Руханият

Кешендегі келелі іс

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ұжымы Қарағанды облысының тарихи-мәдени мұрасын сақтау орталығымен бірлесіп, Бұқар жырау Қалқаманұлының 355 жылдығына орай Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті тарих факультетінің студенттері мен Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығы һәм Volter ұйымының еріктілеріне арналған экотур ұйымдастырды.

Бұл формат, яғни санитарлық (аумақты жинау) және танымдық негіздегі сапар бұған дейін де өткен. Жыл сайын Талды тарихи-археологиялық саябағында қолға алынып, сенбілік қызықты экскурсиялармен үйлеседі.

Бұл сапар да есте қаларлықтай қызықты болды. Студенттер мен еріктілер сенбіліктен кейін қорымда Бұқар жыраудың шығармашылығымен және өмірімен танысты. Жырау кесенесі аумағында орналасқан қонақ үй мен мемориалдық мұражай экотурға қатысушыларды таңғалдырып, әсерге бөледі. Барлық қатысушы алдымен осындағы шырақшы маманмен бірге кесенеде намаз оқыды, баба рухына Құран оқып, дұға етті. Кейін шырақшы кесене құрылысының тарихы туралы айтып берді. Студенттер мен еріктілер Бұқар жыраудың өмірбаяны туралы алғаш қалам тербеген белгілі қазақ ақыны, этнограф және зерттеуші М.Көпеев туралы естіп, білді. Сондай-ақ, жаз айларынан бастап, күздің аяғына дейін кесенеге көптеген қажылар келетініне қанық болды.

Кесенеге экскурсиядан кейін барлық 30 қатысушы 15 адамнан 2 топқа бөлініп, мұражай аумағында сенбілік жұмысын өткізді. Ал, Бұқар жырау мұражайына жасалған экскурсия өте қызықты болды. Қатысушылар аңыз бойынша Бұқар жыраудың қабіріне М.Көпеев орнатқан тасты көріп, жыраудың өмірі мен шығармашылығын зерттеген басқа да ғалымдар туралы білді. Сонымен қатар, студенттер мен еріктілер шырақшымен бірге жыраудың «Он бір тілегін» асықпай жатқа оқып, талдау жүргізді. Ондағы сирек кездесетін көнерген сөздердің мәніне үңілді. Сапардан алған әсері туралы мұражайдың пікір жазатын арнайы кітабына алғыс сөздерін жазып, қалдырды. Еріктілердің айтуынша, мұражай орналасқан жер өте көркем және әдемі. Қатысушылар көптеген жағымды эмоцияға бөленді. Әрине, сапардағы ең басты мақсат – жас ұрпақты қазақ халқының тарихындағы ұлы тұлға Абылай ханның бас кеңесшісі болған Бұқар жыраудың өмірі һәм шығармашылығымен таныстыру.

– Бұқар жырау кесенесі мен мұражайына барып, керемет әсер алдым. Ел тарихының, мәдениетінің бір бөлігімен танысып, бойыма сіңірдім. Маған болашақ тарихшы ретінде бұл сапар өте пайдалы болды. Алда болса, тағы барар едім. Тарихқа үңілген сайын тың деректер шыға беретініне көзім жетті. Мұндай тарихи орынды алғаш рет көруім. Ұйымдастырушыларға мың алғыс, – дейді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті тарих факультетінің I курс студенті Аяжан Шәріпова.

Биыл Бұқар жырау кешені Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайының балансына берілді. Сондай-ақ, биыл мұнда қалпына келтіру жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл киелі әрі тарихи нысанның туристік әлеуетін арттыра түсетінін айтады мамандар.

Жәлел ШАЛҚАР,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button