Кент сусыз отыр
Долинка кентінің тұрғындары екінші жыл құрғақшылықтан зардап шегіп келе жатқанын айтып, зар қағуда. Бақшаны суармақ түгілі үйдегі судың өзі мандымайтын көрінеді. Жергілікті тұрғындардың мәлімдеуінше, су қоймасына ылғал беріп тұратын өзеннің суы тартылған соң, ұңғымалардағы жер асты суларының деңгейі бірнеше есеге төмендеген.

– Қиярымыз ащы. Өйткені, су жоқ. Бұрындары ұңғымаларда 3 метр су болатын. Қазір бір метр де жоқ. Әдетте сорғыны қосқаннан су атқылай жөнелетінді. Ал, қазір сорғымыз су сорғанша жарты сағат күтуіміз керек. Себебі, су жоқ. Жақын арада болатын да сиқы көрінбейді, – деп шағымданады Долинка тұрғыны Кристина Банах.
Кент тұрғыны Евгения Полашкованың да шағымы бар. Оның айтуынша, 10 литрлік шелекті толтыру үшін 7 минут күту керек.
– Үйдегі су құбырынан мандытып су келмейді. Бақша суаруды мүлде ұмыттық. Ұңғымада су мүлдем жоқ, – деді ол.
Тұрғындар бұдан бөлек, орталық су құбырына бір жарым мыңға жуық жеке үйдің жетеуі ғана қосылғанын айтып, шағымданады.
– Анам көкөніс бақшасын алды. Олар жаңа ұңғыма қазды. Онда да су жоқ. Олар шыққан аздыкөпті шалшық суды сорып, қайтадан бұрғылады, су әрі қарай шықпай қойды. Осы жұмысты істетуге кісі жалдады. Оларға 500 мың теңге кетті. Енді соның несиесін төлеп отыр. Көз алдыңда бақшаң қурап, жұмысың кері кетіп, босқа несиеге бату оңай емес. Қурап жатқан картоп, арпа. Әкім бізге бұл мәселе бір жылдан кейін шешілетінін айтқан. Бір жылдан кейін мұнда ешкім қалмауы да мүмкін. Мұнда сусыз не бітіресіз? Біз негізінен көкөністен, егіннен табыс табамыз. Кейбірінде ғана мал бар. Сонымен күнелтіп отыр, – деді Елена Салимова.
2014 жылы Долинкаға су құбыры тартылған. Бұл ауылда әйгілі Қарлаг мұражайы орналасқан. Мұражай, мектеп, емхана және №30 және 31 колония сумен қамтамасыз етілді. Құбырлар кенттің негізгі үш көшесімен салынды. Бірақ, халықтың көп бөлігі өз ұңғымаларын пайдаланды. Себебі, орталық құбырға қосылу тым қымбат болды.
– Асфальттың астын қазуға тура келді. Бұл құбырды асфальт астынан өткізу үшін қымбат техника қажет. Менің көршім бірнеше жыл бұрын құбырға қосылды. Ол құбырдың метріне 50 мың теңге төледі. 10 метріне 500 мың теңге берді. Бұл – сол уақыттағы баға. Қазір бағалар өскен. Енді ойлай беріңіз. Ақшасы жоқтар не істеуі керек?, – деді кент тұрғыны Карина Волошина.
Кент әкімдігінің қызметкерлері судың тапшылығына құрғақшылықты кінәлап отыр. Екі жылдан бері көктемде де Топар су қоймасынан мұнда су келмеген. ШерубайНұра өзенінің арнасы да кеуіп қалған. Құмқиыршық тас қоспасын өндіретін бірнеше карьерлер де өз әсерін тигізген.
– Ұзақ уақыт бойы бұл желілер иесіз болды, қазір зерттеп жатырмыз. Мысалы, ұңғымалар кесте бойынша орнатылған. Бұл құдықтардың жабдықтарын тұрғындар сындырып тастаған. Желілерді қалпына келтіру үшін белгілі деңгейде инвестиция қажет. Кенттегі үш негізгі учаске мен орталық көшелерді келесі жылға қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз. Қалғандары кезеңкезеңімен болады. Бірақ, мен дәл қазір ел өздері айтқандай қиын жағдайда отыр демес едім, – деді жергілікті әкімдік өкілдері.
Билік өкілдері өткен жылдан бері Шахтинск су арнасының мамандары желілерге тексеру жүргізіп жатқанын айтады. Шахтинск су арнасының мамандары желілер әлі балансқа алынбағанын айтты.