Кітап және жетістік

Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Тұлға» жобасы аясында «Жетістікке жеткен адамдардың өміріндегі кітаптың алатын орны қандай?» тақырыбында кітапхана жанындағы «БОТА» жастардың интеллектуалды орталығының экс-жетекшісі, Астана радиосының дикторы, спорт комментатор Еламан Әмірғазымен әңгіме-сұхбат тікелей эфирі өтті.

Алаш арысы Міржақып Дулатұлының: «…Әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлттығын сақтап, ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып, жоқ болады. Қай жұрттың болса да жаны – әдебиет, жансыз тән жасамақ емес», – деген ұлағатты сөзі бар. Біз бұдан қазақтың қаншама ғасыр бойы түрлі теперіш пен зобалаң көрсе де, ұлттық болмысы мен рухын жоғалтпауының негізі құнарлы әдебиетінде жатқанын түсінеміз.

Әдебиеттің бар асылы – кітапта. Бір кездері ел жаппай кітап оқитын кезеңдер болған. Ақын-жазушылардың бірнеше мыңдаған тиражбен жарық көрген шығармалары әп-сәтте тарап, оқырман қолында жүрді. Қазір осы қасиетіміз сақталып қалды ма, нақты айта алмаймыз. Өйткені қоғам, уақыт өзгерді. Құндылықтар алмасты. Алайда, кітаптың орны, қадір-қасиеті бөлек. Кітапты пір тұтқан ұлт алға шығып, өркениет даңғылында көш бастады.

Шара барысында Еламан Әмірғазы оқырмандарға өз шығармашылығы жайлы әңгімелеп, онда кітаптың алар орнына, пайдасына тоқталды. Қайта айналып келмес студенттік шағы, «БОТА» орталығында өткізген қызықты естеліктерімен бөлісті. Сонымен бірге, «Сіздің өміріңізге ерекше әсер еткен қандай кітап? Оқыған шығармаларыңыздан есіңізде қалған кейіпкер, қанатты сөз немесе оқиға бар ма? Оқырманға қандай кітап оқуға кеңес берер едіңіз?» деген сұрақтарға ақтарыла жауап берді. Эпостық жырларды, жыраулар поэзиясын, тарихи романдарды сүйіп оқитынын жеткізді. Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағали, Жұмекен, Төлеген, Фариза, Есенғали сынды поэзия алыптарының жырын жатқа оқитынын айтты.

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz