Руханият

Киелі қарашаңырақ

Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры талай өнер тарланын тәрбиелеп шығарған қасиетті орда. Халықтың рухани байлығын дамытқан және әлі де қуаныш сыйлап келе жатқан киелі өнердің қарашаңырағы өзінің 90 жылдық торқалы тойын былтыр атап өтті.

 

Бұл – 1967 жыл. Жоғары оқу орнына түсеміз деп ауылдан келген біздің айымыз оңынан туып, сол кездегі Қарағанды педагогикалық институтының студенті атандық. Бейбітшілік бульвары көшесіндегі жатақханадан орын алып, көңіліміз орнына түскен соң, жан-жағымызға қарай бастағанбыз.

Бір күні түстен кейін сабақтан келген соң, бірінші қабаттағы шағын залға біраз студентті жинады. Жиналыста ұзын бойлы, ашаң келген, бізден біраз жас үлкен ағай сөз алды. Орысша басталған жиналыста ол кісі қазақша сөйлеп, өзінің Қарағанды драма театрының артисі екенін, студенттер арасында көркемөнерпаздар үйірмесін ашуға келгенін айтты. Содан үйірмеміздің жетекшісі С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының артисі Амангелді Тәжібаев ағамызбен жақсы танысып, қоян-қолтық араласып кеттік те, драматург Салкен Сұбханбердиннің «Айша» атты бір актілі пьесасын дайындай бастадық. Октябрь революциясы кезіндегі бір ауылда болған оқиға екен. (Амангелді ағамыздың жетекшілігімен дайындаған бір актілі спектаклімізді қысқы семестрге шығар алдында институттың бас корпусындағы (қазір «Болашақ» университетінің ғимараты) акті залында қойдық. Кейін оны облыстық телестудиядан көрсеттік).

Содан бір күні жетекшіміз бізді театрға (қазіргі К.Станиславский атындағы театрдың ғимаратына) ертіп барды. Жаңадан қойылуға дайындалып жатқан Сәбит Мұқановтың «Сәкен Сейфуллин» атты драмасының көпшілік сахнасына қатысуымыз керек болды. Амангелді ағамыз осы спектакль режиссерінің ассистенті екен. Біз алты-жеті студентпіз. Бізге сахнада қалай жүріп-тұруымызды үйретеді. Екі-үш күн жаттығу жасаған соң грим салатын бөлмеге әкелді. Театр артистерінің қалай дайын­далатынын, бет-әлпетін кейіпкеріне қалай сәйкестендіретінін сонда көрдік. Бәрімізге кедей-кепшіктің киімін беріп, кәдімгідей «артист» болып шыға келдік. Ол киімдерді грим салатын бөлмеге іліп кетеміз. Енді дайындық кезінде көпшілік сахнасына киімімізді киіп, артистермен бірге шығатын болдық. Біздің де бетімізді, көзімізді бояп, грим салып береді. Грим жақсы жұғу үшін жұқалап вазелин жағу керектігін де үйрендік. Артистер қызық халық. Грим бөлмесінде беттерін бояп отырады, ауыздары тыным таппай, неше түрлі қызықты әңгімелер, анекдоттар айтады. Біз ішек-сілеміз қатып күлеміз. Бір жас жігіт келіп, спектакльдегі қосымша рольдерге қатысып жүріпті. Соған алғашқы кезде біреу: «Көзіңе вазелинді көбірек жақсаң – көрерменге жарқырап жақсы көрінеді» деген ғой. Ол соған сеніп қалып, көзіне вазелин жағып жіберіп, көзі ашылмай, сахнаға шығар алдында зорға тазалап алыпты. Аужекең ағамыз бізге: «Байқаңдар, сендер де сол сияқты көздеріңе вазелин жағып алып жүрмеңдер», – деп ескертіп қояды.

Қазір жарты ғасырдан асып кетті ғой. Көптеген оқиғалар мен театрдағы кісі аттары көмескіленіп, тіпті ұмытылып та қалыпты. Сол спектакльдегі басты роль – Сәкенді Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген артисі Асылбек Өмірзақов сомдаған еді. Негізі сол кездегі драма театрында белгілі өнер шеберлері: Қазақстанның халық артистері Мұздыбек Әбдікәрімов, Жәмила Шашкина, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген артистері Зейнолла Жақыпов, Ағдарбек Ыбыраев, Әнуарбек Шәймерденов, Зейнолла Көшкімбаев, артистер Мариям Мұқатаева, Мариям Николаева, Қайныкен Әлімбаева, Торша Жабаев, Күләш Ғабдуллина, Кәпия Түлкібаев жұртшылықтың қызыға тамашалайтын артистері еді. Ал, кейін театр тарландары болған Әсия Абылаева, Қарғамбай Сатаев, Шәміл Жүнісов, Ерғали Жүнісбеков және басқалары ол кезде жаңа бастаған жас артистер болатын.

