың орасан зор әлеуетке ие екенін көрсеткен. 10 мың адамға Германияда жүргізілген сауалнама шетелдіктердің Қазақстан экотуризміне ынталы екенін және растаған. Соның ішінде, Ұлыбритания, Франция, Оңтүстік Корея және Жапония азаматтары Қазақстанға экологиялық турларға барғысы келетіндерін жеткізген.

«Экологиялық туризм – әлемдік туризм нарығында ең үздік позицияға ие. Қазақстандағы даму үшін негізгі позициялардың бірі болуға тиіс. Бүгін халықаралық туристік нарыққа не ұсына аламыз? Бұл біздің табиғи ресурстарымыз, әсем ландшафтарымыз. Осыған қарамастан, экотуризм бүгінде мемлекеттік туристік саясат үшін басымдық емес. Әлеуметтік аспектке ие туризмнің бұл түрі кезкелген стратегиялық мемлекеттік құжатта көрініс тапқан жоқ», – деп жазады ғалым P.Шайкенова.

Жасыл, ауылдық туризм, яғни, агротуризм АҚШ-та және Батыс Еуропа елдерінде жоғары сұранысқа ие көрінеді. Осылайша туристер табиғат аясындағы ауылдық өмірді бастан кешіреді екен. Ұлттық құндылықтар һәм дәстүрмен танысады. Ұлттық мерекелерге қатысады. Жергілікті жердің жұмысын көреді. Демалады.

Франция, Ұлыбритания, Голландия, Ирландия, Германия, Испанияда жасыл туризмдегі қызмет жасайтындарға ұлттық деңгейде қолдау жасалады. Тіпті, қазіргі таңда осы елдерде жасыл-экотуризм теңіздегі демалыстан соңғы екінші орынды иеленген.

Англияда ауыл туризмі қанат жайып алған. Мұнда bed-andbreakfast және үй иелерімен аралас-құралас өмір сүреді туристер. Онда фермерлер қолайлы бағасы және балаларға арнайы жеңілдіктері бар әр түрлі қызмет ұсынады екен. Айта берсек, мұндай мысал көп. Алайда, туризмдегі дәл бұндай қадам біздің елде де, соның ішінде, Қарағанды да жасалуы керек.

«Ауылдан тамыр үзіп барамыз» деп жылап-сықтай бергенше, атқамінерлер шақшадай басын шарадай қылып, осындай ілкімді істерді ойласа етті?! Креатив жоқ десеңіз ғой. Тағы өкпелейді…

Қызғалдақ АЙТЖАН