Жаңалықтар

Кітап пен оқырман дәнекері

Біз табалдырығын аттаған кітапханаға қарапайым оқырманмен қоса, көру қабілеті бұзылған оқырмандар да барады. 4805 оқырманының 1760-ының көру қабілеті бұзылған. Олар саусақ ұшымен Брайль әліпбиі бойынша жазып, оқиды. Кітапхана қоры сондықтан да бедерлі-нүктелі басылымдарды, дыбыстық-бейнелік материалдарды, электронды құжаттарды ұсынып, пайдаланушылардың ақпараттық сұранысын өтейді. Мұндағы кейбір сөздер газеттің қарапайым оқырманына таныс емес, бұл жайлы кітапханашы Рахат Бұланбекова жақсы біледі.

Рахат Орынбекқызы 1990 жылы Қарағанды политехникалық институтына оқуға түсіп, инженер-құрылысшы мамандығы бойынша білім алған. Алайда, жасынан әдебиетке жақын жанды кітапханаға тағдырдың өзі алып келгендей. Алғаш кіргеннен, жанына жайлылық ұялатқан осы жер өзі үшін қасиетті мекенге айналды. Сөйтіп, ең алғашқы еңбек жолы 1996 жылы Абай атындағы облыстық балалар кітапханасында басталды. Кейін кітапхана саласында еңбек етіп жүріп, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің филология факультетін кітапханатану және библиография мамандығы бойынша үздік аяқтады.

Кітапханаға келген жас маманға сол саланың білікті мамандары бағыт-бағдар беріп, көп көмек көрсетті. Қанша жыл өтсе де, кітапханашы Рахат ұстаздарын ұмытпай, тіпті, олардың атын атамай кетуді өзіне ар санады.

«Тәжірибелі әр кітапханашы маған шын ұстаз бола білді. Бұл қатарда Тамара Жәлелтайқызы, Баян Рамазанқызы, Рымкеш Шаметқызы, Рәбиға Садыққызы бар. Әр жылдары жұмыс орным ауысқанда мені құшақ жая қарсы алып, білгенімен бөліскен Любомира Абрамова, Жанна Шаймұхан- бетова, Фаина Тимершина, Валентина Пак, Ирина Иссык, Күлназия Түсіпбекова секілді кітапханашылардың есімін ешқашан ұмытпаймын. Облыс кітапханаларын жетілдіруде зор еңбек сіңірген Фаина Тимершина сияқты білікті тұлғалардан мамандықтың қыр-сырын үйренгенім өміріме азық болды», – деп ағынан жарылды ол.

Рахат Бұланбекова қазір облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың тифлология және ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімінде қызмет етуде.

Білікті маман Айнұр Шаймұханбетова басшылық ететін кітапхананың қызметкерлері көру қабілеті бұзылған оқырман үшін Брайль жүйесі бойынша (зағиптар бедерлі-нүктелі қаріпті әліпби негізінде оқып, жазады) қазақ тіліндегі кітаптарды 2020 жылдан бері басып шығарады екен. Осы уақытта қазақстандық авторлардың 47 кітабы шығарылып, кітапхана қоры қазақ тіліндегі бедерлі-нүктелі қаріпті басылымдармен толыға түскен.

– Кітапханада әдістемелік-библиографиялық құралдарды шығарамыз, тифлология базасын толықтырамыз. Заман талабына сай құжаттарды цифрлаймыз, жылына мерзімді басылымдардағы 200 мақаланы электрондық сандық жүйеге енгіземіз, – дейді Рахат Орынбекқызы.

«Заман талабына сай әлеуметтік желілер бар. Көру қабілеті бұзылған оқырмандар үшін кітапхананың YouTube арнасын аштық. Олар ақпаратты тыңдау арқылы қабылдайды. Сайтқа да, Instagram-ға да, YouTube-қа да бейнероликтерді, ақпараттарды ұдайы ұсынамыз», – деді ол.

Қоғамда кітапханашылардың жұмысы жеңіл деген қате түсінік қалыптасқан. Дегенмен кітапханашының міндеті – кітап тауып беру ғана емес екенін байқадық. Одан қалды мерейтой иелеріне, ақын-жазушылардың көркем шығармаларын талдау бойынша түрлі іс-шаралар өткізетіні тағы бар. Кітап пен оқырман арасында дәнекер болып жүрген бұл мамандықтың да өзгелер секілді қиындығы мен қуанышы қатар жүреді.

Рахат Бұланбекованың ақындық қабілеті де бар. Өз ойын, жан сырын, арман-мұратын, сезімін өлеңмен жеткізеді. Өзін өлең өлкесіне баулыған Арқаның ақын қызы Жұлдыз Тойбекті ұстазым деп біледі. Жұлдыз Райымбекқызы жас ақынның аяқ алысын танып, кезінде «Орталық Қазақстан» газетіне тұңғыш өлеңдерін жариялаған. Арқаның ақиық ақыны Серік Ақсұңқарұлы батасын берген. Өлеңдері облыстық, республикалық басылымдарда жарық көрген. 2006 жылы жарыққа шыққан «Жас қаламгер» жинағына өлеңдері енген. Доскей Әлімбайұлының 150 жылдығына орай ұйымдастырылған облыстық жыр мүшәйрасында жүлделі 2 орын иеленген.

«Кітапханашы әрқашан ізденісте болуы керек. Әлемдік тәжірибеден керегін алып, заман талабына сай лайықты жұмыс жасауы қажет» дейді кітапханашы.

– Біздің мемлекетімізде кітапхана ісі туралы заң да жоқ. Мемлекет кітапханашылардың мәртебесін көтерсе, жалақысын көбейтсе, қоғамдағы орнын айшықтаса екен, – деген талап-тілегін де жеткізді.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button