Жаңалықтар

«Келісіп пішкен тон келте болмас»

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, «Достық үйінде» облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ 2017 жылғы есебін тыңдап, атқарылған жұмыстарға баға берді.

Экономикада өсім бар

Аймақ басшысының айтуынша, былтырғы жылдан облысымызда экономикада өсім байқалып, 4,1%-ды қамтыған.

Өнеркәсіпте қолданыстағы кәсіпорындардың қуаттылығын арттыру мен жаңаларын ашу арқылы тұрақты дамуына бағытталған шаралар әзірленіп, нәтижесінде облыс кәсіпорындары 2,3 трлн. теңгеге тауар өндірген. Бұл көрсеткіштің 80%-ы қайта өңдеу кәсіпорындарына тиесілі. Индустриаландыру картасы бойынша 8 млрд.теңгені құрайтын 8 жаңа жоба жүзеге асып, жаңадан 300 жұмыс орны құрылған. Биылғы жылы да жұмыстар жалғасын тауып, 72 млрд. теңгені құрайтын 5 жоба іске қосылады. Бір жылда облысқа тартылған инвестиция көлемі 10%-ға өсіп, 360 млрд. теңгені құраса, «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының жұмысы да қарқынды. Соңғы жылдары екі жаңа кәсіпорын ашылса, 9 жоба әзірлік үстінде. Трансұлттық компаниялар жұмысы да күшейтілген. Жәйремдегі заманауи байыту фабрикасы мен Осакаров кентіндегі жоғары сапалы әк өндіру зауытының құрылысы осының нәтижесі.

Шағын және орта бизнес қоғамның тұрақты дамуының кепілі десек, облыстағы экономикалық белсенді тұрғындардың үштен бірі осы жерде нәпақасын айырады екен. 1500 жаңа жұмыс орнының құрылуына себепкер болған 140 жаңа бизнес-жоба «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен тұсауын кескен.

Жүйе құраушы компаниялардың айналасында шағын кәсіпкерлікті құру жұмысы да назардан тыс қалмапты. Өткен жылы 80 млрд. теңгеге 1675 ынтымақтастық шарты жасалған.

Әлбетте, бизнестің өркен жаюы бизнес-ахуалға байланысты. Осы орайда, 2017 жылы кәсіпкерлерге қызмет көрсететін орталық ашылып, ШОБ өндірісінің көлемі 25,6%-ға артқан. Тексеріс көлемінің 20%-ға төмендеуінің өзі бизнеске алаңсыз жұмыстарын дөңгелетуге мүмкіндік берді. Биылғы жылы бұл көрсеткіш 30%-ға жетеді деп күтілуде.

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін мемлекеттік қолдау көлемі артып, 14,6 млрд. теңгені құраған. Бұл элиталық тұқым себілген егіс алаңын 2,2 есеге, бірінші репродукциялық тұқым егістігін 2,4 есеге ұлғайтуға мүмкіндік берген. Нәтижесінде, қолайсыз ауа райына қарамастан, бидай дақылдары гектарынан 10,9 центнерден жиналып, картоп шығымдылығын 12 пайызға арттыруға мүмкіндік туған.

100-ге жуық кооперативтер құрылып, 400 млн. теңге көлемінде жеңілдетілген кредиттер мен субсидиялар түрінде қолдау көрсетілді.

Облыста агроөнеркәсіп кешенінде жаңа өндіріс орындарын ашу жұмыстары жалғасуда. Бұл бағытта жалпы құны 22 млрд. теңгені құрайтын 22 жоба іске асырылған.

Ал, биылғы жоспар – 750 жаңа жұмыс орнын қамтамасыз ететін 35 инвестициялық жоба. Сондай-ақ, оңтүстік өңірлермен «жасыл керуен» бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Өткен жылы кезекте тұрғандарға 739 пәтер кілті табысталса, биыл бюджет есебінен 1707 пәтер беріледі. Жеке тұрғын үй құрылысын дамытумен қатар, алғаш рет жер телімдеріне коммуникация жеткізу үшін 2 млрд. теңге бөлу жоспарда бар екен. Сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жыл соңына дейін Күнгей шағын ауданында 100 үйдің құрылысы жүзеге асырылады.

Бюджет ақшасын талан-таражға түсірмеу мақсатында бақылаудың бес сатылы жүйесін енгізу арқылы 33,5 млрд. теңгеге 863 шақырым автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстары атқарылған.

Қарағанды-Жезқазған, Қарағанды-Қарқаралы тас жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл Абай-Жартас-Долинка және Ақтоғай-Балқаш тас жолдары күрделі жөндеуден өтеді. Су тасқыны салдарынан бұзылған көпірлерді қайта құрастыру жұмыстары аяқталады.

Өткен жылы басталған Солтүстік және Шығыс айналма жолының құрылысы туралы айта кетпеске болмайды. Құны 34 млрд.теңге болатын жоба болашақта барлық транзиттік көліктерді қала сыртына шығаруға мүмкіндік береді. Көптен қараусыз жатқан ауыл жолдарына да биыл ерекше көңіл бөлінеді – дейді облыс басшысы.

Қыс бойы бірнеше рет жарылып, әбігерге салған Республика даңғылы мен Чапаев көшелеріндегі жылу желілері биыл күрделі жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, облыс бойынша 150 шақырым су құбырлары мен кәріз жүйелері салынады. Айта кету керек, жылу жүйелеріне 50 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалуы қауіп-қатердің болғанына қарамастан, іркіліссіз жұмыс жасауға негіз болды.

