Бас тақырып

Кеншінің келбеті

Шахтер. Ақзер әлемнің қадір-қасиетін кеншіден артық кім түйсініп, біле қойсын, сірә. Қасиетті Қарағанды өлкесін жарты жаһан қара алтынның, металдың қамбасы деп біледі. Қарағанды қарапайым еңбек адамдарының да отаны. Кенші дегенде көз алдымызға жұмыр жүрегінде қажыр мен қайраты атой салған өргек жандар келетіні кәдік.

шахтерлер күні

Ол әр күні кезекті қызмет ауысымынан оралмауы мүмкін. Бұл зілмауыр ойлар кеншінің отбасына күнделікті кесе-көлденең тұратыны айдан жарық ақиқат. Шахтер кәсібі құрметті болғанымен, әлемдегі ең қауіпті мамандықтар санатынан.

Өкінерлігі, биыл да «Қазақстан» шахтасында тағы бес кенші қаза болды. Олар – Денис Стешин, Артур Халиков, Виктор Бургун, Виталий Слюньков, Илья Старовойт еді. Нағыз азамат азаппенен әлді. Бұл қаһармандар берісі отбасын, әрісі еліне игілік әкелемін деген ақтық сапарда жан берді. Әр кенші өз міндетін мінсіз атқарады. Дертін айтпаған дәрмен таба алмайды. Осы орайда «елге салым қосамыз» деген рәуішті қаншалаған уәдені кемерінен асыра үйіп төккен алпауыттар сайып келгенде Конституциямызда жазылған ең ұлық құндылығымыз – адамды аман алып қалуға дәреметі жетпей тұр. Опындыратыны да осы. Орнында бар оңалар. Кеміген толар. Әсте-әсте бұл олқылық та дұрыс қалыпқа түсер деген үміт қыламыз. Үміт те, үгіт те етеміз! Іштен кейігенімізбен, терең сенім білдіреміз. Әзір, айтып келмейтін ажалды қарғағаннан басқаға жарамай тұрмыз. Бірақ, осы бір кенші атаулының тынымсыз күн сайынғы бір ерлігі тұтас қарақан елге дем-күш береді. Олар халқына адал, антына бекем. Осы орайда кеніш инфрақұрылымы заманауи қалыпқа тезірек еніп, бір денедей бір бүтін болғанда іс оңалмақ. Болғаны, әркім өзінің қолынан келген міндетін атқарса, жарағаны. Бұл сөзіміз ұққан құлаққа, қарақты көзге бір мысал. Ғайыптан киліккен тажалға айла жоқ.

Кеншілер кері шегіну дегенді білмейтін көзсіз батырлар. Осы жолда ел билігі алпауыт иелерінің орасан қателіктерін кейінгі мезгілдерде ашық айтып сындағаннан қорықпайды. Кеншінің кенен кейпі осындай. Қанша тың технология енгізілсе де кеншінің қос қолынан қайласы әсте түспеді. Түспейтін де шығар, бәлкім. Кеншінің бір күні былайғы жандардың мың күніне татырлық.

…Бір кеніште жеті кенші еңбектеніп жатады. Кенет шыңыраудан жарылыс дыбысы естіліп қап, кен орнындағылар шығаберіс туннельдің бітеліп қалғанын аңдайды. Бір-біріне қайран қыла алмай, абдырап қалған әлгі жетеу біраз шамадан соң, шыңыраудан шығу амалдарын қарастыра бастайды. Кәнігі кеншілер туннельдің бітелген аузын ашуға қанша уақыт кететінін әрі оттегінің қанша сағатқа жететінін есептеп алды. Сәттілік серік болса, оттегі әрі кеткенде үш жарым сағатқа жетерлік екен. Ендігі мақсат сол уақыт мұғдарында шыңыраудан шығып үлгеру. Қолында сағаты бар жетеудің біреуі «уақыт кетті» деп әмір берісімен жанталас басталып та кеткен. Ауық-ауық «сағат қанша?», «қанша уақытымыз бар?» деген тәрізді қаншалаған сауалдар үміт отын жағумен болды. Бір минуты бір сағаттық, бір сағаты бір ғасырдан да ұзақ қапастағы харекет жалғаса берді, жалғаса берді. Қолында сағаты бар ауысым басшысы егерәки бұлай жалғаса беретін болса, бойын қорқыныш дендеген жұмысшылар өздігінен ауа қармауға көшіп, жантәсілім ететінін іштей сезді. Ол дереу сұрақты азайтып, жұмысты өндірте істеуді талап етті. Бір сағат өткен соң «жарты сағат өтті» деген ауысым басшысы уыстағы уақыт пен ауаны барынша созып бақты. Көзге түрткісіз түнек ішінде күн көзіне асығып тайталасқан өзгелері осы бір ауыз сөзге имандай иланды. Арада бес сағат өтті. Күн сәулесі шыңырауға түсті. Алтауы аман есен қалып, қолсағаты бар кенші жан берді.

Бұл кәдуілгі әфсана ғана. Астарына бір ақиқат жасырыныпты. Не өлсе де, сенім өлмейді деген.

Кім не десе, еркі өзінде. Тамыз айының соңғы жексенбісі кеншілер мен байытушылар күні. Кен өндірісі еліміздің бас саласы болса, кенші кәсібі ең қадірлі мамандық. Сондықтан, қадымнан бүгінге дейін кеншінің кенен келбеті өз биігінен аласармақ емес.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button