Руханият

Концерттік бірлестіктің кемел кезеңі

Н.Гоголь атындагы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің 85 жылдық мерейтойына арналған «Киелі өнер шаңырағы» атты кездесу кеші өтті. Кеш Манап Анықбековтің «Сылқылдақ» күйімен ашылды.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Іс-шара Арқаның іргелі рухани орталықтарының бірі ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, өнерді өрге сүйреп келе жатқан өнер ордасының шығармашылығымен таныстырып, тарихи маңызын насихаттауды көздеді.

Шараға арнайы қонақ ретінде Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің директоры Талғат Ыдырысов, концерттік бірлестік директорының орынбасары Ғазиз Ажбағамбетов, көркем сөз шебері, ұжым ардагері Қажет Ғинаятова, ұжым ардагері Тұңғышбай Игенбеков, дәстүрлі әннің дүлдүлі Сержан Мұсайынов, «Аққу» фольклорлық би ансамблінің жетекшісі Назгүл Әбілхан қатысты.

– Концерттік бірлестік 1938 жылы құрылған. Қарағанды филармониясының бастауында Жүсіпбек Елебеков, Нұғыман Әбішев, Сабира Жұбатова, Рахия Қойшыбаева, Қасымжан Бабақов, Мағауия Хамзин, Урия Тұрдықұлова және тағы басқа өнер тарландары тұр. ҚазКСР Халық әртісі Қали Байжановтың есімі 1990 жылы 16 сәуірде берілді. Қазір бірлестікте «Тәттімбет» атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі, Симфониялық оркестр, Джаз оркестрі, «Аққу» фольклорлық-хореографиялық ансамблі, «Арқа Сазы» фольклорлық ансамблі, «Мерей», «Әуен», «Арай» ансамбльдері арқылы ұлттық өнер мен мәдениеттің озық үлгілерін насихаттап келеміз. Басқа облыстардағы өнер қарашаңырақтары түгел «филармония» деп аталса, біз ғана «концерттік бірлестік» атауын сақтап келеміз. Татулықта еңбек етіп, аға буынның сара жолынан жаңылмау – басты мақсат, – дейді Талғат Нүсіпұлы.

Сержан Мұсайын «Дудар-ай» әнін шырқаса, Сергей Степанович Ш.Қалдаяқовтың «Бақыт құшағында» әнін саксофонмен, Нұрбол Темірғалиев ана туралы әндерден попури орындады. «Сүйемін сені, Қазақстан» әнін Айнұр Сұлтанова мен Алуа Уәли әуелетті. Ал, «Аққу» ансамблі «Салтанат» биін биледі.

Бұдан бөлек, Дәуренбек Таранұлы Еуропа елдерінде өткен «Әміре» фильмінің түсірілім жұмыстары хақында айтып берді. Ол аталған фильмде Әміре Қашаубаев орындайтын «Балқадиша» әнін шырқағаны мәлім.

Сонымен бірге, өнер ордасы жайлы сыр шертетін кітапхана қорындағы кітаптардан жинақталған көрме ұйымдастырылып, оны Өнер әдебиеттері бөлімінің меңгерушісі Балжан Оспанқұлова таныстырды. Айтуынша, кітапхана қорында бірлестікке байланысты 100-ден астам кітап және басқа да құнды құжат бар.

Бірлестік өмірі туралы «Сарыарқа әуені» атты викторина да жұрт көңілінен шықты. Сұраққа дұрыс жауап бергендерге жуырда өтетін Дәуренбек Әркеновтің және симфониялық оркестрдің шығармашылық кешіне билет таратылды.

Кітапхана директоры Дина Базарбайқызы қонақтарға алғысын айтып, 65 жылдығынан бері әр бес жыл сайын осындай кездесудің кітапханада өтіп келе жатқанын тілге тиек етті. Кітапхана мен концерттік бірлестік арасындағы шығармашылық байланыс алдағы уақытта да жалғасатынын айтып, қонақтарға ұжым атынан Алғыс хат һәм гүл шоқтарын табыстады.

Жәлел ШАЛҚАР,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button