Ресми

Үкіметтік емес ұйымдар кеңесінің отырысы өтті

Қазіргі таңда еліміздің үкіметтік емес ұйымдары (ҮЕҰ) қоғамдық қуаты зор, үлкен күшке айналды. Олар халықтың көкейіндегі өзекті мәселелерді көтеріп, солардың оң шешілуіне ықпал етуде және көптеген әлеуметтік жобаларға бастамашы болып жүр. Бейсенбі күні облыс әкімдігі жанындағы ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің биылғы жылғы алғашқы отырысы облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВТІҢ төрағалығымен онлайн форматта өтті.


Кеңес отырысына аймақтағы азаматтық қоғамның дамуына айтарлықтай ықпалы бар ҮЕҰ жетекшілері, сонымен қатар, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары және басқа да мүдделі тараптардың өкілдері қатысты.
Алқалы жиынның күн тәртібіне Қарағанды облысы үкіметтік емес ұйымдарының мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы, төтенше жағдай кезіндегі үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы, ҮЕҰ мен мемлекеттің ынтымақтастығындағы инновациялар сынды мәселелер шығарылып, қарастырылды.
«ZOOM» форматындағы жиын барысында аталған сала қызметін үйлестіруші ұйым – облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Құсайынның бүгінгі күнге дейінгі атқарылған жұмыстар жөніндегі есебі тыңдалды.
Оның айтуынша, бүгінде облыста 1 300 ҮЕҰ тіркелген. Олардың басым бөлігі (600-ге жуық) облыс орталығында жұмыс істейді.
«Үкіметтік емес ұйымдарды дамыту тетіктерін неғұрлым терең жетілдіру үшін заңнамалық база жүйелі негізде жаңғыртылуда. Мысалы, 2005 жылдың сәуірінде қабылданған ҚР «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» Заңы ҮЕҰ-ның билік пен қоғамның өзара тың қарым-қатынастары бойынша түрлі әлеуметтік жобаларды іске асыруға қатысуына мүмкіндік берді.
Әлеуметтік жобалар саны жыл санап өсе түсуде. Ағымдағы жылы облыста жалпы сомасы 1, 271 млн. теңгені құрайтын 268 жоба іске асырылуда (2019 жылы – 1,704 млн. теңге, 236 жоба).
Оның ішінде, ішкі саясат басқармасы жалпы сомасы 52 млн. теңгеге 12 жобаны іске асыруда. Төтенше жағдайға байланысты «Мерейлі отбасы» жобасы уақытша тоқтатылды, – деді Ерлан Құсайын.
Ал, «Eurasian Expert Council» қоғамдық қорының басшысы, ҚР Үкіметі жанындағы Адам құқықтары жөніндегі кеңестің мүшесі Шыңғыс Лепсібаев ҮЕҰ-ды үш санатқа бөлуді ұсынды және мемлекеттік грант ойнатылғанда сол санат бойынша қатыстыруды баса айтты. Мысалы, ауқымды гранттарға тәжірибелі ҮЕҰ қатысуы тиіс деген сияқты. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар мемлекеттік тапсырыстардың ҮЕҰ-ына көбірек берілуі керектігін алға тартып, мемлекеттік органдарда ҮЕҰ-мен жұмыс істейтін арнайы қызметкерлер бекіту жөнінде ұсыныс енгізді. «Өйткені, көп жағдайда мемлекеттік қызметкерлермен байланысқа шыққанда, олар ҮЕҰ қызметінің мәнін түсінбей жатады. Нақты бір қызметкер бекітіліп, мәселемен үнемі сол адам айналысса, жұмыс жылдамырақ жүрер еді, мұның қажеттілігі, әсіресе, төтенше жағдай кезінде айқын аңғарылды», – деді ол.
Сондай-ақ, жиынға қатысушылар тарапынан облыстық ҮЕҰ-мен жұмыс жөніндегі кеңес құрамын мезгіл-мезгіл жаңартып отыру қажет деген ұсыныс айтылды. «Себебі, мұндай жұмыс реттілігінде жеке мүддені ойлауға жол берілмей, қоғамдық мәселелер де жылдам әрі тыңғылықты шешімін тауып отырар еді», – дейді олар.
«Жас Ұлан» өңірлік ұйымының жетекшісі Майра Әбдірахманова үкіметтік емес сектордағы жұмысқа шалғай аудандар мен елді мекендердің белсенділерін тартуды ұсынды. «Себебі, шалғайдағы аудандар мен елді мекендерде де ҮЕҰ құрып, олардың жұмысын жандандыру керек. Өйткені, ол жақта өзінің құқығын білмейтін, заңды жетік түсінбейтін, осы тұрғыда, ұйымның қызметін қажет ететін тұрғындар баршылық. Сондықтан, осы мәселені қолға алып, бір жүйеге түсіру керек», – деді ол.
Ал, «Озорение» қоғамдық қорының директоры Татьяна Савицкая ҮЕҰ-ға бөлінетін бюджеттік қаржының көлемін қысқартпай, оны оңтайландыру қажет екенін айтты. «Карантин кезінде қоғамда түйткілді мәселелердің көп екенін көріп отырмыз. Төтенше жағдай аяқталған соң олардың шешімін табу және психологиялық кеңес көмегін көрсету үшін бюджет қаржысын қысқартпаған жөн», – деді ол.
Кеңес отырысында қатысушылар облыстық кеңестің құрамы қайта жасақталуы тиіс деген ұсынысқа қолдау білдірді. Оған үкіметтік емес сектордың тағдырына немқұрайды қарамайтын, белсенді ұстанымдағы азаматтар батыл тартылуы керек деп санайды олар.
Абзал Нүкенұлы өзінің қорытынды сөзінде ішкі саяясат басқармасына барлық ұсыныстарды назарға алып, тиісінше, зерделеуді тапсырды.
Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button