Спорт

Кездесу күзде өтуі мүмкін

Геннадий ГОЛОВКИННІҢ бұрынғы бапкері Абель САНЧЕС боксшының алдағы жекпе-жегіне болжам жасады. Ол AB Boxing News-ке берген сұхбатында «Гена алдағы уақытта Альвареспен кездесер болса, жеңіс жерлесіміздің қанжығасында болады» деп болжам жасап отыр.

Абель Санчес Головкин мен Альварес арасында өткен қос кездесуде де бапкер болған. Егер олар үшінші рет жекпе-жек өткізетін болса, Санчес көрермен қатарынан табыламын дейді. Головкин мен Альварестің алғашқы кездесуі тең нәтижемен аяқталса, екінші рет жұдырықтасқанда, төрешілер жеңісті Альвареске берген-ді. Ол «трилогия» өтсе, сөзсіз Головкиннің жеңетініне сенімді екенін жеткізді. Әрі бұл үшін боксшыны қолдайтын тарап Саульге бас тарта алмайтындай ұсыныс жасауы керек. Бапкер бокс кешін Вегаста емес, басқа жерде өткені дұрыс деп есептейді.

Жанкүйерлер қос тараптың үшінші рет шаршы алаңда кездескенін күтіп жүр. DAZN стриминг сервисінің сарапшылары Крис Мэнникс пен Серхио Мора да трилогия мәселесін сөз етіпті. Серхио Мора Канело мен GGG тартысын келесі жылдың мамыр айына дейін күткісі келмейтінін, мүмкіндік болса, биыл күзде өткізуді қалайды.

Сондай-ақ, жерлесіміз «Қара күштің патшасы» атағына ұсынылды. Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) бокс тарихында орта дивизионның ең мықты панчері кім екенін анықтамақ.

WBC твиттер желісінде бірнеше боксшыны ұсынып, «Орта салмақтағы күш патшасы кім?» деп жазыпты. Солардың қатарында Геннадий Головкиннің бары қуантты.

Бұл атаққа GGG-ге бәсекелес Томас Хирнс, Марвин Хаглер, Сауль «Канело» Альварес, Карлос Монсон мен Айрен Баркли бар. Сонымен қатар, WBC жанкүйерлерге өз таңдауларын ұсынуын сұрады.

 

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button