Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Кітапқа тартудың тапсырмас тәсілі

Елімізде 2007 жылдан республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы дәстүрлі өткізіліп келеді. Биыл акция аясында «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – 30 кітап» атауымен танымал қазақстандық авторлардың поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті және аударма саласындағы туындылары оқуға ұсынылған. Осы акция аясында Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы жасөспірімдерге қызмет көрсету бөлімінің қызметкерлері 20 сәуір мен 30 қараша аралығында «Мен оқыған кітаптар» атты букчеллендж жариялады.

Шараның мақсаты – жастар арасында кітап оқуды насихаттау, көркем әдебиетті оқуға тарту, әдеби ой-өрісін дамыту, жастардың шығармашылық мүмкіндіктерін ашу.

Букчелленджге алғашқылардан болып қатысқан ақын Руслан Нұрбай Б.Соқпақбаевтың «Жекпе-жек», ақын Қайрат Асқар С.Ақсұңқарұлының «Көкейімде Күлтегіннің жазуы», Саран қаласының Абай атындағы №4 мектеп директоры Әділ Жакулаев Т.Нұрмағанбетовтің «Періштелердің өлімі», Қарағанды облысы, Жарлы ауылының Нұркен Әбдіров атындағы №13 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жадыра Мүсілімова С.Досжанның «Қасірет пен тағдыр» кітабына талдау жасап, жас оқырмандарға оқуға ұсынды.

Ал, Батыс Қазақстан облысындағы жас оқырмандарымыз Жантимес Сәтқалиев Ә.Ахметов аударған Агата Кристидің «Ғайып болған миллион», Мирас Сатыбалдиев Мәзен Динара аударған Ж.Роллингтің «Хәрри Поттер мен жасырын бөлме» сынды өздері оқыған кітаптарға пікір білдірді.

Кітапхананың электронды поштасына оқырман жастардан оқыған кітаптары туралы пікірлері айтылған бейнежазбалар келіп түсуде.

Оқырмандар осы 30 кітаптың қайсын оқуға болатыны туралы мәліметті, букчеллендж жөнінде және келіп түскен бейнежазбаларды Ж.Бектұров кітапханасының әлеуметтік желілерінен көріп, таныса алады. Атап айтсақ, @bekturov_library instagram, www.facebook.com/ bekturovlib, www. vk.com/bekturovka, https://www. youtube.com/channel/UC4hUSaYAAx1lerXjZyTKKw және www.uniorlib.kz сайтында орналасқан.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button