Бас тақырыпПрезидент тапсырмасын орындай отырып...

«ӘКІМ болғым келеді, ӘКІМ болғым…»

7-ші шақырылған Парламенттің 1-ші сессиясын ашқан Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «…Тағы бір маңызды қадам – ауыл әкімдерін сайлау. Биыл жекелеген ауылдық округтерде сайлау өтеді. Біз жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін ең төменнен бастап нығайтуды көздеп отырмыз. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондықтан, алдағы уақытта ауыл әкімдерін сайлағаннан кейін аудан әкімдерін сайлауға көшуге болады», – деген еді. Осыған орай Үкімет пен тиісті құзырлы орындар да тапсырма алған. Ал, кешегі күні Ұлттық экономика министрлігі «Сайлау туралы» Заң жобасын таныстырғаны мәлім. Жауапты тұлғалардың айтуынша, сайлау тамыз бен желтоқсан аралығында өтуі тиіс. Онда 836 ауыл әкімі сайланады республика бойынша.

Ашық деректер Ұлттық экономика министрлігінің «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға 67 түзету ұсынғанын мәлімдейді.

Заң жобасы негізінде жасы 25-тен асқан Қазақстан Республикасының кез келген сотталмаған, жоғары білімді азаматының ауыл әкімі болуға құқығы бар. Бірақ, өзін-өзі ұсынған азаматтың кемі бір жыл мемлекеттік қызметте немесе екі жыл жетекшілік өтілі міндетті. Ауыл әкімдерін енді мәслихат депутаттары емес, тұрғындар тікелей сайлайды. Биыл өкілеттік мерзімі аяқталған елдегі 836 ауыл әкімі сайланады. Бұған республикалық бюджеттен 4,8 млрд. теңге қарастырылыпты. Жаңа жобада сайлауға дейінгі науқанға 40 күн беріледі.

Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша, ауыл әкіміне үміткерді саяси партиялармен қатар, үміткер де өзін-өзі ұсына алады.

«Заң жобасы бойынша, ауыл әкіміне үміткерді саяси партиялар өз мүшелерінің арасынан немесе азамат өзін-өзі ұсына алады. Өзін-өзі ұсыну үшін тиісті округтегі сайлаушылардың жалпы санынан кем дегенде 1 пайызының қолын жинау керек», – деді Әлішер Әбдіқадыров.

Министрдің орынбасары ауыл әкімдерінің сайлауын 40 күн бұрын жариялауды ұсынған.

«Сайлаудың өзі іс басындағы әкімнің өкілеті аяқталғанға 10 күн қалғанда өтуі тиіс. Кандидаттарды тіркеу сайлау жарияланған күннің ертеңінде басталып, сайлау күніне 15 күн қалғанда аяқталады. Яғни, үміткер ұсыну мерзімі 14 күнге дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде үміткер тіркелуге қажетті құжаттарды жинап үлгеруі тиіс. Бұл кезеңде аумақтық сайлау комиссиясы ұсынылған құжаттардың растығын тексереді», – деді вице-министр. Заң жобасында сайлау алдындағы соңғы 10 күндікте үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, тіркелген үміткерлер туралы ақпараттар БАҚ-та жариялау көзделеді. Сайлау өткеннен соң 3 күн ішінде қорытындысы шығарылады. 7 күннің ішінде сайланған әкімді тіркеу жүзеге асады.

Аудан мен облыс әкімдерінің сайлауы 2024 жылы өтеді деп күтілуде. Бүгінде облыс әкімдерін Мемлекет басшысы, аудан әкімін облыс әкімі Президент әкімшілігінің келісімімен тағайындап келгені аян. Енді билік кезең-кезеңмен, 2025 жылға дейін барлық дәрежедегі әкімді халықтың өзі сайлайды.

Бұған дейін ұлттық экономика министрлігі әкімдерді тікелей сайлаудың алғашқы кезеңіне 17,6 млрд. теңге қажет екенін хабарлаған еді.

Ал, 2018 жылы Қарағанды облысында 13 ауылдық округтің әкімі сайланғаны мәлім. Сайланған әкімдердің жас мөлшері – 29-бен 52 жас аралығында. Олардың көбісі – мемлекеттік қызметкер, аудандық және ауылдық әкімдіктерде бас немесе аға маман болып қызмет еткендер еді. Орташа есеппен бір орынға үш адамнан келіп, 13 әкім қызметіне 40 үміткер тіркелген.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button