Жаңаарқа

Келешектің күре тамыры

1989 жыл. Арқа атырабында «Атасу» бас мұнай айдау станциясы пайдалануға берілді. «Омбы-ПавлодарШымкент» бағытындағы магистральдық мұнай құбыры бойына қан жүгірді. Бұл – сөз жоқ, ел ырысын еселейтін тың жоба болып табылды. 2000 жылы Атасу станциясында қазынамызды еселеген қара алтынды Қытай мемлекетіне теміржол арқылы жөнелту үшін мұнай құю эстакадасының құрылысы тиянақталды. Аталған жобаның қуаты – жылына 1 млн. тонна мұнай жөнелту. Ал, 2006 жылы «Атасу-Алашанькоу» мұнай құбыры іске қосылып, еліміздің мұнай экспортының көлемін арттыруға тың серпін берген «ғасыр жобасы» деуге тұрарлық келешектің күретамыры жанданды. Міне, сонау 1989 жылы басталып, кезең-кезеңімен жаңғыртылып отырған ауқымды жоба отыз жылдық мерейтой табалдырығында тұр

Арқадағы алып жоба

«Атасу» бас мұнай айдау станциясы – мұнай тасымалдаушы халықаралық желінің жүрегі. Ауқымды транзиттік әлеуетке ие «Атасу» станциясына теріскейден Сібірдің мұнайы Павлодар арқылы және Батыстан Құмкөл мұнайы құбыр арқылы жеткізіліп, Қытайға жөнелтіледі. Яғни, Қытайды Ресей, Қазақстан мұнайымен қамтамасыз етіп отырған желі десек те болады. Станция – 100 мың текше метрге (20 мың текше метрлік 5 резервуар) мұнай жинауға қауқарлы. 2000 жылдардың басынан бері ауқымы кеңейтіліп, желісі жаңғыртылып отырды. Нәтижесінде, жалпы ұзындығы 960 шақырымнан астам құбыр арқылы жылына 10-11 млн. тонна мұнай тасымалданады. Болашақта бұл көлемді 20 млн. тоннаға жеткізу жоспарланып отырғанын айтады Қарағанды мұнай басқармасының басшылары.

«Атасу» бас мұнай айдау станциясы іске қосылғаннан бері берекелі істің басы-қасында жүрген маманның бірі – Амангелді Үрпеков. Қазіргі лауазымы – Қарағанды мұнай басқармасының бас инженері.

– Осы станция құрылысы басталғанда әуелі мұнай құю эстакадасының құрылысына шақырылдым. Міне, содан бергі тағдырым – осы мұнай станциясының тыныс-тіршілігімен тамырлас. Мұнай басқармасының бірнеше құрылымында басшылықта болдым. «Атасу» бас мұнай айдау станциясының дамуы, жаңарып, жаңғыруы бәрі көз алдымда.

Қазір станцияда 97 адам жұмыс істейді. Барлығы – жергілікті тұрғындар. Инженерлік құрам да, барлық жұмыскер құрамы да – қайта даярлау курстарынан өтіп, мұнай тасымалдау саласына маманданғандар. Компания басшылығы әр жұмыскердің әлеуметтік тұрмысын, олардың заман талабына сай білімін жетілдіріп отыруын назардан тыс қалдырған емес, – дейді бас инженер Амангелді Ауғамбайұлы.

Станция жұмыскерлерінің біліктілігі күнделікті жұмыс барысында ғана емес, «ҚазТрансОйл» АҚ ұйымдастырған және басқа да халықаралық байқауларда лайықты бағасын алып жүр. Станция операторы Шұға Самат пен желілік құбыршы Әсет Тілегеновтің есімін әріптестері ерекше құрметпен атайды. Осы екі азамат компания ұйымдастырған «Үздік маман» байқауында топ жарып, Ресейдің Омбы қаласында өткен халықаралық байқауда жүлделі екінші орынды иеленді. Еуропа мен Шығыс Азияның жеті мемлекетінің мұнайшылары қатысқан байқауда дәл мұндай нәтиже көрсетудің үлкен жеңіс екені айтпаса да түсінікті.

Жалпы, станция қуаты артып келеді.Мәселен, 2006-2019 жылдар аралығында 126 млн. тоннадан астам мұнайдың кедергісіз экспортталуы осы «Атасу» бас мұнай айдау станциясы арқылы жүзеге асты.

Мерекелік жарияланым әзірлеу кезінде станция басшысы Есентай Рахманқұловпен тілдесудің сәті әрең түсті. Қалта телефоны – «қызмет көрсету аясынан тыс жерде». Кеңсеге қоңырау шалған едік, Есентай Сахытұлы құбыр жағалап кеткенін білдік. Немесе резервуар басында жүр. Яғни, басшы – нағыз қызмет көрсету аясында екен. Жанға жайлы кабинетте отырмай, үнемі іс басында жүретін басшы екенін аңғардық.

