Жаңалықтар

КЕМЕЛ КЕЛЕШЕККЕ ДАҢҒЫЛ

     Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ сыбайлас жемқорлыққа мемлекет пен қоғам біріге отырып, қарсы күресу керектігін әрдайым айтып келеді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Президент ел азаматтарын коррупциямен ымырасыз күреске шақырды. 

Бұл мақалада Мемлекет басшысы әлеуетті біртұтас ұлт құру үшін рухани жаңғырудың бағыттарын белгілеп, алдағы жылдардағы міндеттерді айқындап көрсетті.

Бiз бүгінде жаңа қоғамда өмiр сүрудеміз. Елбасымыздың алға қойған басты мақсаттарының бірі – дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін әр азамат мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне аянбай адал қыз­­мет етуі тиіс.

Ежелден халқымыз ғасыр­лар бойы туған жерімізді сақтап, оның байлығын үнемді, әрі орынды пайдалануды ұстанған ел. Ел Тәуелсіздігін жариялаған сәттен Елбасымыз халқымызды осы қағиданы ұс­тануға шақыруда.

Иә, сыбайлас жемқорлық­тың тамыры тереңге тарап, қоғамға кері әсерін тигізетіндігі рас. Бұл ретте, елімізді дамыған елдердің қатарынан көру үшін әр Қазақстанның азаматы бүгінгі күннің басты құндылықтарын – тазалық, ад­ал­дық, Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, санасына сіңіруі қажет.  Ал, осы құндылықтар әр адамның ой-санасында сақталса, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатыны сөзсіз.

Тарихқа сүйенсек, Қазақ­стан ТМД елдері арасында алғашқылардың бірі болып «Сы­байлас жемқорлықпен кү­рес туралы» Заңын қабылдап (1998 ж.), арнайы бағдарламаларды бекітіп, бұл зұлымдықпен күресуге қадам бастады. Алғашқы қабылданған Заңда сыбайлас жемқорлық­пен күресуге, салдарын жоюға баса назар берілсе, кейінгі, 2015 жылғы 18 қарашадағы «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу туралы» Заңда сыбайлас жемқорлықты болдырмау, алдын алуды көздейді.

Дегенмен, елiмiзде сыбай­лас жемқорлыққа қарсы Заң­дар қабылданып, бірқатар жұмыстар атқарылғанымен, жем­қорлық мәселесі бүгінгі күннің өзектісіне айналып отыр.

2014 жылдың 26 желтоқсанында Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы бе­кітілді. Бұл құжаттың басты мақсаты мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеуші­лік» қағидасын қалыптастыру және Қазақстанда сы­байлас жемқорлық деңгейін төмендету болып табылады.

Бүгінде облысымызда Стра­тегияда көзделген міндеттемелерді орындауға бағытталған кешенді іс-шаралар жоспары құрылып, жүзеге асырылуда.

Сыбайлас жемқорлық – әлемді шарпыған індет. Бұл індеттің  түп-тамырын жою үшін қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Ал, қоғам дегеніміз – ол сіз бен біз, яғни, заңға, қоғамдағы өзіміздің міндеттеріміз бен моральдық ахуалымызға деген бір-біріміздің қарым-қатынасымыз. Олай болса, әрбір қазақстандық өзінің ой-санасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы қағидасын қалыптастырып, жемқорлыққа жол бермей, мемлекетпен бі­рігіп жұмыс жүргізсе, нәтижесінде, алға қойған мақсаттарға сүрінбей жететіндігімізге сенімдімін.

Ф.ҚАСЫМОВА,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы

бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button