Сонымен, «Сейфолланың Сәкені» қойылды. Сол күнгі халықтың қалай жиналғаны әлі есімде. Ине шаншар орын қалған жоқ деп айтуға болады. Спектакльге Сәбит Мұқановтың өзі келіп қатысты. Соңынан атақты жазушымен бірге суретке түскен болатынбыз. Ол сурет театрда болуы тиіс.

Міне, біздің театрмен жақын таныстығымыз осы қойылымнан және қазақтың белгілі өнер шеберлерінің бірі кейін Қарағанды телестудиясына қазақ хабарларының бас режиссері болып ауысқан, одан соң «Қазақфильм» студиясында режиссер болған Амангелді Тәжібаев ағамыздың қамқорлығының арқасында басталды. Осыдан соң театрдың әрбір қойылымын мүмкіндігінше қалт жібермейтін болдық. Бульвардағы жатақханада тұратын болғандықтан, театрдың алдымен өтеміз ғой. Сол кезде театр афишасына жиі көз салатынбыз.

Бірнеше қойылым есімде сақталып қалыпты. Соның бірі Жұмабек Сәрсеков пен Зейнолла Жақыповтың «Зәуреш» спектаклі. Сол қойылымда Зәурештің әкесінің ролін ойнаған Мұздыбек ағамыздың қабір басында тұрып: «…Сен қалған отыз ұлдан едің Зәуреш, бір уыс бұйырмады-ау топырағың…», – деп зарлап салған әні күні бүгінге дейін құлағымда тұр. Адамның сай-сүйегін сырқырататын осы көрініс кезінде көзіне жас алмаған көрермен қалмаған шығар.

Келесі бір қойылым «Қабаған ит» комедиясы. Онда сол кездегі етіне жабысқан «стиляга» шалбар киген, дудар бас Шәміл Жүнісов ойнаған қаладан келген жігіт ролін жұртшылық жоғары бағалады. Шынында да, жас кезінде Шәміл ағамыз комедиялық рольдерде ойнағанда құлпыртып жіберетін еді. Айтпақшы, Мұстай Кәрімнің «Ай тұтылған түн» спектакліндегі Рымкеш Омарханованың Таңқабикесі көрермен көңілінен шыққан болатын.

Бұл алпысыншы жылдардың аяғы, енді жетпісінші жылдардың аяғына қарай театрда тағы да бір өрлеу кезеңі басталғандай болды. Бұл кезде театрда Рамазан Баймағамбетов, Кеңес Жұмабеков, Сердеш Қажымұратов, Амангелді Жукин, Ислам Байгисиев, Жанас Ысқақов, Гүлсара Рашқалиева, Мекен Қисықов, Шәйза Нукина сияқты артистердің өнері ауызға ілініп жүрді. Одан соң бұл қатар Нұржібек Жансүгірова, Махмұд Садыханов, Бауыржан Сүлейменов, Батырхан Бәкіжановтармен толықты. Театрға ілгерінді-кейінді келген бұлардың әрқайсысы өзіндік қолтаңбасымен, шеберлігімен ерекшеленді. Сондай жоғары жетістіктері үшін театр жарты ғасырға толған мерейтойына орай сол кездегі жоғары наградалардың бірі «Халықтар достығы» орденімен марапатталды.

Сәкен Жүнісовтің «Өлара» спектаклі үшін режиссер Ерайын Тәпенов, суретші Мұрат Мақсұтов, артистер Кеңес Жұмабеков пен Сердеш Қажымұратовтардың Қазақ КСР-нің Мемлекеттік сыйлығына қол жеткізуі еліміздің театр өнеріндегі ерекше бір оқиға болды. Қасиетті өнер ордасының көрермені және оның қолдаушысы ретінде мерейінің бұдан да жоғарылай беруіне тілекші болып отырдық. Кейіннен талантты актер Сердеш басқа театрға ауысып кетсе, Кеңес пен Рамазан да талай тамаша рольдерде ойнап, нағыз өнер тарландары екендігін көрсетті, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі атанды. Әттең Рамазанның ғұмырының қысқа болғаны ғана өте өкінішті.

