Келесі қарсылас – «Қызыл-Жар СК»
«Шахтер» биылғы маусымдағы алғашқы «үйдегі» ойынын Астанада өткізді. Жексенбі күні «Астана – Аренада» талдықорғандық «Жетісуды» қабылдады. 1:1.
Есеп бірінші таймның соңында ашылды. Төреші белгілеген қосымша уақытта Сергей Шафф «Жетісу» қақпасына доп тоғытты. 1:0.
Үзілістен кейінгі ойын алмакезек шабуылдармен өрбіді. Қос тарап та гол соғу мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алды. Дегенмен, 81-ші минутта «жетісулық» Олег Хромцов баспен ұрып гол салып, көздегеніне жетті. 1:1.
Сөйтіп, қарсыластар бір-бір ұпайдан еншіледі..
Топ басында – «Астана» (Астана) мен «Ордабасы» (Шымкент). Әрқайсында – 9 ұпайдан. Алматылық «Қайратта» – 7 ұпай.
«Ертіс» (Кереку) пен «Тобыл» (Қостанай) – 6 ұпайдан олжаласа, «Шахтер», «Ақтөбе» (Ақтөбе) және «Ақжайық» (Орал) 4 ұпайдан жинады. «Қайсар» (Қызылорда) мен «Жетісудың» әрқайсында – бір ұпай. Қызылжарлық «Қызыл-Жар СК» мен «Атырауда», әзірге, ұпай жоқ.
«Шахтердің» келесі турдағы қарсыласы – «Қызыл-Жар СК». Ойын 7 сәуірде өтеді. Бір айтып өтері, Қазақстан Кубогінің 1/8 финалында да жерлестеріміз осы клубпен ойнайды. Бұл матч 18 сәуірге белгіленуде.
Соңғы рет қос клуб тоғыз жыл бұрын кездесіпті. Қарағандылықтар 2009 жылдың қыркүйегінде Қарағандыда өткен матчта 2:1 есебімен жеңіске жеткен.
Нұрқанат ҚАНАФИН