Кездесу тақырыбы – өңірлер тарихы

Халықаралық музейлер күні қарсаңында Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы мен Г.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану мұражайы «Тамыры терең туған жер» атты кездесу кешін ұйымдастырды. Шара барысында тарихи-өлкетану мұражайында ашылған «Ертіс» мультимедиалық музейі туралы айтылып, өңірдің тарихы мен мәдениеті жайлы әңгіме өрбіді. Шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында ZOOM форматында өтті.

Кездесуге Теміртау қаласының ішкі саясат бөлімі, облыстағы музей қызметкерлері қатысты. Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы экспозициялық залдары бойынша экскурсия мен «Бір жәдігердің тарихы» тақырыбында сөз етіп, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сапары барысында мінген автомобилі жайлы түсірілген бейнебаянды көрсетті. Павлодар қаласындағы Г.Потанин атындағы музейдің қызметкері Динара Опабекова орталықтағы экспонаттар Һәм жаңа жұмыстарымен таныстырды.

– Соңғы жаңалығымыз – «Ертіс» мультимедиалық музейінің ашылуы. Бұл – республика бойынша тұңғыш бастама. Ал, тарихи-өлкетану мұражайының 7 филиалы бар. Сонымен қатар, 3D лабораториясын аштық. Бұған дейін осы модельде түрлі экспонаттар жасадық. Бұл бастама лабораторияны құрылғылармен толық жабдықтауға мүмкіндік берді. 2019 жылы «Рухани қазына» республикалық байқауында облыстық деңгейде «Үздік музей» номинациясын иелендік. Басқа өңірлермен салыстырғанда орталықтан шығатын жеке журналдар бар. Әрі музей ішінде ғылыми-этномәдени орталықтар жұмыс істейді, – деді өлке тарихын ғылыми зерттеуін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Динара Опабекова.

Г.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану мұражайы 1942 жылы құрылған. Музейдің алғашқы директоры Д.Багаев орталыққа фотосуреттер, ежелгі жануарлардың сүйектері мен тұрмыстық заттарды жинақтаған. 1971 жылы 7 желтоқсанда «Қазқонақ» табиғат ескерткіші болып, мемлекет қамқорлығына алынды.

Республикалық бірегей экспонаттардың бірі – күміспен қапталған «бокка» бас киімі. Бұл дүние – тарихи-өлкетану мұражайының зерттеу жұмысы барысында тапқан олжасы. Бас киім жоғары сапалы жұқа күмістің екі жапырағынан жасалған конус тәрізді. Екі бөлік «өрілген бұрымша» тәрізді өрнек бастырылған. Өрнек бойындағы диаметрі – 1 мм. Ал, бас киімнің төменгі жағы эллипс пішінді (20*28 см). Жолақтардың ені – 4-6, биіктігі – 43,5 см болады.

Ал, бұлардың ішінде ең құндысы – күміс жалатылған қола айна. Диаметрі – 11 см. Терiс жағына жануарлардың бейнесі бейнеленген екi шеңбер салынған. Ондағы кейбір суреттің нобайы анық көрінбейді. Ол жерде 6 пішін бейнеленген. Бірақ, тек 4-і ғана айқын көрініп тұр. Олар – ит, жылқы, тасбақа және тышқан.

Сондай-ақ, музей қызметкерлері басқа атқарылып жатқан жұмыстарын таныстырып, жоспарымен бөлісті. Алдағы уақытта қос тарап ынтымақтастық байланысты жалғап, игі бастамаларды қатар атқаруға уағдаласты.

Ербол ЕРБОЛАТ.

ТЕМІРТАУ қаласы.