Жаңалықтар

Кемел келешек негізі

    Дамыған елдермен теңесу үшін ғылым мен білімнің алатын орнының маңызды екенін Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ жыл сайынғы Жолдауларында айтып келеді. «Ұлттық бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімдік деңгейімен айқындалады» деген болатын. Өйткені, тәуелсіз Қазақстанның әлемдік өркениетке жетудегі бірден-бір дара жолы – білім жүйесі. Орта мектеп – білім жүйесінің ең басты буыны. Орта мектепте қаланған білім негізі оқушының болашағына жол ашады. Сондықтан Елбасының биылғы Жолдауы ерекше өркендеуіміздің нақты бағдарламасы.

Өткен аптаның соңына қарай Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп ұжымында Елбасы Н. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды. Жиында сөз алған мектеп директоры Қ. Илимбаевтың ой-пікірлерін мүмкіндігінше толық қалпында беріп отырмын.

«Қазіргі кезеңдегі басты мәселенің бірі жаңа технологиялардың дамуы кезеңінде болашақ ұрпақтың тәрбиесі мен білім алуында ұстаздардың атқаратын рөлі ерекше. Егемен еліміздің болашағы, оның әлемдік өркениеттегі өз орны, ең алдымен білім мен тәрбиенің бастауы – ұстаз қолында», – деп атап көрсеткен болатын Елбасы. Биылғы Жолдауында экономикамен бірге адами капиталдың сапасын арттыруға да аса мән бергені, осы орайда Жолдауда білім саласына жаңа бағдарламалар, жаңа мазмұндағы оқулықтар мен стандарттарды енгізуге тапсырыстар бергені және Елбасының, әдеттегідей, жас ұрпаққа білім беруге айрықша көңіл бөлуі қатты қуантты. Қазіргі жаһан үлкен өзгерістер мен серпілістер қарсаңында тұр. Бұл кезең адамзат баласы алдына, сарапшылар айтып жүргендей, төртінші өндірістік революция дәуірін әкеліп, оның мүмкіндіктері мен өрісінің аясын барынша кеңейте түседі. Жаңа дәуір өмірге соны әдістер мен тың технологияларды енгізу арқылы жұмыс күші нарығын түбегейлі өзгертіп, адамдардың экономикалық жағынан ұстанатын қағидаттары мен тіршілік ету дәстүрін айтарлықтай жаңғыртатын болады.

Мұның бәріне ілесіп, замана көшінің алдыңғы легінде жүру үшін қай ел, қай қоғамда болмасын, білім беру ісі ең алдыңғы қатарға шығады. Себебі айтылып отырған технологиялық және рухани жаңғырулардың ешқайсысы білімсіз өз бетінше жүзеге аспайды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы, міне, әлем алдына осындай тағдыршешті міндеттер қойылып жатқан кезде жарық көрген құнды құжат деп есептеймін. Онда Елбасы біздің еліміз дамуының барша өзекті мәселелеріне қатысты сұрақтар толық қамтылған. Қазақстанның осы тұста озық дамыған отыз елдің қатарынан табылу жөнінде алға қойған мақсатынан айнымағанын атап көрсете отырып, сол деңгейден табылу үшін атқаруға тура келетін аса маңызды 10 міндетті алға тартады. Сол міндеттердің ең негізгісі «Адами капиталдың жаңа сапасы» деген жетінші міндеті – білім беру туралы мәселе болып табылады. Бұл да тектен-тек емес. Өйткені, қалған тармақтардың бәрінің де білімсіз шешілмейтіні белгілі. Жаһанданған әлемдегі білім мен ғылым тілі – ағылшын тілі екенін ескерсек, Елбасы осы жолы да орта және кәсіптік білім беруде ағылшын тілін тереңдетіп оқытудың маңызын, біздің барлық түлектеріміз елімізде және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеретіндігін, сонда ғана нағыз азаматтық қоғам құрылатындығын, кез келген этникалық топтың өкілі кез келген жұмысты таңдай алатындығын, тіпті Президент болып сайлануға да мүмкіндігі болатындығын анық баяндап берді. Осыларды жүзеге асырушы педагог кадрлар екеніне және олардың біліктілік сапасына да ерекше мән берді. – Осы ретте мектебімізде заман талабына сай білім беруде жаңалыққа жаны құмар шығармашылықпен жұмыс істеп, оқытудың жаңа технологиясын шебер меңгерген, білігі мен білімі жоғары жетекші тұлға ретінде қалыптасып үлгерген, жақсы көрсеткіштерге жеткен ұстаздардың көбейіп келе жатқаны бір мақсатқа бағытталған жұмысымыздың нәтижесі деп есептеймін. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының оқыту ісіне техникалық тұрғыда қолдау көрсету жөніндегі тұжырымы, мұның шеңберіне цифрлық білім беру ресурстарын дамыту мен кең жолақты интернетке қосу да, оқушылардың жүктемесін азайту, білім беру мекемелерінің арасындағы бәсекелестікті арттырып, жеке капиталды тарту үшін қала мектептерінде жан басына қатысты қаржыландыруды енгізу туралы ұсыныстары да әрі қуантады, әрі алдымызда тұрған міндеттердің қаншалықты жауапты екендігін көрсетеді. Біздің ұжым Жолдауда көрсетілген міндеттерді орындауда белсенділік пен біліктілік көрсетеді деп сенемін, – деп аяқтады сөзін Қ.Илимбаев.

