Жаңалықтар

Кіл мықтыда – кім мықты?

     «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» дейтін ұлы Абай сөзін ұран еткен оқушылар Сарыарқа жерінде бас қосты. Көш алдында жүруге ұмтылатын жастардың бұл тобы – Теміртау қаласында Елбасының тапсырмасымен бастау алған республикалық X Президенттік олимпиадада кездесті. Зияткер оқушылар ғылыми бағыттағы әрі жаратылыстану-математика пәндерінен қабілетін көрсетіп, өз арасында мықтыны анықтады.

Бұл туралы Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында», – деп атап өткен болатын.

Олимпиаданың өтуіне мұрындық болған «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының мамандары «Қарағанды облысы оқушылар арасында түрлі білім додаларын өткізуді игі дәстүрге айналдырған» дейді. Соның айқын дәлелі – Қарағанды облысы әкімінің қолдауымен өткен қазақтан шыққан тұңғыш математика профессоры, ғалым, Алаш арысы Әлімхан Ермеков атындағы республикалық олимпиада. Сондай-ақ, жақында Жезқазған қаласында  химиядан өткен Қаныш Сәтбаев атындағы республикалық олимпиаданың ұйымдастырылуы. Осыдан-ақ республика Қарағандыны білім мен ғылымның дамуына үлкен мән беріп отырған өңір санайды. Ал, Теміртаудағы Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университеті бір емес, бірнеше рет Президенттік олимпиаданың қатысушыларын жылы лебізбен қарсы алды. Бұл – кездейсоқ жағдай емес. Себебі, Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаев – осы университеттің түлегі. Сонымен қатар, Елбасы алғашқы еңбек жолын осы қалада бастады. Қазіргі таңда Елбасымен бірге қызмет атқарған үзеңгілес замандастары, достарының біразы осы қалада тұрады. Олимпиадаға қонақ болып келген Елбасының үзеңгілестері Президенттік олимпиада жалауын алып кірген ең үздік оқушыларға қол соқты. Сайысқа Алматы қаласы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстарының командалары келді. Сондай-ақ, қазақстандық білім берудің озық үлгісін көрсетіп отырған білім ордалары – Назарбаев зияткерлік мектептерінің өңірлердегі құрама командалары қатысты.

Қазылар алқасының құрамын физика-математика ғылымдарының докторы, профессор,  Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұхтарбай Өтелбаев және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылым докторлары толықтырды. Олимпиада қатысушыларын әлемнің алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарында білім алып, бәсекеге қабілетті маман болуға шақырды.

Республика мектептерінен 2631 түлек қатысқан олимпиаданың алғашқы аймақтық кезеңі  «Дарын» РҒПО-ның академиялық тобының жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес барлық пәндер бойынша құрастырылған арнайы тапсырмалар жиынтығы бойынша өткізілді.

Бірінші кезеңде еліміздің барлық аймақтарының 380 мектеп бітірушісі on-line режимінде олимпиаданың қашықтық кезеңіне қатысты. Қорытынды сайысқа 163 мектеп оқушысы шақырылды. Оқушылар мен жетекшілер Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығын, Теміртау қаласы өлкетану мұражайын, ботаникалық саябақты, «АрселлорМиттал Теміртау» зауытын аралап көрді.

Олимпиаданың алтын медалі және І дәрежелі дипломдарымен – 6 оқушы,  ІІ дәрежелі дипломдар және күміс медальдармен – 13 оқушы, ІІІ дәрежелі дипломдар және  күміс медальдармен – 21оқушы марапатталды. Алматы қаласы №165 мамандандырылған лицейінің оқушысы Федор Шелестов, Қостанай облысы №90 мамандандырылған мектеп-лицейінің оқушысы Олег Ли және Рудный қаласы №5 гимназияның оқушысы Дарья Костыря ең жоғары ұпай жинады. Қарағанды облысынан  республикалық кезеңге 6 оқушы қатысып, 2 қола жүлде иегері анықталды. «Дарын» мамандандырылған мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы  Мадина Төкішева мен Иван Кван және Теміртау қалалық  Т.Әубәкіров атындағы гимназияның оқушылары үздіктер сапынан көрінді.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button