Бас тақырып

Кенші әйелдер ерлігі ескерілсін

Кенші болу қай заманнан болсын ерлердің мамандығы болып есептеледі. Жеті қат жер астында, шахтер шамының көмескі сәулесімен жер қазып, көмір шабу оңай шаруа емес. Оның үстіне жер қабатының ауыр салмағынан кен қазбаларының опырылып кетуі, метан газының қопарылуы мен жердің орасан қысымынан көмір мен газдың кенеттен атылып кету қауіптері кездесіп жатады. Сондықтан, қай елде болмасын нәзік жанды аналарды, ұрпақ жалғастырушы қыз-келіншектерді мұндай ауыр жер асты жұмысына жекпейді. Алайда, өмір өз өзгертулерін енгізіп жатады.

Ұлы Отан соғысы басталып, қолдарына қару ұстай алатын ер азаматтар майданға аттанғанда қай салада болмасын олардың орындарын әйелдер басты. Қарағанды шахталарында да забойға әйелдер келді. 1986 жылы орыс тілінде, 1990 жылы аударылып, қазақ тілінде шыққан «Қарағанды. Қарағанды облысы» энциклопедиясында «Қарағанды жұмысшы әйелдері» деген мақала келтірілген.

Онда «Ұлы Отан соғысы кезінде жұмысшы әйелдердің саны екі еседей артты, өндірістік кәсіпорындардағы барлық жұмысшылар санының 48%-ы, транспортта 40%-ға жуығы әйелдер болды. Көмір бассейнінде кенші әйелдердің саны 5,5 есе артты. Жер асты жұмыстарында 5 мыңдай әйел жұмыс істеді, олардың ішінде 1060-ы көмір құлатушы болды», деп жазылған. Қарағанды энциклопедияларын жарыққа шығару тобының мүшесі ретінде атап өтейін, бастапқыда біз бұл мақаланың атын «Қарағандының шахтер-әйелдері» деп атаған болатынбыз. Бірақ, облыстық партия комитетінің қырағы «цензорлары» шетелдіктердің: «бұлар әйелдерін де шахтада жұмыс істетеді екен» деген қаңқу сөздерінен сескенді ме, тақырыпты өзгертіп жіберіп, жалпы сипаттағы: партияның ұйымдастырушылық рөлі, тарихи қаулылары, ұрандары және т.б деректер қостырды. Тақырып мақаланы ашып тұрған жоқ.

Қалай болған күнде де мақалада соғыс жылдарындағы қарағандылық шахтер-әйелдер туралы аса қажетті мәліметтер бере алдық деп есептеймін. Жүздеген қазақ әйелдері де қатардан қалмай, жылу мен жарық сыйлайтын тас көмірді қайламан шауып, науаға құлату мамандығын игеріп алды.

Құлату дегенннен шығады. Кітапта №3- бис шахтасында Жәкен Мұқанова деген қазақ әйелі бірінші болып көмір құлатушы мамандағын игерді деп жазылған. Бұл қандай мамандық? Орысша «навалоотбойщик» делінеді. Забойда үңгілеу машинасымен көмір қабатының астыңғы жағы қазылады, соны кен жұмысшысы шойбалғаман үгітіп, науаға (конвейер) құлатады. Өте ауыр, әрі қауіпті, тек қарулы еркектер атқаратын жұмыс. Біз соғыс жылдарғы қажырлы еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған қазақтың қайсар кеншісі Жәкен апайдың өмір-деректерін тауып алып, энциклопедияға енгіздік те, оны осы кітаптың барлық басылымдарында (1986, 2008- орыс тілінде, 1990, 2006- қазақ тілінде) жарияладық. Еңбектес құрбысы Күләй Құлжановамен бірге шахтер каскасын киіп, шойбалға ұстап тұрған суретін де бердік, талай кітаптарда жарияланған бұл сурет соғыс жылдарындағы қарағандылық шахтер әйелдердің жиынтық портретін бейнелейді деуге де болады.

Кенші әйелдер А.Жданова, М.Кәрімова, З.Рева, М.Смағұлова, Б.Тәшкеева, М.Тұрлыбаева т.б. еңбектегі ерлігімен даңққа бөленді. Ал шахтадағы еңбек жолын көмір тасымалдаушы болып бастаған Бибіжамал Омарова көтеру машинасының машинисі мамандығын игеріп алып, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Көптеген шахтер-әйелдер үкімет наградаларымен марапатталды.

1985 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында тылда еңбек еткен қарағандылық әйелдердің құрметіне арнап ескерткіш орнату туралы шешім қабылданды, тіпті, орталық скверде орны белгіленіп: «Бұл жерде Ұлы Отан соғысы /1941- 1945/ жылдары Қарағанды шахталарында жанқиярлықпен еңбек еткен әйелдерге монумент орнатылады» деген жазуы бар тас та қойылды (кейінгі екі басылымда бұл сөздерді алып тастауға мәжбүр болдық).

Алайда, монумент уақытында орнатылмай, ел өміріндегі аласапыран оқиғаларға байланысты біртіндеп ұмытылды. Жақында болып өткен облыстық ардагерлер кеңесінің  Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын лайықты қарсы алуға арналған пленумында осы жолдар авторының ұсынысымен Қазыбек би аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабит Тұяқов мәселеге қозғау салды. Суретшілер одағы құп көріп, өздерінің нұсқаларын ұсына бастады. Кеншілер мәдениет сарайының алдындағы Қарағандының бет бейнесіне айналған «Шахтер даңқы» алып монументінің авторы сәулетші П.Билыктың нұсқасында бір кенші әйел бала емізіп отырады, ал құрбысы қайла асынып, оны тосып тұрады. Алып монумент емес, стильдік шағын композиция жасасақ болмай ма деген де ұсыныстар болды.

Біздің ойымызша шахтер-әйелдердің ерлігі ерен ескерткіш орнатуға лайық. «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөзді осы жерде еске түсірейік. Және қазіргідей кенші, шахтер мамандығының мәртебесі құлдырап, тепсе темір үзер жігіттер базарда тәшке тасып, немесе шылымды бір талдап сатып жүргенде, соғыс жылдары әрі ұрпақ өсіріп, әрі ерлерді жоқтатпай, шахтада кен қопарған кенші әйелдерге алып монумент, басқа да ескерткіштер орнатып жатсақ артық болмайды.

Аман Жанғожин,

 «Қарағанды. Қарағанды облысы» энциклопедияларын шығарушы редакторы.

Басқа материалдар

Back to top button