– Станция үздіксіз жұмыс істеп тұр. Сондықтан, апатты жағдай орын алмауын жіті қадағалаймыз. Химиялық зертханада мұнай құрамына талдау жасалуын да қатаң бақылауда ұстауымыз керек. Оның сыртында, Атасу кентінің әлеуметтік жобаларына үлесімізді қосамыз. Елбасы тапсырмасына орай, компания басшылығы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін басты назарда ұстайды. Осы уақытқа дейін Жаңаарқа ауданының орталығында бірнеше әлеуметтік жобалар жүзеге асырылды, – дейді станция басшысы Есентай Сахытұлы күнқақты жүзін алақанымен көлегейлеп. Есентай Рахманқұлов бұл станцияда 2002 жылдан бері қызмет атқарады. Әуелі мұнай құю эстакадасында оператор болып бастаған. Одан кейін мұнай төгу-құю процесін бақылаушы, ауысым бастығы деген секілді баспалдақтарды бағындырды. Яғни, мұндағы жұмыстың бүге-шігесін, қыр-сырын жетік меңгерген маман.

Әлеуметтік сала назарда

 Станция басшысы Есентай Сахытұлы айтқандай-ақ, «ҚазТрансОйл» АҚ-ның шапағатын көріп отырған елдің бірі – Жаңаарқа ауданы. Компания басшылығының «АтымтайЖомарт» пейілі жарылқап тұр ауданды. Өзге шағын демеушіліктерін айтпағанның өзінде аудан орталығына «ҚазТрансОйл» тарту еткен 170 орындық «Ақ Ерке» балабақшасы мен заманауи үлгідегі спорт-сауықтыру кешенінің өзі неге тұрады?!

Балаларға арналған жүзу бассейні, озық үлгідегі ойын алаңы бар «Ақ Ерке» балабақшасы коммуналдық меншікке тапсырылған. Алайда, бұл балабақша аудандық оқу бөлімінің меншігі екен деп, сырт айналған жоқ. Компания басшыларының ұйғарымымен аула абаттандырылып, бұл төңіректе өсіп көрмеген жасыл желектің небір түрі егілді. «Атасу» бас мұнай айдау станциясының басшылығы күні бүгінге дейін қамқорлық танытып келеді.

Гүлнар ӘБЕНОВА, «Ақ Ерке» балабақшасының директоры:

– Мен тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған республикалық деңгейдегі семинарларға жиі қатысып жүрмін. Ол жерде озық тәжірибе, бірегей жоба насихатталады ғой, әлбетте. Жаңадан салынған бала бақшалардың ғимараттарын көрсетіп, ерекшеліктерін таныстырып жатады. Жасыратыны жоқ, мені ешқайсысы таң қалдырып, қызықтырып көрген емес. Өйткені, «ҚазТрансОйл» компаниясы тарту еткен «Ақ Ерке» балабақшасының бұл төңіректе аналогы жоқ деп айтуға болады. Мұнай тасымалдаушы компания басшыларына аудан халқы – дән риза. Сондай-ақ, бізде тек мұнай станциясында істейтін ата-ананың баласы қабылдансын деген ұғым жоқ. Компания халыққа арнап салып берді, барша аудан тұрғындары – баласын осы бақшаға беруге құқылы. Әрине, заңды кезекпен. Қазір аудан орталығындағы балабақшалардың ішінде кезегі ең көп бақша – «Ақ Ерке». Барлығы баласын біздің бақшаға бергісі келеді.

Айдар БЕКОВ, Атасу кентінің тұрғыны:

– Менің немерелерім «Ақ Ерке» бақшасына барып жүр. Үлкен қалаларда тұратын балаларымның өзі «Бізде мұндай балабақша жоқ» деп, бізге қызығады. Аудан халқына осындай тарту жасап, балаларды шексіз қуанышқа кенелткен «ҚазТрансОйл» компаниясына және «Атасу» бас мұнай айдау станциясы басшыларына шексіз ризамыз. «Үлкеннің мыңына бергенше, баланың біріне бер» деген ғой атам қазақ. Еліміздің болашағы – осы балалар. Сондықтан, олардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына жағдай жасауды парыз санаған кәсіпорын ғана қоғамның көсегесін көгертеді.

Түйін

Қарағанды мұнай құбыры басқармасының құрылымдық бөлімшесі болып табылатын «Атасу» бас мұнай айдау станциясының пайдалануға берілгеніне биыл 30 жыл толады. Осы жылдар ішінде жаңа технологиялармен қаруланған станция стратегиялық міндеттерін жоғары деңгейде орындай берері сөзсіз және оған сенім де зор. Қара алтынның игілігін көріп, қарапайым халықтың ықыласына бөленген «Атасу» бас мұнай айдау станциясы – кемел келешектің күретамыры!

 

Ерсін Мұсабек,

“Ortalyq Qazaqstan”

Басқа материалдар

Back to top button