Əкім сайлауы – қоғам талабы
Сайлауға біршама үйреніп қалдық. Өйткені, Жаңа Қазақстандағы саяси реформа сайлау жүйесінен басталғаны мəлім. Ол уақытта жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру қажеттігі пісіп-жетіліп тұрған-ды. Сондықтан да, «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасы жасалды. Оны толық іске асыру – зор мақсат. Осы бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аудандар мен облыстық маңызы бар қала əкімдерін тікелей сайлауды енгізуде заңнамалық түзетулер дайындауға пəрмен еткені белгілі. Енді кезекте қазақстандықтарды аудан жəне қала əкімдерін сайлау күтіп тұр. Сөйтіп, елде алғаш рет 45 аудан мен қала əкімі сайланады. Биылғы сайлау қанат қақты режимде. Ал, 2025 жылы əкімдер жаппай сайлауға түседі. Негізі, əкім сайлау үрдісі Орта Азияда Қазақстанда алғаш жүзеге асқанын айту қажет.
Əкім сайлауы туралы Президент VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясы ашылуында да атап айтқан-ды.
«Биыл алғаш рет 45 аудан жəне облыстық маңызы бар қала əкімдерін тікелей сайлау өтеді. Содан кейін еліміздегі барлық аудан əкімдерін сайлайтын боламыз. Осылайша, биліктің барлық институттары жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайды. Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз», – деді Мемлекет басшысы.
Биыл əкім сайлауы өтетінін Ұлттық экономика министрлігі былтыр желтоқсанда хабарлады. Мұнда алдымен облыс мəслихаттары облыс əкімінің ұсынысымен аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың тізбесін жəне сайлау өтетін күнді бекітеді. Кандидаттарды ұсыну ауыл əкімін сайлаудағыдай. Яғни, əкімге үміткерді саяси партиялар жəне жоғары тұрған əкім ұсынуға құқылы.
«Егер ұсыну мерзімі аяқталған тұста бір ғана кандидат болса, оған балама ретінде екінші кандидатты облыс əкімі ұсына алады. Ал кандидаттар мүлдем болмаса, онда облыс əкімі екі кандидатураны ұсынады.
Өзін-өзі ұсынған кандидат сайлауға қатысуы үшін тиісті əкімшілік-аумақтық бірлікте тұратын сайлаушылардың кемінде бір пайыз қолын жинауы керек. Кандидаттар заңда белгіленген ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшерінде сайлау жарналарын енгізуге тиіс. Егер сайлау қорытындылары бойынша кандидат əкім болып сайланса немесе дауыс беру қорытындылары бойынша кандидат дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының кемінде бес пайызын жинаса, сондай-ақ, кандидат қайтыс болған жағдайда енгізілген жарналар кандидатқа немесе саяси партияға қайтарылады. Қалған жағдайларда сайлау жарнасы кандидатқа қайтарылмайды», – деген болатын Ұлттық экономика министрлігі.
Заңгер-ғалымдар сайлаудағы өзгерістерді уақыттың өзі саяси аренаға алып шыққанын айтып жүр. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, конституциялық жəне халықаралық құқық кафедрасының меңгерушісі, PhD Руслан Ботағарин де осы пікірде. Ғалымның айтуынша, Орта Азияда бірінші боп, Қазақстанның əкім сайлауын өткізуінің саяси мəні үлкен.
– Жалпы əкімдерді сайлау мəселесі бір күнде пайда болған жоқ. Ол – бүгінгі қоғам талабы. Оның нақты іске асырылуы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан бастау алады. Бұл Жолдауда Мемлекет басшысы қоғамдық пікір, сауалнамалар ауыл əкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отырғанын, əрі мұндай маңызды қадамды жан-жақты ойластырылып, дəйекті түрде жүзеге асыру керектігін айтқан болатын. Осы Жолдаудан кейін, 2021 жылы ауыл əкімдерін тікелей сайлау науқаны өткізілді. Бұл тек қана елімізде ғана емес, сонымен қатар, кейбір сарапшылардың айтуынша, Орта Азияда өткізілген алғашқы əкім сайлауы.
Енді осы үрдістің жалғасы ретіндегі кезектегі аудан, қала əкімдерін сайлау өзін-өзі басқару жүйесінің маңызды элементі, – дейді Руслан Ботағарин.
Сондай-ақ, заңгер бүгінгі таңда Қазақстан Республикасындағы сайлау жүйесі жалпы кейінгі елімізде жүргізілген реформалар нəтижесінде жан-жақты жетілдірілгенін айтады. Бұл – азаматтық қоғам қалыптастыру, құқықтық мемлекет құру, халық билігі қағидаларының орындалуына ықпал етпек. Сайлаудағы өзгерістердің бірқатар артықшылықтарын да атайды.
– Биыл аудан жəне қала əкімдерін сайлау қанатқақты режимде өте бастайды. Артықшылық, менің ойымша, ол жоғары тұрған əкімнің үміткерді ұсынуымен қатар, азаматтарымыздың өзін-өзі ұсыну арқылы сайлауға қатыса алуы. Яғни, дəл қазіргі уақытта бұл үрдіс еліміздегі азаматтық қоғам қалыптастыру, құқықтық мемлекет құру, халық билігі қағидаларының орындалуының көрсеткіші. Бұл жерде ең бастысы – ол мемлекеттік мүдделердің, қауіпсіздік мəселелерінің сақталуы маңызды. Идеалында бұл үрдістің мақсаты – сол əкім сайланып отырған елді мекеннің əл-ауқатын арттыру, экономикасын көтеру, тұрақтылықты орнату. Бұл жүйенің тағы бір артықшылығы – сайлау жүріп жатқан елді мекендегі халықтың өзін-өзі басқару үрдісіне тікелей қатыса алуы. Мұндағы ең басты мəселе ол – қала, аудан, жалпы əкімдерді сайлау халықтың арасын бөлуге емес, біріктіруге жұмыс жасауы тиіс, – дейді ол.
Əкім өкілеттілігі – 4 жыл. Заңнамаға сəйкес бір адам екі реттен артық сайланбайды. Заңнаманың тағы бір тиімді тұсы – əкім міндетін дұрыс орындамаған жағдайда, оған депутаттардың сенімсіздік білдіре алатындығы. Соған орай оны қызметтен босату туралы мəселе көтеруге құқық беріледі. Мұндайда мəслихат депутаттарының жалпы санынан кемінде бестен бірі бастама көтеруі тиіс.
Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар əкімдерінің сайлау науқанын өткізудің жалпы кезеңі шамамен 60 күн, оның ішінде, сайлау қорытындыларын шығаруға жəне нəтижелерді белгілеуге бөлінген күндерді есептемегенде 50 күнді құрайды.
Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың əкімдеріне кандидат Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек. Жасы 25-тен асқан, сонымен бірге, жекелеген мемлекеттік саяси лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарына сəйкес келуі тиіс. Кандидат еңбек өтілі бойынша талаптардың 11 нұсқасының бəріне де сай болуы қажет. Алайда, мемлекеттік қызметте жұмыс тəжірибесінің болуы міндетті емес.
Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz