Жаңалықтар

Кооператив құру – уақыт талабы

     Қарағанды облысында жеңілдікпен несиелендіру арқылы шағын бордақылау алаңдары мен сүт қабылдау орындарының желісін кеңейту жоспарланып отыр.

     2015 жылғы 29 қазанда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ауыл шаруашылық кооперативтері туралы» Заңға қол қойған болатын. Аталмыш заң түрлі ауыл шаруашылық өндірушілердің экономикалық бірлестіктері үшін негіз болады. Заң Ұлт жоспары – «Бес институционалдық реформаны» жүзеге асыруға және ауыл шаруашылық кооперативтері мен олардың қауымдастықтарының қызметін кешенді түрде реттеуге бағытталған.

    Өз кезегінде кәсіпкерлер ұсақ шаруа қожалығын ірілендіру арқылы мемлекеттен техникаға, тыңайтқыштарға, асыл тұқымды мал өсіруге, несие алуға жеңілдіктер барын біледі.

     Несиелендіру жобасының операторы – «ҚазАгро» ұлттық холдингі құрылымына кіретін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қарағанды филиалы. Биылғы жылдың ішінде алдын ала бекітілген пилоттық ауылдарда ет бағытында бордақылаумен айналысатын 4 ауыл шаруашылық кооперативі және 1 сүтті бағыттағы ауыл шаруашылық кооперативтерін құрып, қаржыландыру жоспарлануда. Осы себепті облыс әкімшілігі ауыл шаруашылығы басқармасымен бірігіп, келесі 5 ауылдық округтерді пилоттық режимде бекітті. Олар – Бұқар жырау ауданына қарасты Ростовка және Гагарин ауылдық округтері, Жаңаарқа ауданына қарасты Целинный ауылдық округі, Қарқаралы ауданына қарасты Егіндібұлақ округі, Шет ауданына қарасты Өспен ауылдық округі. Бұл округтерде ауылшаруашылық кооперативтерін құру және қаржыландыру мақсатында жергілікті «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ мамандары және аудан басшыларымен бірігіп, ауыл тұрғындарына кооперативті құру мақсаттары мен арзандатылған несие алудың жолдарын түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

    Бірлесіп бас қосып, кооперативтер құру – заман талабы. «Қазіргі кез жұмыла еңбек ететіндердің заманына айналуда. «Жалғыздың үні шықпас» дегендей, кәсіпкерлер үшін де мәселемен жалғыз айналысқаннан гөрі, бірлесе шешкен тиімді болуда»,- дейді мамандар.

    Кооперативтердің артықшылығы көп. Оны тіркеуде, жұмыс барысында бірқатар сұрақтардың туындайтынын да білемін. Бәріне белгілі, шамамен ІЖӨ 70%-ы орта және шағын шаруашылықтар есебінен құралады. Біз оларды ірілендіргелі жатқан жоқпыз, алайда, кооперациялардың арқасында оларды мемлекеттік бағдарламалар бойынша берілетін қосымша мүмкіндіктермен қамтамасыз етпекпіз. Қазір мемлекет қолдауының басым бөлігін кооперативтерге бағыттау мәселесі қаралуда.

    Тұрақты өткізу нарығын қамтамасыз ету бойынша ұсақ шаруашылықтардағы қиындықтарды ескере отырып, тұтынушыларға көп мөлшерде тауар қалыптастыру үшін оларды ауыл шаруашылығы кооперативіне біріктіру ұсынылады. Осы бағдарлама аясында екінші бағыт – ауыл шаруашылығы кооперативіне құрылғылар және техника алу үшін жоғары сомасы 50 млн. теңгеге дейін несиелендірудің «Ынтымақ» бағдарламасы қарастырылған. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі – жылына 6%, несие мерзімі – 84 айға дейін.

     Сүтті бағытты дамытуға бағытталған «Ырыс» бағдарламасы. Несие жылына 6% мөлшерлемемен 84 айға ірі қара мал және оған қажетті жем-шөп, сауын аппараттарын алуға беріледі.

    Бордақылау алаңдарын дамытуға бағытталған «Береке» бағдарламасы. Несие жылына 6% мөлшерлемемен 54 айға ірі қара мал және оған қажетті жем-шөп алуға беріледі.

    Үкімет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктерді естіген ауыл халқы бірден кооператив құруды қолдап, кооперативке мүдделілердің тізімін жасады. Мәселен, Ростовка ауылынан 30, Егіндібұлақ ауылынан 24, Целинный ауылынан 20 және Өспен ауылынан 27 адам тіркелді. Бұлардың барлығы тек қана жеке қосалқы шаруашылықтар.

     Жыл соңына дейін пилоттық ауылдарда құрылған ауыл шаруашылық кооперативтері толығымен 400 миллион теңгеге жуық несиемен қаржыландырылады. Аталған ақшаға 1800-ден аса бордақыға ірі қара малдары сатып алынады және 200-ден аса сауынды сиыр алынбақ. Ал, 4 ауыл шаруашылық кооперативі мал сою алаңдарына және 1 кооператив сүт қабылдау пункттеріне қажетті құрал-жабдықтар мен техникалар алу бойынша несиелендіріледі.

У.ТОРҒАЕВ,

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры»

АҚ Қарағанды филиалының директоры.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button