Жолдаудағы тағы бір назар аударатын мәселе педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау болып отыр.

Сонымен қатар, үздік мұғалімдердің, шығармашылық ізденістерін бейнесабақ арқылы ғаламторға орналастыру, сол арқылы шалғайдағы елді мекен оқушыларының, ұстаздарының үздік сабақ үлгілерімен таныстыру ауыл мен қала мектептерін жақындата түседі деген ойларын жеткізді.

Тарих пәнінің мұғалімі М. Табынбекова Жолдаудағы 9 басымдыққа арнайы тоқталды: –Бұл жолдауда Елбасы дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенген. Қазақстан индустриясы жаңа технологиялар енгізудің көшбасшысы болуы тиіс. Біздің өнеркәсіпте цифрландыру мен заманауи бизнес-модельдерді дамыту арқылы еңбек өнімділігінің деңгейін арттыру қажет. Ресурстарды пайдаланудың тиімділігін жақсарту қажет. Бұл өндірілетін өнім үлесін арттыруға, өңдеуге, сондай-ақ энергия тиімділігі мен экологиялық таза өнім алуға мүмкіндік береді. Агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру керек. Бұл ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспортын түбегейлі арттыруға тиіс. Транспорт пен логистикалық инфрақұрылымды одан ары дамыта беру. Цифрлық технологияларды енгізу мен интеллектуалды транспорт жүйесін құру жүк тасымалдау мерзімдерін қысқартуға және транзиттен түсетін табыстарды еселеуге мүмкіндік береді. Құрылыс және түрғын үй коммуналдық шаруашылыққа заманауи технологияларды пайдалану. Жаңа құрылыс әдістері ғимараттардың энергетикалық тиімділігі, интеллектуалды инфрақұрылымды басқару жүйелері қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартады,– деді.

Жолдауды талдау барысында мектеп ұстаздары С. Исаков, О. Оспантаева, Г. Бекбулатова өздерінің пікірлерін білдіріп, Жолдауды тәрбие сағаттарында да тиімді пайдаланатындықтарын, үгіт-насихат жұмыстарына жоғары сынып оқушыларын, оқушылар Парламентін белсенді түрде қатыстыру ұсыныстарын айтты.

Мектеп ұжымы Елбасының Жолдауында дамыған технологияларды меңгеру және әлемдік рынокта сұранысқа ие болудың стратегиялық жоспарын қоғамның барлық саласына талдау жасай отырып, оң қадаммен көрсеткен Елбасы жолдауының 7-ші сатысында адами капиталға назар аударғаны, педагогтардың біліктілігін арттыру жолдары көрсетіліп, жаңартылған білім бағдарламасының тиімділігі айтылғаны, жаһандық экономика саяси факторлардың қысымын сезініп отырған заманда Елбасымыздың жүргізіп отырған саясатын қолдайтындықтарын білдірді. Елбасының бұл Жолдауы – еліміздің жарқын болашағының кепілі деген ұжым мүшелерінің пікірі осындай.

Ошақбай СУХАНБЕРЛИН,

ардагер ұстаз.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button