АймақБас тақырып

Әкім әдептен неге озды?

Қарағанды қаласы әкімдігінде әдеп кеңесі өтті. Әдеттегідей мемлекеттік қыз­мет барысында әдеп бұзғандарды талқыға салды. Кейбіреуіне ескерту жасалып, енді біріне қатаң сөгіс жарияланды. Мамандардың ресми дерегінше, осы жылдың алты айында 376 мемлекеттік қызметкер жауапқа тартылған. Былтыр 484-ке жетсе, биыл 22%-ға төмендеген. Ал, 2021 жылы 500-ден асыпты.

Бұл жолғы жиында Бұқар жырау ауданына қарасты Петровка ауылдық округінің әкімі Талғат Елубаевтың әдебі қаралды. Себебі мынада: әкім мен ауыл тұрғындары арасында кикілжің туған. Сөзден сөз шығып, ақырында Талғат Елубаев тұрғындардың біріне қол жұмсаған. Оны өзі мойындап отыр. Оқиға орнына аудан әкімі жеткен. Зардап шеккен азамат та бейнежазба күйіндегі дәлелдерді көрсеткен. Кеңес өкілдері қатаң сөгіс жариялауды құп көрді. Қабылданған шешім құжат жүзінде Бұқар жырау ауданының әкіміне жолданады. Әкім өз кезегінде шешімді жүзеге асыруы тиіс. Айта кетейік, кеңес жиынына ауданның әкімі Абылай Сұлтанғали да қатысып, жағдайға түсініктеме берді.

– Қолымызға тиген бейнежазбаларды қарап шықтым. Жазбада Талғат Елубаевтың тұрғындармен дөрекі сөйлескені анық естіледі. Ауыл әкімі өз кінәсін мойындап отыр және «Мұндай жағдай енді қайталанбайды» деп уәде берді, – деді Бұқар жырау ауданының әкімі.

Сөз алған кеңес өкілдері ауылға бас болып отырған жергілікті билік өкілінің бұл әрекеті ақтауға келмейтінін айтты. Бірақ, Талғат Елубаевты әріптестері көп жылдар бойы жауапты қызметтер атқарған тәжірибелі, білікті маман екенін де атап өтті. Кикілжіңге қатысы бар ауыл тұрғыны да сөз алды.

– Әкімімізбен жиі сөзге келеміз. Ол алкогольдік ішімдік ішеді. Ауыл игілігі үшін арақ-шарапты сатудан бас тартқан елді мекендер бар. Ал, біздікі керісінше. Жасалған жұмыстарын көрмейміз. Құрметті кеңес өкілдері, жиналған дәлелдерге қарап, әділетті шешім қабылдауларыңыз­ды сұраймын. Халықпен қарым-қатынас жасай алмайтын адамды әкім етуге болмайды деп есептеймін, – деді зардап шеккен ауыл тұрғыны Мұхамедқали Бекенбаев.

Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес, жергілікті билік өкілдері бүгінде БАҚ беттеріне толық мониторинг жасайды. Әсіресе, әлеуметтік желідегі парақшалар майшаммен қаралады. Мақсаты – халықтың наразылығын тудыратын келеңсіз жағдайлардың алдын алу. Әсіресе, мемлекеттік қызметкерлердің халықпен жұмыс сапасын бақылау.

Қоғамдық резонанс туғыз­ған бірнеше жағдайлар мысалға келтірілді. Жиынның тізгінін алған Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Ербол Жолданғар жиынға қатысқан мемлекеттік қызметшілерге өз міндетін тиянақты атқаруға, жауапкершілікті сезінуге кеңес берді.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button