Руханият

Кітап алмасқан күн

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде өткен жылдың қыркүйек айында басталған «Кітап – Qazyna» кітап оқу жобасы мәресіне жетті. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының – 150, ақын, қайраткер Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орай өткізілген шараны іргелі білім ордасының қызметкерлері Эльмира Сайлауқызы мен Марғұлан Уәли ұйымдастырғанын атап өткен жөн.

Кітап оқу жобасына әр факультеттен барлығы 12 топ қатысып, төртеуі ақтық кезеңге жолдама алған еді. Ақтық кезеңде әр топ жеребе бойынша түскен жанрға сәйкес сахналық қойылым әзірлеп, көрерменге ұсынды. Халықаралық кітап сыйлау күні аясында «Кітап – Qazyna» кітап оқу жобасының қорытынды кеші өтіп, білім мен өнер додасында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан студенттердің алты ай бойғы еңбегінің нәтижесі жарияланып, жеңімпаздар анықталды.

Филология факультетінің «Үркер», математика және ақпараттық технологиялар факультетінің «IQup», тарих факультетінің «Жас Алаш», философия және психология факультетінің «Жалын» және филология факультетінің «Ұшқын» тобы Алғыс хатпен, жобаның театрландырылған сахналық қойылымдар кезеңінде үздік өнер көрсеткен студенттер «Үздік актер», «Үздік әйел адам рөлі», «Үздік ер адам рөлі» аталымдарымен марапатталды.

«Кітап – Qazyna» кітап оқу жобасының қорытындысында, филология факультетінің «Жалын» тобы жүлделі III орынға, химия факультетінің «Кемеңгер» тобы жүлделі II орынға, филология факультетінің «Маса» тобы мен экономика факультетінің «Қаракесов саңлақтары» тобы I орынға ие болды.

Бұл жобаға Қарағанды университетінің оқытушылары мен Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры қызметкерлерінің қолдауы мен зор көмегі болғанын айрықша атап айту керек.

«Кітап – алтын қазына» демекші, «Кітап – Qazyna» жобасы рухани азық пен мол білімнің қайнар көзіне айнала отырып, студент-жастардың таным көкжиегін кеңейтуге зор ықпалын байқадық. Ол осы жоба аясында университетте 14 ақпан – халықаралық кітап сыйлау күніне орай өткен «Бір кітап – бір әлем» кітап сыйлау акциясында аңғарылып тұрды.

Студент жастар мен қоғамда өз орны бар танымал аға буын арасында алтын көпір орнатуды мақсат тұтқан акцияда жастар өте белсенді болды.

Іргелі жиынды университеттің ректоры Нұрлан Дулатбеков пен қала әкімінің орынбасары Ләззат Төкенқызы сөз сөйлеп ашты. Студенттер мен қонақтарға сәттілік тілеп, аталған бастаманы қолдайтынын және өздері де қуана қатысып жатқанын айтты.

Іс-шараға ел алдында жүрген танымал 50 аға буын өкілі мен 50 студент қатысты. Олар бір-біріне жеребе арқылы өзі оқыған немесе өз қаламынан туған кітаптарын сыйлады. Жалпы, 100-ден астам кітап өз иесін тапты.

Атап айтсақ, AMANAT партиясы облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбек, SARYARQA телеарнасы директорының орынбасары Жәнібек Садыхан, «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабек, «Қасым» республикалық әдеби журналының бас редакторы Серік Сағынтай, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Салауат Кентбек сынды аға буын өкілдерінің қолынан жастар кітапты қуана алды.

– Кітап – көне замандардың куәсі. Адамзат баласы көрген-білгенін, түйсінгенін кітапқа жазды. Тәурат, Зәбүр, Інжіл және Құран кәрімді «көктен түскен» деп төбесіне көтерді. Жазудың, кітаптың қасиетін сезінді. Жұрт кітапты жаппай оқитын кезеңдер болды. Қазір кітаптың бәрін цифрлап компьютерге көшіріп, ұсынса да оқылмай жатыр. Оқуға баулу үшін осындай кітап сыйлау акциясы өтуде. Енді, кітап жоғалу, кітапты жоқтау заманы келмесе екен. Соның алдын алу үшін осындай кітап оқуды насихаттайтын шаралар керек-ақ, – деді ақын, жазушы Серік Сағынтай.

«Кітап маған тақтан да қымбат» (Шекспир) демекші, кітап оқуға деген құлшыныс тек ізгілікке тәрбиелейді. Ендеше, кітап оқиық, насихаттап жүрейік.

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button