Руханият

Кітап – тілсіз мұғалім

«Артық білім кітапта, ерінбей оқып, көруге» деп еді адамзат ақыл-ойының биігі, қазақтың ұлы ойшылы хакім Абай. Иә, кітап – ғалым, тілсіз мұғалім. Жақсы кітап – жаныңа рухани азық сыйлап, санаңды семіртіп, көкірегіңді нұрға бөлейді. Жастарды, жалпы жұртшылықты кітап оқуға баулу мақсатында Шет аудандық кітапхана ғимаратының алдына аймақта тұңғыш рет «Мен кітапты сүйемін» атты Like Book орнатылды.

Шет аудандық кітапханалар жүйесінің директоры Мейрамгүл Нұрпейісова тың идеясын аудан әкімі Мұхит Сайлауұлының және ауданның зиялы қауымының қолдауымен жүзеге асырған. Бұл облыста алғаш рет қолға алынған берері мол дүние екенін айрықша атап айтқымыз келеді.

– Аталған Like Book былтырғы жылы кітапханамыздағы үнемделген қаржы есебінен «2021 жыл – Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» аясында орнатылды. Кітапханамызға келушілерге ерекше көңіл күй сыйлап, оқырмандарымыздың назарын аударуға өз септігін тигізеді деп сенемін. Жалпы, жас-кәрінің санасын шырмаған ғаламтор дәуірінде кітап оқуға деген елдің ынтасын оятып, қызығушылығын арттыруға баса назар аударып келеміз, – дейді Мейрамгүл Сансызбайқызы.

Елімізде «Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» аясында бірқатар шаралар атқарылуда. Бұл игі бастама сол тағылымды істердің заңды жалғасындай. Ғалымдардың айтуынша, кітап оқитын адамдардың есте сақтау қабілеті жоғары, ойлау процесі әлдеқайда жыл дам болатын көрінеді.

Шет ауданы қазақылықты сақтап, рухани байлыққа баса мән беріп, даңқты тұлғаларымен аты шыққан өңір. Ауданда ғұмыр кешіп, сөз өнеріне олжа салып жүрген Өмір Кәріп, Кәмел Жүніс, Тезекбай Амандықұлы сынды біртуар тұлғалар бізге үнемі үлгі. Өңірдің 50 мыңға жуық тұрғыны болса, соның жартысына жуығы кітапхана қызметін пайдаланады. Елге кітапхана жұмысын кеңінен насихаттап келеміз. Аудандық кітапханамыздың қорында 30 мыңға тарта кітап бар. Шопандар мен диқандарымыз да қоржындарын кітапқа толтырып алып кетеді. Атақты болмаса да, білімі анау-мынау ғалымды екі орайтын азаматтарымыз бар, – дейді кітапхана директорының орынбасары Берікбол Амангелдинов.

Бұл Like Book адам баласының ақыл ойының мәуелі жемісі кітапқа деген шынайы құрметтің бір белгісіндей күндіз көңіліңді көтерсе, түнде сәуле шашпақ. Ал, кітапханаға келуші оқырмандарға ерекше әсер сыйлап, алыстан көзге шалынатын көркем дүниенің орнатылуы ауданымыз үшін ерекше оқиға. Бұдан бөлек, аталған кітапхана ұжымының берекелі һәм нәтижелі жұмысына куә болып жүрміз. Ауданнан түлеп ұшқан ақын-жазушылардың кітаптарын сақтап, насихаттауда, кітап оқуға елді баулу жолында түрлі акциялар ұйымдастырып келеді.

«Кітап – жетістікке жетудің жолы» тақырыбында аймағымыздың танымал тұлғаларымен онлайн кездесуді тұрақты жүргізіп келеміз. Оған Тілеген Әділ, Дидар Қами, Айтуған Рсалдин, Алмаз Мырзахмет және басқа да танымал азаматтар қатысты. Барлығы әлеуметтік желілердегі кітапхана парақшасына жүктеді. Әсіресе, карантин кезінде оқырмандармен байланысқа шығуға көп көмегі тиді. Алдағы уақытта да жаңа бастамаларымыз бар – деді кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің маманы Азамат Нұрахметов.

Байқасақ, ауданның тыныс-тіршілігінің негізі ұлттық рухпен, білім-ғылымға құштарлықпен бекем астасып жатыр. «Мен – кітапты сүйемін» атты Like Bookтің орнатылуы да осындай ымыра-бірлік пен кітап оқуға деген ортақ ынтаның жемісі дер едік.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button