Жаңалықтар

Кезекті жеңіс

    «Үйдегі» үшінші ойында да «Сарыарқа» кезекті жеңісіне қол жеткізді. Бұл жолы қытайлық Цзилинь қаласынан келген «Ценг Тоуды» ұтты. 4:0.

Ойын басынан «Сарыарқа» тізгінді қолға алды. 15-ші минутта Кирилл Тамбиев қытайлық қақпашы Тялоны қапы қалдырды. 1:0.

Екінші кезеңде Александр Юксеев есепті еселеді (32-ші минут). 2:0.

Ал, матчтың үшінші бөлігінде Даниил Ердаков (44-ші минут) пен Дмитрий Желнеровский (53-ші минут) мергендіктерімен көзге түсті. 4:0.

Ойын соңына таман алаңдағы тартыс қыза түсті. Тіпті, «сарыарқалық» қорғаушы Тимур Булатов пен қытайлық қорғаушы Даниил Стальнов бір-біріне жұдырық ала жүгірді. Төбелесқұмарлардың бұл қылығына төзе алмаған төреші екеуін де бес минутқа ойыннан шеттетті.

Қазір «Сарыарқа» турнир кестесінде үздік бестікті түйіндеуде. Қоржында – 85 ұпай бар.

Топ басындағы петерборлық «Динамода» – 103 ұпай. Одан кейін 96 ұпаймен тағы бір петерборлық ұжым «СКА-Нева» орналасқан. Еншісіне 91 ұпай жазған қорғандық «Зауралье» үшінші орынды меншіктесе, Альметьевскінің «Нефтянигі» 87 ұпаймен «Сарыарқадан» бір саты жоғары тұр. Лигадағы тағы бір қазақстандық клуб – өскемендік «Торпедо» 82 ұпаймен алтыншы сатыдан орын тепті.

«Сарыарқа» кеше харбиндік «КРС Хэйлунцзянді» қабылдады. Келесі турда Новокузнецкіге барады. «Металлургпен» өтетін матч 29 қаңтарға белгіленген.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Back to top button