Теміртау қаласындағы екінші жылу электр орталығында жөндеу жұмыстары да ерекше бақылауда. Жетінші қазандықтың салынуы алдағы жылдары теміртаулықтарды жылу тапшылығынан құтқарады.

Жұмыспен қамту – жүйелі

2017 жылы 60 мыңға жуық адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылып, олардың 50 мыңы жұмысқа орналасқан. Тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесін шешудің оңтайлы жолдары қарастырылған жаңа мемлекеттік бағдарлама арқылы 8 мыңға жуық адам қысқа мерзімді курстардан өтіп, 76%-ы жұмысқа орналастырылған.

Ауылдық елді мекен тұрғындарына да өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік беретін бағдарлама арқылы 830 адам кәсіпкерлікті дамытуға шағын кредиттер алып, шаруаларын бастаған екен. Бюджетте шектеу болуына байланысты өтініштердің көпшілігі қабылданбаса, енді Елбасының 5 әлеуметтік бастамасының арқасында, тұрғындар кәсіп ашуға мүмкіндік алды. Осы орайда, Кеңес мүшелерін ақпараттық-насихат жұмысына белсене араласуға шақырған Ерлан Жақанұлы «жаңа мүмкіндікті әр тұрғынға жеткізсеңіздер» деген өтінішін де айтты. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде жұмыссыздық саны 4,7 пайызға қысқарды. Шағын несиелеу тетіктері арқылы көрсеткіш төмендейді дейді аймақ басшысы.

Білім – бәсекелестік көрсеткіші

Еліміздің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын білім саласына бөлінетін бюджет облысымызда өткен жылы 12%-ға артқан екен. Бұл – 213 білім беру ұйымына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берсе, биылғы жылы бұл көрсеткіш 1 млрд. теңгеге ұлғаяды.

Қуанарлық жағдай – ауылдық жерлердегі мектеп жанындағы интернаттарға ерекше көңіл бөлінеді биыл. Үйдегідей жайлы жағдай жасау үшін 23 интернатқа күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі.

Қарағанды қаласында ІТ-құзыреттіліктегі мектептің салынуы оқушылардың жаңа технологияларды меңгеруіне жол ашпақ. Облыстың барлық негізгі мектептері робототехника кабинеттерімен жабдықталады.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында да балабақшалардағы орын мәселесі бір жолға қойылған. Бүгінгі таңда, 3 жастан 6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту – 98,5%. Ал, жыл аяғына дейін көрсеткіш 100%-ға жетеді деп күтілуде.

Жаны саудың – тәні сау

2017 жылы 31 денсаулық сақтау ұйымына жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. Сондай-ақ, ауруханалар мен емханалар 5,7 млрд. теңгеге заманауи техникамен жабдықталған.

Денсаулық сақтау саласында да инвесторлардың үлесін айтқан ләзім. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 17 жоба жүзеге асырылған. Бұл – 4 томография кабинеті, аллергологиялық, гемодиализ орталығы, офтальмологиялық орталықтар желісі, сонымен қатар, нейрооңалту орталығы.

Медициналық қызмет сапасын жетілдіру үшін жаңа технологиялар да енгізілуде. Тұрғындардың көпшілігі «ДамуМед» мобильдік қосымшасының пайдасын көріп келеді.

Жедел жәрдемнің бірыңғай диспетчерлік жүйесі құрылып, 37 реанимобиль 96%-ға дейін тұрғындарға уақытылы көмек көрсетуге мүмкіндік берді.

Кадр тапшылығы мәселесі де оң шешімін табуда. Жас мамандарды өңірлерде жұмыс жасауға ынталандыру мақсатында тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де қарастырылуда. Балқаш қаласында 18 пәтердің кілті табысталса, облыста 60 пәтер беріледі деп күтілуде.

Денсаулықтың кепілі – спортқа да облысымызда ерекше көңіл бөлінеді. Дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен бассейн қолданысқа берілсе, 50 спорттық алаң, хоккей корттары салынды.

Бірлік түбі – береке

Мен сөзімнің басында былтырғы жылы қолға алынған басты оқиғалардың бірі ретінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру басталғанын айтқан едім. Біз 400-ге жуық жобаларды әзірледік, олардың біразы қазірдің өзінде орындалды. Меценаттар мен демеушілердің көмектері арқылы маңызды әлеуметтік мәселелер шешімін тапты. Біздің осындай жомарт жүректі жерлестеріміз былтырғы жылдың ішінде 74 әлеуметтік нысанды салды және жөндеуден өткізді, – деді Ерлан Қошанов.

Өткен жылғы атқарылған жұмыстарға оң бағасын берген кеңес мүшелеріне биыл да атқарылар жұмыстардың ауқымды екенін айтты аймақ башысы. Қазақстандықтардың мүддесін көтеретін Елбасының бес әлеуметтік бастамасы – еліміз үшін теңдессіз әлеуметтік бағдарлама екені анық. Ал, қарағандылықтар осы бағдарлама аясында тұрғын үй, білімнің лайықты шарты, оңтайлы салық саясаты, бизнес бастамаларға қолдау табады.

Ал, магистральды газ құбырының құрылысы – экономикалық, әлеуметтік және экологиялық зор ықпал етпек. Облысымыздағы ірі қалалармен қатар, 120 ауылдық елді мекен арқылы өтетін газ құбыры өнеркәсіптің дамуына жаңа қарқын берері сөзсіз.

Салтанат ИЛЬЯШОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button