Бұл жерде өзімізбен қатар жүрген, Қарағанды халқы ғана емес, республикаға танымал өнер шебері Кеңес Нарымбайұлы туралы талай-талай әңгіме айтуға болады. Біз Кеңкеңмен тек өнерде ғана емес, күнделікті өмірде де талай дастархан басында кездесіп, пікірлесіп, сөйлесіп, әзілдесіп жүреміз. Бір кезде, нағыз қиын-қыстау кезеңде театрдың екі тізгін, бір шылбырын қолына алған Кеңес басшылық саласында да тамаша тер төкті. Сол бір көрерменінен де айырылып, қаржыландыру жағынан да жүдеулік көріп, айлық жалақыларына қолдары жетпей, жетсе – ақшамен емес, қант, макарон, ұнмен алып жүрген сонау тоқсаныншы жылдардың басындағы сұрықсыз кезеңдерде де театр ұжымының арасында зор ұйымдастырушылық жұмыстарын жүргізе білді. Сол уақыттарда өнер тарландары арасындағы келіспеушілікті, «әрі итеріп, бері тартып» жүрген шақты да басынан өткерді. Талай қиындықтың дұрыс шешімін табуға ерік-жігерін жұмылдырды. Сондай жүйкені жұқартқан әкімшілік жұмыстармен қатар өнер ордасының басты мақсаты – сахналық қойылымдар екенін ұмытпай, жұртшылық көңілінен шықты. Спектакльдер қойылып жатты, өнер ұжымы сан түрлі конкурстар мен фестивальдарға, байқауларға қатысуын тоқтатқан жоқ. Көптеген жүлделерді қанжығасына бөктеріп, театр туын әрқашан жоғары ұстап отырды. Қажымай-талмай жүргізген еңбектің нәтижесінде театрдың көрермені қайта оралды. Қазір кейбір қойылымдар кезінде ине шаншар жер қалмайтыны соның айғағы.

Тек рольдерде ойнап, бірыңғай сахналық рольдер сомдаумен ғана шектелмеген Кеңес бұл күнде қаламгерлігімен де танылды «Замана неткен тар едің?», «Қыран қазақ», «Абай мен Әбіш», «Рақымжанның Қасымы», «Қаздауысты Қазыбек» тағы басқа пьесалар жазып, сахнадан көрсетті. Сол сияқты «Мақат, Ораз Рымжановтар», «Қосылған қос өзен…» сияқты кітаптар жазып, баспадан шығарды. Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бетінде талай мақалалар жариялады. Көптеген сұхбаттар берді.

Бұл күнде театрдың көрнекті қайраткеріне айналған өнер тарланы әлі де дер шағында. Ұжымнан қол үзіп кеткен жоқ, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ерғали Жүнісбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов сынды киелі өнердің шырақшыларының ынтымақты сахна саңлақтарының, өнерге жаңа қадам басқан жастардың арасынан жиі көрініп жүргені қандай жарасымды. Олардың жүрген-тұрғанының өзі үлкен мектеп десек, артық болмас.

Театрдың белді актерлері Махмұд Садықанов пен Нұржібек Жансүгірова туралы айтпай кетсем орынсыз болар. Өнерлі отбасының сомдаған дүниелерінің өзі бір төбе.

Сол сияқты Зылиха Әбдіхалықова, Гүлсара Рашқалиева, Думан Есбаев, Бекмұхамед Киекбаев, жас актер, «100 жаңа есім» аталымының иегері Дина Зайытова тағы басқалардың көрерменнің көзайымына айналып жүргені көпшілікке мәлім.

Театр туралы сөз қозғай отырып, режиссерлер туралы да айта кеткен жөн. Бұл жерде Шнейдерман деген кісіні есіме жиі аламын. Режиссердің актерлермен қалай жұмыс істейтінін алғаш рет осы кісіден көрдім. Ол кісінің соғыс кезіндегі бір оқиғаға арналған пьесаны (атын ұмыттым) сахналағанын білемін. Біз сол спектакльде де көпшілік сахнасына немістердің қолына түскен деревня адамдары болып қатысып едік. Одан соң Аманжол Сәлімбаев сахналаған қойылымдарды қызыға тамашаладық. Жақып Омаровпен жақын таныс болып, жиі кездесіп жүретінбіз. Әлімбек Оразбеков қойған «Бір түп алма ағашы» да жақсы әсер қалдырған қойылым.

Иә, сонымен, ордалы ұжым туралы, оның ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері туралы әлі де айта беруге, жаза беруге болады. Бірақ оның барлығын бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Театрда «әттеген-айлар» да болып жатты. Кейінгі екі-үш жылдың ішінде үш беделді де, білікті адамынан айырылып қалу ұжым үшін оңай болған жоқ. Әуелі жалындап тұрған шақтағы Баян Әукешова кетті, арасына бір-екі жыл салып театрдың директоры Сансызбай Бекболатов пен актер-режиссер Сламбек Жұмағали бірінің артынан бірі бақиға аттанды. Бұл оқиғалар қарашаңырақтың қабырғасын қақыратып кеткені рас. Алла енді ондай жамандықтың бетін аулақ қылсын.

Бұл күнде ақсақалдық кемел жасқа жетіп отырған өзіміздің сүйікті киелі орданың, барлық ауыртпалығын иығымен көтеріп жүрген өнер шеберлеріне, болашағынан зор үміт күттіретін, қадамын жаңа бастаған жас актерлерге, театрдың барлық ұжымына зор шығармашылық табыспен өнер өрінде биіктен-биікке жетіп, шабыттың шалқарында еркін жүзе беруіне тілектестігімді білдіремін.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Мәдениет қайраткері.

Оrtalyq.kz     

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button