Кентте – Канал күні

Әлемді әбігерге салған бір мәселе қазір – ауызсу. Шалғайдағы елді мекендерді былай қойғанда, аудан орталықтары мен ірі индустриялы ошақтар орын тепкен қалаларда су бірер күнге тоқтаса – барлығы тұралап, қаңсып қалуы әбден мүмкін. Осы орайда, облыс тұрғындары мен ірі өнеркәсіп орындарын сумен қамтамасыз етіп отырған Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың құзыры қазір су патшасы – Сүлейменнен не әрі, не бері емес.

Өткен аптаның сенбісінде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы ая­сында Осакаров ауданына қарасты Молодежный кентінде Канал күні кең көлемде аталып өтілді. Қазақстанның ұлан-ғайыр даласы – Қарағанды һәм Пав­лодар облыстарын ауызсумен қамта­масыз етуші Қаныш Сәтбаев атындағы канал басшылары мен қызметкерлері, жергілікті атқару­шы билік өкілдері мен кент тұр­ғындары – түгелі дерлік осында жиылып, қыркүйектің шыбынсыз жазын дүбірлі думанға бөледі. Аталған канал қызметкерлері мен жұмыскерлері Молодежный кентіне Қазақстанның әр түпкірінен, атап айтқанда, Астана, Қарағанды мен Павлодар облыстарынан жиылып, Канал күнінің салтанатын асырды.

Иә, салтанатты шараның жалпы көрінісі мынау: Молодежный кентінің орталығындағы спорттық кешеннің стадионында канал қызметкерлері футбол ойнап жүр. Бір шетінде ерлер арасында бір бөлек, әйелдер арасында бір бөлек волейболдан жарыс өтіп жатыр. Спорттың әр түрінен алты командадан қатысып, бақ сынасты. Боз кілемде балуандар қазақ күресінен белдесуде. Қазақ күресінен балуандар салмақ дәрежесі бойынша ғана емес, сонымен бірге, жоғары салмақтағы түйе балуандар және жеңіл салмақтағы балалар белдесу өз алдына бір бөлек. Кір тасын көтерген қара күш иелерінің өнерлері таңдай қақтырмай қоймайды. Бір бұрышта білекті жігіттер қол күрестірсе, орталық алаңның кең сахнасындағы мерекелік концерт Арқа даласының аспанын ән мен жырға, күмбірлеген күміс күйге бөлеп жатты. Не десек те, азаттықтың 25 жылдығында Канал күнін тойлаушы жұрттың десі басым шықты.

Спорттық шаралардың ашылу салтанатында алғашқы сөзді Қаныш Сәтбаев атындағы канал филиалының директоры Оңдасын Жиенқұлов ұштады. Канал филиалының директоры барша жұртты Тәуелсіздіктің торқалы тойымен, әріптестерін Канал күні­мен арнайы құттықтап, алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі. Сондай-ақ, мұнда Осакаров ауданының әкімі Қайрат Шайжанов та қатысып, салтанатты шараның басы-қасында болғанын атап өткеніміз жөн.

Бұрын «Ертіс-Қарағанды» ат­алған Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың ұзындығы 458 шақырым. Оның ішінде 186 шақырымы Қарағанды облысына тиесілі. Шідерті-Нұра өзендерінің су айрығындағы судың көтерілуінің статистикалық биіктігі – 418 метр. Суды айдап қотару 22 сорғы стансалары арқылы жүзеге асырыл­­ады. Қаныш Сәтбаев атын­дағы канал құрылысының құра­мына барлығы 34 канал кірсе, соның 17-сі Қарағанды пайдалану басқармасына жатады.

Сонымен, волейболдан ерлер арасынан ІІІ орынды Павлодар пайдалану басқармасының құра­масы еншілесе, ІІ орынды Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың Астана құрамасы, І орынды Қара­ғанды пайдалану басқармасы иеленді. Ал, әйелдер арасынан Астана ІІІ орынға түссе, Павлодар ІІ орынға, Қарағанды І орыннан көрінді. Футболдан І және ІІ орынды Қарағанды мен Павлодар өзара бөлісті. Кір тасын көтеру бойынша, Астана филиалы ІІІ орынға шықса, ІІ орынға Павлодар, І орынға Қарағанды көтерілді.

Қол күрестен каналдың Астана филиалы ІІІ орынға табан тіреп, ІІ орын ҚР Су ресурстары комитетінің құрамасына бұйырса, І орын Қарағанды басқармасында қалды. Ал, қазақ күресінен І, ІІ, ІІІ орынды бірдей Қарағанды пайдалану басқармасы иеленді.

Жәнібек ӘЛИМАН,

«Орталық Қазақстан»

ОСАКАРОВ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.